Палата төрағасы қазақ халқы тәуелсіздігін ең алғаш таныған мемлекет ретінде Түркияны ерекше қадірлейтінін атап өтті.
– Былтыр ғана тамырлас елдің ғасыр тойын өздеріңізбен бірге атап өткен едік. Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тауып жатыр, – деді Е.Қошанов.
Биыл екі ел арасында Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 30 жыл толып отыр.
– Біздің достығымыздың тамыры бұдан да тереңде жатыр. Санғасырлық ортақ тарихымыз, мәдени-рухани сабақтастығымыз соған куә. Сол екіжақты қарым-қатынас, бабаларымыз салып кеткен сара жол жыл өткен сайын жанданып, ынтымағымыз өрлеп, өркендеп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Оған біздің елдеріміздің көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанның арасындағы мызғымас достық берік негіз әрі қазақ-түрік қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге зор септігін тигізіп жатыр, – деді Палата төрағасы.
Мәжіліс спикері стратегиялық серіктестіктің ерекше қарқын алуында қазақ-түрік парламентаралық ынтымақтастығының еңбегі мол екеніне назар аударды. Бұған биыл мамыр айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың Қазақстанға ресми сапары серпін берді.
Е.Қошанов екі елдің заң шығарушы органдары мемлекет басшыларының уағдаластықтарын қарқынды іске асыруға белсене атсалысатынын айтты.
Сонымен қатар 2024 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына 15 жыл толады. Мәжіліс төрағасы осы айтулы датамен де құттықтап, бауырлас халықтарға бақ-береке тіледі.