«Бұл жыл бізге айрықша маңызды болды. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында облысқа 615 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 32,8 пайызға өсті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,4 триллион теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімдері 480,6 миллиард теңгеге жетіп, 1,9 пайызға өсті. Сонымен қатар жалпы көлемі 777,1 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, құрылыс жұмыстарының құны 243,8 миллиард теңгеге тең болды. Жыл басынан бері 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың маңызды көрсеткіші. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз, бірлесе отырып бұдан да үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Салтанатты іс-шарада облыстың дамуына үлес қосқан 30-дан астам азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында түрлі сала өкілдері бар.
Мереке аясында ашылған нысандар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған. Атап айтар болсақ, Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында көптен күткен 150 орындық заманауи спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Бұл оқиға – жергілікті инфрақұрылымды дамытудағы елеулі қадам, ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына, денсаулығын нығайтуға жаңа мүмкіндік ашады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Себебі Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады», – деп атап өтті. Біздің міндетіміз – өскелең ұрпақтың, әсіресе ауыл жастарының бойындағы күш-қуатын дұрыс бағыттау, спортпен шұғылдануға тиісті жағдай жасау. Жаңа спорт кешенінде халқымызды әлемге танытар атақты чемпиондар шығуына тілектеспін. Бұл ғимарат саналы ұрпақ тәрбиелеп, саламатты ұлт қалыптастыратын орталыққа айналатыны сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің көк туын биікте ұстар ұландарымыз көп болсын», – деді іс-шараға қатысқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.
Спорт кешені Алматы облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен салынды, ал бас мердігер – «СМУ Шығыс» ЖШС. Кешеннің құрылысы былтырғы жылы басталып, бір жарым жыл ішінде спорттық шараларды ұйымдастыруға қойылатын барлық талапқа сай заманауи нысанға айналды. Спорт кешенінің жалпы ауданы 1538,6 шаршы метр, оның ішінде бокс, күрес, волейбол, баскетбол, футбол, гандбол залдары бар. Құрылыстың жалпы құны – 907, 2 млн теңге.
Республика күні мерекесі қарсаңында Балқаш ауданының Ақдала ауылдық округінде күніне 30 адам қабылдайтын фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу салтанаты өтті. ФАП құрылысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде жүзеге асты. Жер телімі – 0,3000 га. Сметалық құны 210 239,49 мың теңгені құрайды. Мердігер – «ГрадСтройСервис» ЖШС.
Іс-шараға қатысқан Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов тұрғындарды мерейлі мерекемен құттықтап, жаңа ғимарат ел игілігіне қызмет етсін деп тіледі.
Халық тығыз шоғырланған Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінде әлеуметтік осал топтар санаты бойынша сатып алу құқығынсыз жыл басынан бері 30 үйдің кілті табыс етілген болса, мереке қарсаңында олардың қатары баспанаға мұқтаж 10 отбасымен толықты. Жаңа пәтердің кілтін алған отбасы мүшелері ұлан-асыр қуанышқа кенелді.
Мегаполиспен іргелес Іле, Талғар аудандарында, Алатау қаласында блокті-модульдік қазандықтар (БМҚ) іске қосылып, көпқабатты тұрғын үй иелерінің көптен күткен қуанышын еселеді. Жаңа заманауи технологиялармен жабдықталған қазандықтар экологиялық таза әрі экономикалық жағынан тиімді жылу алуды қамтамасыз етеді. Тұрғындардың үйлерінде жылудың жайлылығы мен қауіпсіздігі орнайды, бұл әсіресе аязды күндерде маңызды. Жаңа қазандықтардың іске қосылуы, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта автоматтандырылған жүйелер мен заманауи технологиялар қызмет көрсету мерзімін ұзартуға, жөндеу жұмыстарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Соның бірі Іле ауданы Боралдай кентіндегі «Алмат» қазандығы жаңа кезеңнің бастауы болды. Мереке қарсаңында қазандықтың барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, желілерді сынау, іске қосу-жөндеу үдерістері сәтті жүзеге асырылды. Сынақ кезінде қазандықтың қуаттылығы, жылу бөлу тиімділігі мен қауіпсіздігі тексерілді. Нәтижесінде, барлығы жоспарға сай орындалып, тұрғындарға сенімділік сыйлады.
Мереке күні Кеңдала ауылында құны 234,5 миллион теңге болатын БМҚ іске қосылды, ол бүгінде қалыпты жұмыс істеп тұр. Ал Алатау қаласындағы «Офицерлер үйі» қазандығы 13 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етіп отыр.
Қазіргі таңда Талғар ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Алтындән ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету мақсатында газбен жұмыс істейтін БМҚ құрылысы жалғасып жатыр. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға орындалып, жобаның жалпы құны 106,6 миллион теңгені құрайды. Жоба қараша айының басында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Бұл бастамалар тұрғындарды жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өмір сүру сапасының артуына ықпал етеді. Облыс тұрғындары алдағы қыс айларында жылумен қалыпты түрде қамтамасыз етілетін болады.
Алматы облысы