Жүзге жуық елдің тыныштығы бұзылған
Жуырда Institute for Economics & Peace (IEP) халықаралық сараптама орталығы жаһандық бейбітшілік индексінің (GPI) 18-басылымын жарыққа шығарды. Оның қорытындысын қарасақ, 97 елдің тыныштығы бұзылған. Әсіресе Газа мен Украинадағы соғыс жаһандық бейбітшілік деңгейінің төмендеуіне негізгі себеп болып отыр. Мәселен, 2023 жылы шайқаста қаза тапқандар саны 162 мыңға жеткен. Бүгінде 92 ел өз шекарасынан тыс қақтығысқа қатысуға мәжбүр. Былтыр зорлық-зомбылықтың жаһандық экономикалық салдары 19,1 трлн долларға дейін өскен, бұл әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызын құрайды. Қақтығыстар үкіметтер мен кәсіпорындарға айтарлықтай қауіп төндіреді. Қазір 108 ел бес қаруын сайлап отыр. 110 миллион адам зорлық-зомбылық қақтығысына байланысты босқын атанған. Осы уақытта 16 елде жарты миллионнан аса босқын жүр. Солтүстік Америкада зорлық-зомбылық көбейген.
Аталған басылымның мәліметіне сүйенсек, кішігірім сойқан болашақта ірі қақтығысқа айналуы әбден мүмкін. Мысалы, 2019 жылы Эфиопия, Украина, Газа секторы кішігірім қақтығыс қатарына жатқызылған. Әлемдегі қырғи-қабақ ошағындағы 162 мың өлім-жітімнің төрттен үш бөлігі Украина мен Газа секторына тиесілі. Олардың жартысынан көбі – Украинаның үлесінде, онда қақтығыс салдарынан 83 мың адам қаза болған. Ал 2024 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша Палестинада 33 мың адам өлімі тіркелген. Жалпы, осы жылдың алғашқы төрт айында дүниежүзінде қақтығыс салдарынан 47 мың адам ажал құшқан. Institute for Economics & Peace сарапшыларының айтуынша, егер дәл осындай қарқын осы жылдың соңына дейін сақталса, бұл 1994 жылы Руандадағы геноцидтен кейінгі қақтығыстан қаза тапқандардың ең көп саны болмақ.
Зорлық-зомбылықтың жаһандық экономикалық әсері 2023 жылы 19,1 трлн долларды немесе бір адамға 2 380 долларды құраған. Қақтығыс нәтижесінде ІЖӨ шығыны 20 пайызға артқан. Ал бейбітшілікті сақтауға бөлінген шығын жалпы 49,6 млрд долларды құраған, бұл жалпы әскери шығыннан 0,6 пайызға төмен.
Әлемдегі ең бейбіт ел
Исландия 2008 жылдан бері әлемдегі ең бейбітсүйгіш ел атанып отыр. Одан кейін Ирландия, Аустрия, Жаңа Зеландия, Сингапур көшбасшылар бестігіне енді. Ал Йемен әлемдегі ең мазасыз елдер рейтингінде Ауғанстанды алмастырды. Бұдан соң Судан, Оңтүстік Судан, Ауғанстан, Украина тұр. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка ең мазасыз аймақ болып қала береді. Мұнда тынышы қашқан әлемдегі он елдің төртеуі, сондай-ақ Судан мен Йемен орналасқан. Десе де, БАӘ аймақтағы бейбітшілік деңгейі жоғары ел болып тұр. Жалпы, кейінгі 18 жылда бейбітшілікке нұқсан келгенімен, 112 елде кісі өлтіру деңгейі төмендеген, 96 елде қылмыс азайған.
– Кейінгі он жылда бейбітшілік деңгейі төмендеді. Біз қақтығыстың рекордтық санына, милитаризацияның өсуіне, халықаралық стратегиялық бәсекелестіктің шиеленісуіне куә болып отырмыз. Қақтығыс әлемдік экономикаға теріс әсер етіп, бизнес тәуекелдері бұрынғыдан да күшейді. Бұл әлемдік экономиканы әлсіретеді. Сондықтан барлық елдің үкіметтері мен кәсіпорындары кішігірім қақтығысты шешуге күш салуы керек. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл болды. Қазіргі орын алған дағдарысты шешуге әлемдік көшбасшылар инвестиция салудың жолдарын қарастырғаны дұрыс, – дейді Institute for Economics & Peace халықаралық сараптама орталығының негізін қалаған атқарушы төрағасы Стив Киллели.
Еуропа ең бейбіт аймақ болып қала береді, бірақ биыл олардың әскери шығыны өзге жылдармен салыстырғанда едәуір өскен. АҚШ пен Канадада да зорлық-зомбылық қылмысының көрсеткішіне байланысты бейбіт жағдай нашарлаған. Азия-Тынық мұхиты аймағы бейбітшілік деңгейінің аздап төмендеуімен екінші тыныш аймақ болып қала береді. Папуа-Жаңа Гвинеяда аумақ пен жер иелену туралы дауларға байланысты тайпалық зорлық-зомбылық күшейген, осыған орай мұнда да халықтан маза кеткен. Орталық Америка мен Кариб теңізінде де тыныштық бұзылған, өйткені Гаити сияқты елдерде ұйымдасқан қылмыс пен азаматтық толқу толастамай тұр. Осыған қарамастан Сальвадор әлемдегі тыныштық ұйыған елдер қатарына енген. Оңтүстік Америка бейбітшілік деңгейі 3,6 пайызға төмендеген екінші ірі ел болды. Онда адам өлтіру, саяси кикілжің мен ішкі қақтығыс орын алып отыр.
Қақтығыстардың сипаты өзгерген
Стив Киллелидің пікірінше, қақтығыс өрши түсіп, интернационалды сипатқа ие болған сайын олардың шешімін табу мүмкіндігі азаяды. Мәселен, Украина мен Газа секторы – нақты шешімдерсіз жалғасып жатқан «мәңгілік қақтығыстың» бір мысалы. IEP көрсеткіші бойынша қақтығыстың түйінін тапқан оқиғалар саны 1970 жылдардағы 49 пайыздан 2010 жылдары 9 пайызға дейін төмендеген. Сол кезеңде бейбіт келісімдермен аяқталған қақтығыс саны 23 пайыздан 4 пайызға дейін қысқарған. Қақтығыстарға әсер ететін тағы бір негізгі фактор – асимметриялық соғыс технологиясының әсері. Бұл мемлекеттік емес топтарға, сондай-ақ кішігірім немесе аз қуатты елдерге алпауыт мемлекеттермен немесе үкіметтермен қақтығыстардағы бәсекелестікті едәуір жеңілдетеді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланатын мемлекеттер саны 16-дан 40-қа дейін өскен, бұл 2018–2023 жылдар аралығында 150 пайызға артқан. Сол кезеңде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, кем дегенде бір шабуыл жасаған мемлекеттік емес топ саны 6-дан 91-ге дейін өскен.
Украинада қақтығыс басталғалы 91 ел қару-жарағын қамдай бастады. IEP сарапшылары көптеген елдің әскери шығыны ұлғайып жатқанын алға тартады. Осыны ескере отырып, алдағы жылдары жағдайдың жақсаруы екіталай екенін айтады. Әскер саны азайып, технологияның мүмкіндігіне көбірек иек артылып отыр. Мәселен, кейінгі онжылдықта 100 мемлекет қарулы күштер санын азайтқан, ал жаһандық әскери әлеует 10 пайызға өсті. IEP зерттеуі АҚШ-тың әскери әлеуеті Қытайдан, одан кейін Ресейден әлдеқайда жоғары екенін көрсетіледі. Айта кетсек, әскери әлеует, әдетте, тек әскери активтердің санын ескере отырып есептеледі.
Таяу Шығыстағы шиеленістер
Газадағы қақтығыс салдарынан Израильдің рейтингі рекордтық деңгейге – 155-орынға дейін төмендеген. Ал кейінгі онжылдықта Палестина 145-орынға түсіп, тынышы бұзылған елге айналды. Шиеленісті баса көрсете отырып, палестиналықтарға деген теріс көзқарасы бар израильдік БАҚ-тағы басылымдар саны 1999 жылы 30 пайыз болса, 2023 жылы 92 пайызға дейін өскен. Ал палестиналық бұқаралық ақпарат құралдарының израильдіктерге деген теріс көзқарасы бар басылымдар саны 1999 жылы 30 пайыздан аз болса, 2023 жылдың басында 85 пайызға дейін артқан. Сондай-ақ қақтығыс бүкіл Таяу Шығыс аймағын, соның ішінде Сирия, Иран, Ливан және Йеменді дағдарысқа ұшыратып, экономикалық салдары өскен. Қақтығыстың одан әрі етек алуы әлемдік экономикаға қатты әсер етті. 2011 жылы азаматтық соғыс басталғаннан кейін Сирия экономикасы 85 пайызға кері кетті, ал 2022 жылы қақтығыс басталғаннан кейін Украина экономикасы 29 пайызға құлдыраған.