Шарайна
Ресей үкіметі дағдарысқа қарсы жоспарын ұсынды. Құжат кеше Ресей үкіметінің сайтында жарияланды. Жоспар, атап айтқанда, шығындардың көпшілігін 10 пайызға қысқартуды көздейді.
Қорғанысқа, ауыл шаруашылығын қолдау мен Ресейдің халықаралық міндеттемелерін орындауына байланысты жоспарланған шығындар ғана өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ, барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалатын болады. Жаңа жобалардың біршамасын жүзеге асыру кейінге шегеріліп отыр. Мемлекеттік билік органдарын қамтамасыз етуге арналған шығындар да қысқарады. Тұтастай алғанда, үш жыл бедерінде бюджет шығындарын әр жыл сайын 5 пайызға кесіп отыру жоспарланған.
Ливия қонақүйіндегі қантөгіс
Ливияның астанасы – Триполи қаласындағы бес жұлдызды Corinthia қонақүйіне баса-көктеп кірген қарулы бес адам үш күзетшіні өлтіріп, кепілдікке адамдар алған. Кепілдікке қанша адамның алынғаны нақтыланбайды.
Бұған қоса, мейманхана аялдамасына қойылған көлік жарып жіберілген. Көлік жарылысынан, алдын ала есеп бойынша, 11 адам қаза тапқан. Олардың арасында италиялық, түркиялық және британиялық азаматтар бар екен. Лаңкестер 24-ші қабатқа көтерілгеннен кейін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қыспағында қалған. Енді құтыла алмастарын білген олар өз-өздерін жарып жіберуге шешім қабылдаған. Ал кепілдікке алынғандардың арасында көз жұмғандар бар-жоғы әзірше белгісіз.
Отыз адамды ұрлап кетті
Террористік «Ислам мемлекеті» делінетіннің қарулы жасағы Ирактың Мосул қаласынан 30 адамды ұрлап кетті. Олар адамдарды пешмергер күштерімен ауыз жаластыңдар деп айыптап, белгісіз жаққа алып қашқан.
Оқиға лаңкестер қалада жүргізетін рейдтердің бірінде орын алған. Ал Мосул қаласы «Ислам мемлекетінің» көшбасшысы, өзін Ибрагим деген атпен «халиф» деп жариялаған Әбу Бәкір әл-Бағдадидің бұйрығымен «ИМ»-нің астанасы деп аталған болатын. Осы жерде айта кететін бір жайт, 26 қаңтарда Ирак әскерилері «Ислам мемлекетінің» жасақтарынан Диялак провинциясын азат еткен болатын. Бұған дейін күрд күштерінің исламшылардан Сирияның солтүстігіндегі Кобани қаласын толық босатқаны хабарланған еді.
Грекияда жаңа үкімет жасақталды
Кеше Грекияның президенттік сарайында мемлекет басшысы Каролос Папульястың қатысуымен елдің жаңа министрлер кабинеті ант қабылдады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағанындай, СИРИЗА партиясынан өкілеттік ететін барлық дерлік министр рәсімге галстуксіз келіпті.
Олар жақында Грекия конституциясын сақтауға ант берген премьер-министр Алексис Ципрастың қылығын қайталаса керек. Бұған дейін Ципрас үкіметті бар-жоғы 10 министрден жасақтаған болатын. Шешуші лауазымдардың бірі – үкімет басшысының орынбасары орынтағы депутат-экономист Яннис Драгасакиске тиген. Ол Еуропадағы қаржы институттарына қатысты қатаң ұстаным танытуымен танымал. Енді Драгасакис Еурокомиссия, Еуропа Орталық банкі, Халықаралық валюта қоры секілді кредиторлардың «үштігімен» келіссөз жүргізетін болады.
Қар әкелген шығын – 500 млн. доллар
АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы кейбір штаттар қалың қардың астында қалды. Мәселен, елдегі аса ірі мегаполис – Нью-Йорк бизнесі көлік жұмысы шектелуі салдарынан 200 миллион доллар зардап шекті.
Қалың түскен қардан қоғамдық көлік жүрісі тоқтап қалуы салдарынан Нью-Йорктің көптеген тұрғындары дүкендерге, мейрамханаларға, кинотеатрлар мен музейлерге барудан бас тартуға мәжбүр болған. Осылайша қаладағы кәсіпкерлердің қалтасы бос қалған. Өз кезегінде, сарапшылар АҚШ-тың қалың қардан зардап шеккен солтүстік-шығысындағы штаттарына келген жалпы шығын 500 миллион доллар деп отыр. Ауа райының қолайсыздығынан мыңдаған авиарейстер кейінге шегерілсе, жолдар мен туннельдер, көпірлер жабылған.
Сатурнның алып сыңары табылды
Нидерланд пен АҚШ-тың астрономдары жас та алып J1407 экзопланетасын тапты. Бір атап көрсетерлігі сол, оның сақинасы Сатурн сақинасынан шамамен 200 есе үлкен екен. Нақтылай түссек, J1407 сақинасының диаметрі 120 миллион шақырымға жететін көрінеді.
Жаңа табылған планета сақинасының маңайында көптеген серіктер шоғырланғаны байқалған. Олардың арасында көлемі жағынан Жер немесе Марсқа тең келетіндері де көп көрінеді. Ал сақинаның құрамы тастар мен шаң-тозаңдардан және астероидтардан тұратыны анықталыпты. J1407-нің Жерден қашықтығы шамамен 417 жарық жылына тең делініп отыр. Ғалымдардың бағамдауынша, салмағы 40 Юпитердің салмағынан асатын көрінеді.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Бұған дейін хабарланғанындай, бұрнағы күні Испанияның аумағындағы НАТО-ның әскери авиабазасында Грекия әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Әзірше апат себебін тексеру мүмкін болмай отыр. Өйткені, алдымен ұшақтан қалған улы отынды тазалап алу қажет көрінеді. Ал апат салдарынан 2 грекиялық ұшқыш пен 11 (біреуі кейін) франциялық ұшқыш қаза тапқан еді.
27 қаңтарда Холокост құрбандықтарын еске алу күні атап өтілді. Осыдан 70 жыл бұрын кеңес әскерлері нацистердің ең үрейлі лагерьлерінің бірі – Освенцимді азат еткен болатын. Аталған лагерьде 4 жыл ішінде 1,4 миллион адам өлім құштырылса, олардың арасында еврейлер, орыстар, поляктар, француздар және басқа да халықтардың өкілдері бар. Бұрнағы күні Освенцимге тірі қалған 7,5 мың адамның бүгінге дейін жеткен 300-і келіп, тағзым етті.
* Ресей мемлекеттік думасының депутаттары төменгі палата асханасындағы бағаның өсіп кеткеніне алаңдаушылықтарын білдірді. Атап айтқанда, РЛДП фракциясының мүшесі Сергей Иванов әріптестерін таңертеңгілік ас пен түскі ас бағасын сараптамадан өткізуге шақырды. Бір тостаған ботқаның бағасы 2 есе қымбаттап кеткені парламентарийдің ашуын келтірсе керек.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.