Қоғам • 29 Қазан, 2024

Грант иегерлері анықталды

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында облыстағы кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы дәстүрлі жоба – «Бір ауыл – бір өнім» жеңімпаздары анықталды. Көрме мен өңірлік бренд-комитетінің отырысында Мақсат Көшебаев, Гүлмира Айғожина, Раушан Мұқажанова, Айдар Елубаев сияқты жеке кәсіпкерлер Абай облысы кәсіпкерлер палатасының шешімімен 2024 жылдың грант иегерлері атанды.

Грант иегерлері анықталды

Жұмыс тобының шешімімен 21 қатысушының арасынан жартылай финалға 10 үміткер іріктелген. Олардың жобасы өңірлік бренд-комитет кеңесінде қаралып, 4 үздік жоба республикалық және халықаралық көрмелерге жолдама алды. Олар жобаның ережесіне сәйкес бизнесті бастау мен дамытуға 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге электрондық коммерцияны оқыту, өздері шығаратын өнімнің тұсаукесерін ұйымдастыру, мамандар тарапынан бизнесті өркендету жөнінде ұсыныстар беріліп, толық маркетингтік қолдауға қол жеткізді.

«Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәр­меңкесі – облыстық кәсіпкерлер палата­сының JICA халықаралық ынты­мақ­тастық жөніндегі жапон агенттігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жоба­лардың бірі. Жапон елінің білікті ма­мандары аталған жобаның дамуы­на жан-жақты үлес қосып, тамақ рецеп­терін ұсыну мен маркетинг жүргізуде қолғабыс етіп отыр. Бастапқы сатыда екеніміз белгілі, бірақ басқа елдер тәжірибесіне қарайтын болсақ, жоба­ның әлеуеті зор», дейді Абай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Әнуарбекұлы.

Мемлекеттік грант иегері атан­ған төрттіктің бірі – ағаштан жасал­ған бұйымдары туристердің қызығу­шы­лығын тудырған, семейлік шебер Айдар Елубаев. Білікті ұста мектепте «Еңбек» пәнінен сабақ беріп, ұлттық музыкалық аспаптарды, ескі көліктерді, ерекше кәдесыйларды жасайды. Отыз жылға тарта қолөнермен айналысқан ол алғашында бұл істің жай ғана қызығушылық болғанын, сұ­ра­ныс көбейген соң, өз қолынан жа­сал­­ған бұйымдарды саудаға шығара бас­­та­ғанын айтады. Әртүрлі кәдесый дү­кендері мен Мәскеу қаласынан түскен ком­мерциялық ұсыныс кәсіпке мойын бұр­ғызып, бизнеске біржола келген.

Жоба финалына шыққан жеке кәсіпкердің бірі – Раушан Мұратханқызы. «Адал Ас» атымен танылған оның кәсіпорны 15 жылдан бері 100-ден астам өнім түрін шығарып келеді. Жобаның тағы бір жеңімпазы, көрме тамашалау­шыларды таңғалдырған өнім авторы – Мақсат Көшебаев. Малдың тезегі мен көңінен көмір және өңделген мал азығын жасайтын жеке кәсіпкер Абай облысы Ақсуат ауданындағы Екпінді ауылында экологиялық отынның жаңа түрін ойлап тапқан. Арнайы станок ойлап та­уып, биыл жобаға екінші мәрте қатысып отыр. Экологияны таза ұстау мен тазарту мақсатында жаңа бастамаға кіріскен оның ойы мақұлданып, грант иеленді.

Жаңа бастамалар мен жобаларға баға берушілердің назарын аударып, мемлекеттік қолдауға ие болған жеке кәсіпкердің бірі – Гүлмира Айғожина. Киіз бұйымдарын өңдеуді меңгерген маман иесі бренд-комитеттің жоғары бағасына ие болған. Ол ұлттық нақыш­тағы кілем мен баскиім, басқа да табиғи бұйымдар жасайды. Балалар үйінде қосымша білім беретін Гүлмира өз ісін үйретіп, талапты жандарға табыс табуға да көмектесіп жүр.

Шалғайдағы кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, олардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында қолға алынған жоба алдағы уақытта да мемлекеттік гранттар ұсынып, ел экономикасын жақсартуға үлес қосады деген үміт басым.

 

Абай облысы