Жәдігер • 30 Қазан, 2024

Арасан тастағы түрік таңбасы

112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өтукен даласының шығыс жақ шетінде, нақтырақ айтар болсақ, Моңғол елінің Кентей аймағы Батшірет сұмын орта­лы­ғынан 40 шақырым қашықтағы Биндір тауының бөктерінде ерте заманнан қалған 300-ге жуық мөр-таңба бар. Бұл жәді­гер Құрғы өзен алқабындағы Арасан бұлағының ­басында орна­лас­қан­дықтан «Арасан тас таңбасы» деп аталады.

Арасан тастағы түрік таңбасы

Аталған құнды ескерт­кіш­пен алғаш рет 1943 жылы Х.Перлее деген археолог-этнолог ғалым та­нысып көріп, аздаған жыл үзілістен кейін 1960-1970 жылдары зерттеу ісімен тұ­­рақты айналысыпты. Нәтижесінде, 1976 жылы «Көшпелілердің тек-тұқымын мөр-таңба арқылы анықтау» атты еңбек жа­зып шығыпты. Ғалым бұл туындысын­да жалпақ тасқа бәдізделген мөр-таң­ба­лардың жасалу стилін анықтап, ерте дә­уір­ден бері қолданып келе жатқан герал­­ьди­калық рәміздермен салыстыра зерттеген.

Нәтижесінде, бұл мөр-таңба­лар­дың­ дені түрік дәуіріне тән екені анық­тал­ған. Түсіндіріп айтсақ, ұзындығы 6 метр, көлденеңі 2-3 метр, қалыңдығы 60-70 см болатын жалпақ тастың (суретте) бет жағына 180, артына 40, қырына 50, барлығы 270 мөр-таңба қашалған.

Бұл нысанға 1974-1981 жылдары моңғол-кеңес бірлескен зерттеу тобы, 1991-1993 жылдары моңғол-жапон бір­лескен «Үш өзен» ғылыми жобасы, 1992-1996 жылдары моңғол-корея бірлескен «Шығыс Моңғолия» ғылыми экспедиция­сы, 2005-2008 жылдары моңғол-жапон бірлескен «Шығыс Моңғол» экспедиция­сы, 2008-2013 жылдары моңғол-корея бірлескен «МонСон» жобасы аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліпті.

Жоғарыда жүргізілген зерттеу жұ­мыс­тарының қорытындысы туралы айтсақ: «Арасан тас ескерткіш нысаны – адамзат тари­хы­ның мыңдаған жылдық материал­дық және рухани құндылық­та­ры­ның қоры бар қасиетті орын» деген баға беріліпті. Бұл пайымды түсіндірер болсақ, жер қыртысының 2,5 – 3,5 метр тереңдігінде палеолит, 1,5 – 2,20 метр тереңдігінде мезолит, 65 – 110 см тереңдікте неолит дәуіріне тән ­­8 мыңнан астам тас құрал табылып отыр. Бұл жәдігерлер хақында атақты археолог, академик А.П.Окладников: «Мұндағы мұралар – жүздеген мың жыл бойы жергілікті дәстүрін сақтаған өзіндік ерекшелігі бар жәдігерлер. Ең бас­тысы, бұл аумақта төменгі палеолит, мезолит, неолит дәуіріне тән тас құралдар және ерте ортағасырлық мұралардың аса үлкен қоры бар. Бұл жәдігерлер уақыттық тұрғыдан: палеолит дәуірінен бастап, Моңғол империясы құрылғанға дейінгі аралықты қамтып отыр. Сонымен қатар бұл өлкеден сақ, ғұн, түрік дәуірінің қор­ғандары мен молалары көптеп кездеседі. Осы молаларға архео­логиялық қазба жұмысын жүргіз­ген кезде әр дәуірге тән қыш ыдыс­тардың сынығы мен жебелер көптеп табылада. Бұндай әр дәуірге тән артефактілер жиын­тығы бір жерде топтасқан нысан әлемде жоқ» деп ғылыми негізде баға берген екен.