Ұстаз • 30 Қазан, 2024

Қуаныштың көз жасы

103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында білім саласындағы үздік жетістігі үшін Мемлекет басшысынан марапат алған мұғалімнің көңілі босап, көз жасына ерік берген сәті әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанған Абибулла Мыңасарұлы – қырық жылдан астам еңбек өтілі бар ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Қуаныштың көз жасы

Мемлекет басшысы Аби­булла Жаку­даев­пен қатар 24 мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды. Сонда Президент мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрі­нен биік екенін айта келіп: «Ұлы тұлғалардың өзі ұста­зы­ның алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айт­сақ, барша жетістіктің бас­тауында ұстаз тұр. Ұлттың бола­шағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың бас­ты кейіп­кері ретінде дәріптеу. Мұға­лім­дердің табанды еңбек­тері ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық», деді.

Алты жүзден астам оқушыны олимпиадаға дайындап, талай таланттың томағасын сыпырған Абибулла Мыңасарұлы осы күні Түр­кістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мек­теп-гимназияда қызмет етеді.

– Бұл атақ – мен үшін тек жоғары марапат емес, ең әуелі үлкен жауапкершілік. Еткен еңбектің еленгені, әрине, көңіл қуантады. Сондай-ақ мағы­налы қызметті жалғастыруға құлшы­нысымды арттырды. Ұшақтан түскен сәтте қуанышымды бөлі­су­ге келген әріптестерімнің, шә­кірт­терімнің жанарындағы отты көріп, өткен күндер естелігі жүрегімді тербеп, көзімнен жас болып ыршып шықты. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізу тіпті мүмкін емес. Жиырма жыл бұрын анам мен зайыбым өмірден озды. Одан кейін отау құрмадым. Қос қызымды қос қарашығымдай сақтап, өсірдім. Соның бәрі сол сәтте ойға оралып, көңіл толқытқаны рас, – дейді А.Жакудаев.

Тағдырдың тауқыметіне тай­сал­маған Абибулла Мыңа­сарұлы бұл күні талай шәкірттің сүйікті ұстазы. Кәсіби маман әр баланың жүрегінен орын тауып, пәнге деген қызығушылығын оятудың өзі тәжірибемен келетінін айтады.

– Еңбек жолын енді баста­ған педагогтерге айтар басты кеңесім – осы бастан оқытуды тек ақпарат жеткізу деп қарамай, оқушылармен тығыз байланыс орнатып, әрқайсысының жеке ерекшелігін ескеру қажет. Жүсіп Баласағұнның «Әрбір бала – бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» дегені осындайда ойға оралады. Сондықтан ұстаз шәкірттеріне әркез жылы шырай мен шыдамдылық танытып, ізденіс үстінде жүруге тиіс. Бала сені мойындамаса, сен педагог емессің. Ол мойындау жақсы сабақ беруіңмен ғана келмейді. Сөйлеу мәнеріңнен бастап, жүріс-тұрысың, ой-өрісің бәрі көзге көрінбей, балаға сіңіп жататын рухани нәр. Соның бірінен құр алақан болсаң, ұстаздық тұлғаңа мін. Әрбір баланың ішкі жан дүниесін түсіну, қолдау көрсету, қажеттіліктеріне назар аудару арқылы жасөспірімдердің бойындағы агрессияны азайта аламыз. Жақсы оқушыны жанымдай көретін әдетім. Қиын класың қимас класыңа айналатын кездер де болады. Азамат болып, өмірден өз орнын тапқан оқушыларыңды көргенде, бойыңды қуаныш билеп, мәз боласың. «Еңбек еш кеткен жоқ» дейміз осындайда. Әлі күнге дейін өзімнің Болат Қожагелдиев, Руслан Кенжебеков, Бақыт­жан Төре­ханов сынды оқу­шы­ла­рым­мен мақ­танамын. Олар қазір әлем­дік компанияларда беделді қыз­мет атқарады, – деді ол.