Аймақтар • 30 Қазан, 2024

Тиімсіз жұмсалған қаржы, сапасыз жол

97 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері жемқорлық фактісін анықтау мақсатында орман пайдалану, спорт, әлеуметтік қорғау, энергетика, жол құрылысы салаларының биылғы 9 айдағы жұмысына 5 рет сыртқы талдау жүргізіпті. Бұл туралы аталған департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов хабарлады.

Тиімсіз жұмсалған қаржы, сапасыз жол

Халықты әлеуметтік қолдау саласының шығындары 2020 жылдан бері екі есе артып, 86,1 млрд теңгеге жеткен. Сараптама барысында субсидия берілетін жұмыс орындары, гранттар беру, мүгедектерді таксимен та­сы­малдау, ыммен сөйлесуге үй­рету шығындары, сонымен қатар еңбекақы қорының заңға сәйкес жұмсалуы тексерілген. Соның ішінде кәсіпке оқытудың көзбояушылықпен жүргізілгені анық­талған. Өйткені ақша төлеп «оқытылғандардың» көбі жұ­мыс­­­қа тұрғызылмаған. 2023 жыл­дың шілдесі мен желтоқсаны ара­лығында жұмыс берушіге ақы төлеп оқытқан 77 адамның 56-сы ғана жұмысқа орналасқан. Демек, жұмысқа кірмеген 21 адам үшін жұмсалған 6,6 млн теңге желге ұшты деген сөз. Мұның 3,7 млн теңгесі – жұмыссызға, 2,9 млн теңгесі жұмыс берушіге төленген. Яғни жұмыс берушінің алаңында оқытылғаны үшін қаражат төленді делінген бюд­жет қаражаты орынсыз жұм­салған.

Мүгедектігі бар адамдарды жеткізуге төленді деп жұмсал­ған 55,7 млн теңгенің де қайда жұм­салғаны күмәнді. Бұл қара­жат жалған құжаттар толтыру және ондағы шығындарды шектен асыра көрсету арқылы қолды болған. Сондай-ақ Петропавл қаласы мен Мамлют, Жамбыл аудандарында ыммен сөйлесуге үйретуге жұмсалды делінген 8 млн теңге жалған құжаттармен желге ұшқан. Өйткені аты-жөні мен құжаттарының деректері көрсетілген үйретуші мамандар бұл кезеңде ел аумағында тұр­ма­ған болып шықты. Қазір бұл шы­ғындарды бюджетке қайта­ру­ға қатысты іс қозғалған.

Сондай-ақ қандастар мен қо­ныс аударушыларға жал­ған құ­жат­тар арқылы қол­дау қа­ражаты төленгені анық­тал­ған. Мәселен, облыстық Еңбек ұтқырлығы орталығы М.Жұмабаев ауданына көшіп келгенін көрсетсе де тұрмаған қоныс аударушыға пәтер жалдауы үшін 414 мың теңге төлеген. Осындай жағдайлар Петропавл қаласында да орын алған. Жасалған ұсынымдардың не­гізінде бұл қаражаттар бюд­жет­ке қайтарылыпты.

Солтүстік Қазақстан облысында 2020-2024 жылдары жолдарды жөндеу мен жаңадан са­луға 169,4 млрд теңге бюджет қаражаты қарастырылған. Осын­ша қаражаттың бөлінгеніне қарамай жолдардың сапасы әлі күнге дейін толық түзелмей келеді. Жол жөндеуге бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын тексеру барысында 27 жемқорлық фактісі анықталған, осыған сәйкес 36 ұсыным жасалған. Аудандық және кентішілік жолдарға 12,4 млрд теңгеге жөндеу жұмыс­та­рын жүргізгенде 80 факті бойынша техникалық бақылау жасал­маған. Заң бойынша тех­никалық бақылау маманы қол қойғанда ғана жол пайдалануға беріледі. Сондай-ақ бір техникалық сарапшы бірнеше жолдың құрылысын бақылауға алады. Тіпті 30 жолды бір сарапшының қадағалағаны туралы толтырылған құжат жа­сал­ған. Мұндай бақылау­лар­дың тиімділігі төмен болған­дық­тан жолдың сапасы да нашар. Сайып келгенде, бұдан халық жапа ше­ге­ді.

Кейбір жергілікті атқару ор­ган­дарының жол жөндеу мен салу жұмыстарына жоспарлаған шы­ғындары да жемқорлыққа соқтырғаны белгілі болып отыр. Мысалы, олардың 2020 жылдан бері 212 млн теңге бюджет қаражатына жасатқан 48 жо­басы әлі күнге дейін қолға алын­баған. Сапасыз жоспарлау жұмыстары жол активтерін есепке алумен байланыстырылмаған. Петропавл қаласы мен облыстың 10 ауданында жолдардың паспорты жасалмаған. Соның кесірінен жергілікті атқарушы органдар жолдың ұзындығы, жалпақтығы, жағдайы туралы дерек білмейді.

Мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу саласында заңнама талаптарын бұзуы да жиі кездеседі. Мәселен, жер­гілікті атқарушы органдар құры­лыс-монтаж жұмыстары туралы келісімшарттар түзгенде кепілдік мерзімін көрсетпейді. Соның кесірінен мердігерлер сапасыз жұмыстарға жол бе­реді, ал ақаулықтар кездессе, түзетуден бас тартып жатады. Сарапқа салынған кезеңдегі тексерілген 39 келісімшартта 8,1 млрд теңгеге атқарылған жұмыс бойынша кепілдік мер­зім көрсетілмеген. Ал 20 келі­сімшартта кепілдік мерзімді 12 ай деп қана көрсеткен.

Жол жөндеу жұмыстарына қатысты әзірленген сметалық құжаттарда кейбір құрылыс ма­те­риал­дарының бағасы асырып көрсетілген. Мысалы, кентішілік жолдарды жөндеу бо­йынша 21 жобаны орындағанда төселетін қиыршықтастар көлемі бекі­тілген нормативтен 53,2 текше метрге асырып көрсетілген. Соның нәтижесінде жөндеу жұмыстарының құны 208,3 млн теңгеге артық кеткен. Осындай жағдай Ақжар ауданындағы Қызылту ауылының ішкі жолдары жөнделгенде орын алған. Барлығы 7,2 шақырым жолға 8,1 текше метр қиыршық тас төселді деп көрсетіліп, 23,9 млн теңге бюджет қаражаты артық төленген. Ал нормаға сәйкес 7,2 шақырымға 3,6 мың текше метр ғана қиыршықтас төселеді.

Қазір Солтүстік Қазақстан об­лысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің мо­ниторингінде жөнделіп жат­қан 33 жол учаскесі тұр. Бұлар­дың ішінде біразына төлен­ген қаражат мөлшері күмәнді деп саналады. Барлық жобаға бөлінген қаражат – 73,8 млрд теңге. Бүгінге дейін бұларға жемқорлыққа қарсы күреске қатысып жүрген волонтерлер 41 рет барып, әзірге 17 олқылықты анықтады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы