Кәсіпкер • 29 Қазан, 2024

Кәсіпкерлерге серпін берген жоба

98 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі елордалықтарға ұлттық өнім­нің сан түрін ұсынды. Жоба шағын және микробизнесті, жергілікті шикі­зат­тан өнім өндірумен айналысатын ауыл тұрғындарын қолдауға бағыт­талған. Көрмеге 2023–2024 жылдарға арналған жобаның финалистері қа­тыс­ты.

Кәсіпкерлерге серпін берген жоба

«Атамекен» ҰКП, Ұлттық экономика министрлігі мен Жапонияның JICA агенттігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаның тағы бір мақсаты – жергілікті ресурстардан өңірлік өнімді анықтау мен дамыту. Сондай-ақ ауылдағы өндіріс технологияларын жетілдіруге, өнімді сыртқы-ішкі нарықтарға жылжытуға жәрдемдесуді көздейді. Мұндай жобаны өткен ғасырдың 70-жылдарында Ойта префектурасы губернаторы Морихико Хирамацу бастаған. Ол табиғи ресурс­тарды пайдалану арқылы ауылды экономикалық құлдыраудан шығару жолдарын ұсынған.

44 тауар өндіруші органикалық азық-түліктен бастап инно­ва­циялық ауыл шаруашылығы өнімдеріне дейін көрмеге қойды.

«Бұл іс-шара ауылдағы дарындарды қолдап, ұлттық инновацияларды ке­­ңі­­нен пайдаланып, ел игілігі үшін кәде­ге жаратуға мүмкіндік тудырады. Оған қоса, жергілікті кәсіпті дамытып, ай­мақ экономикасының өрістеуіне сеп­тігін тигізеді», дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков.

Жыл басынан бері еліміздің 19 аймағында 800-ге жуық өндіруші жобаға қатысты. Олардың қатарында ағаш өңдеу өнеркәсібі, түйе сүті, жент, қымыз, бал өнімдері, шөптер мен жаңғақ сияқты жер­гілікті шикізатты пайдаланатын та­мақ өнеркәсібі бар.

ап

«Қарағандының тумасымын. Қой жүнінен түрлі қолөнер өнімін жасаумен 12 жасымнан бері шұғылданамын. Әуелі жақсы жүнді таңдап алып, оны жуып, тазалап, бояймыз. Бұл істе анам мен әкем көмекші. Дайын болған шикізаттан көңілім тартқан бұйымның бәрін дерлік жасауға болады. Аяқкиім, киім-кешек, картина, текемет, кілемшелердің бәрі өз қолыман шыққан», дейді Қарағанды технология және сервис колледжінің модельер-пішуші мамандығында оқып жүрген 17 жастағы кәсіпкер Гүлбақыт Құттыбаева.

Дамыс Болатхан 5 жылдан астам уақыт бойы таза былғарыдан сөмке тігеді. Жобаға қатысып, жабдық сатып алуға қаражат тапты.

«Кәсіпкерлікті қолдау бағдар­ла­ма­лары мен бизнесті қалай жүргізу керектігін, оған қоса есеп беру туралы мүлде бейхабар едім. Қазір түрлі көрмеге қатысып тұра­мын. Астанада дүкен аштым. Ақы­рындап дамып жатырмыз», дейді Дамыс.

Саян Ахметжан Абай облысы спортшылары арасында танымал болып келе жатқан «Аstal» коктейлін шығарады. Ол талқаннан (қуырылған арпа не бидайдан жасалған) өндіріледі.

«Біз «Бір ауыл – бір өнім» арқылы кәсіп­керлер палатасымен тығыз жұмыс істеп жүрміз. Бастапқыда бізге бизнесті құруға және маркетинг бойынша көмек көрсетті. Өнімді қазір Абай облысының барлық өңірінен сатып алуға болады. Жақын күнде республикалық деңгейге шығуға үмітіміз бар», деді.

2023 жылы «Атамекен» ҰКП еліміздің барлық өңірінде осы жобаны ауқымды іске асырды. Нәтижесінде, 519 өндірушінің қатысуымен 20 өңірлік көрме өткізілді. Олардың арасынан 60 финалист іріктелді. Финалға шыққан 60 үміткердің 34-і азық-түлік өнімін шығарса, 17-сі ұлттық өніммен, 9-ы биоөніммен айналысады. Былтырғы финалистер 196 өнім түрін шығарады.

Былтыр шағын кәсіпте 107-ге жуық жұмыс орны құрылды. Он әйелдің кәсіп ашуына мүмкіндік берді. Брендтік өнімдерге арналған 60 жоба әзірленді.