Табиғат • 31 Қазан, 2024

Теріскейдің иен байлығы: Ертіс орманындағы шығынның орны тола ма?

89 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Еліміздің теріскейіндегі табиғи мол байлық – «Ертіс орманы» резерватындағы жалқарағай ормандарын көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа қал­дыру бүгінде аса өзекті. Кейінгі 21 жылда резерваттағы орманшылардың еңбегінің нәтижесінде жанып кеткен ағаштардың 45 мың гектардан астамы қайта қалпына келтірілді.

Теріскейдің иен байлығы: Ертіс орманындағы шығынның орны тола ма?

Қолда барға ие бола алмадық

Ертіс-Баян өңірінің орман қорғау саласында көшеттердің жетіс­пеушілігі, материалдық-тех­­никалық базаның тозуы, кадр тапшылығы, өрттің ал­дын алуға қажет арнайы жаб­дық­тардың аздығы орман шаруа­шылығын дамытуға тежеу болып тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауын­да еліміздің бірегей жануар­лар және өсімдіктер әле­мін сақтау мәселесі әрда­йым өзекті болып қала береті­нін атап өтті. «Мемлекет алда­ғы уақытта да кең байтақ дала­мызды және орманымызды өрт­тен қорғау үшін барлық қажет­ті шараны қабылдайды. Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 па­йызын ғана алып жатыр. Таби­ғаттың әр алуандығын сақ­тау үшін біз орман алқап­тарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақ­ты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңыз­ды. Елімізді көгалдандыру жұмы­сының қарқыны жаман емес. Тоқтап қалмай, оны жалғас­тыру қажет. «Семей орманы» ая­сында орман тұқымбағы бар. Бұл – Орталық Азия­дағы халықаралық озық талап­тарға сай көшет өсіретін бір­ден-бір кешен. Осы жобаны басқа да ор­манды аймақтарда жүзеге асыр­ған абзал. Орман-тоғай­ды көбейту бүкіл елді жұмыл­дыра­тын нағыз халықтық идеяға айналуы керек», деді Президент. 

«Семей орманымен» ұштасып жатқан Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» резерватының алдында бү­гінде үлкен міндеттер тұр. Айрықша қорғалатын аумақтың жалпы ауданы – 277 961 гектар, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлер – 163 296 гектар. Сырт қарағанда, бұл цифрлар аса көп болып көрінбегенімен, шын мәнінде жалқарағай ормандарын сақтау өте жауапты іс. Ертіс бойындағы қара ор­ман өткен ғасырдың 90-жылдары көп қасірет тартты. Тәжірибелі орман­шы­лардың сөзіне сүйенсек, тәуел­сіз­діктен бергі жылдары өңірдегі жал­қарағай ормандарының 40 пайызынан айырылып қалыппыз. Шамамен 72 мың гектардан астам қарағай ормандары алапат өрттен жанып кеткен. Осы­дан-ақ аймақ экологиясы мен табиғи байлығына қаншалықты орасан зор шығын келгенін білуге болады. 2003 жылы резерват құрылғанда ормандағы өртті азайтып, ағаш белдеулерін көбей­ту мақсат етілген еді. Бүгінде сол шығын­ның біраз бөлігі бүтінделді, яғни 21 жыл ішінде 45 435 гектар алқапта орманды қалпына келтіру, ағаш өсіру жұмыстары жүргізілді.

ап

 

Маман тапшылығы бөгеу

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметов мәлім еткендей:

– Резерваттың 2024 жылға арналған ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарына сәйкес, 2 828 гектар алаңда орман көшеттерін отырғызу жоспарланған. Отырғызу материалының жалпы саны – 14 млн 568 мың дана. Жартысын көктемде отырғызсақ, қалғанын күзде егеміз. Жалпы, орман қорғау ба­ғытындағы жұмыстарымыз жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Дегенмен біздің мекемеде маман жетіспеушілігі бар. Маусымдық жұмыскерлер, оның ішінде мұнара бақылаушылары, өрт сөндірушілер, көлік жүргізушілері, трактор жүргізушілері жетіспейді. Бұл мәселені Еңбек.кз порталы, жұмыспен қамту орталықтарымен, жергілікті әкім­діктермен біртіндеп шешіп жатырмыз. С.Торайғыров университетімен, Павлодар мемлекеттік технологиялық колледжімен орман шаруашылығы мамандарын даярлау туралы келісімшарт бар. Бүгінде қызметкерлердің штаттық саны 307 адамды құрайды. Оның ішінде 285 адам – мемлекеттік инспектор. Қыз­меткерлеріміздің орташа жас шамасы – 40-45 жас.

Соңғы жылдары орман шаруашы­лықтарын қажет техникамен қамтамасыз ету жақсара түскен. Резерватта 39 бірлік өрт сөндіру, 21 бірлік патрульдік техника, 85 бірлік трактор (оның ішінде 37 өрт сөндіру тракторы) бар. Бұл бекітілген нормативтердің 100 пайызын құрайды. Биыл LOVOL-1054 маркалы сегіз трактормен, бір ГАЗ 3308 АЦ маркалы өрт сөндіру машинасымен толықты. Сондай-ақ JAC маркалы бір патрульдік автомашина сатып алынды. Тағы 7 трактор, 34 бірлік Jac T6 шағын орман өртін сөндіру кешенін сатып алу жоспарланып отыр.

 

Жаңа жүйе орман өртін азайтты

Биылғы жаз «Ертіс орманындағы» орман күзетінде жайлы өтті деуге болады. Жылдың алғашқы 9 айында 38 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 33-і найзағай салдарынан тұтанған. Жалпы, орман алқабының 4,3 гектарына 1 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. Орман өртінің туындауына себеп болған екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ірі көлемде айыппұл арқалады. Биыл бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, орман өрттерін ерте анықтау, алдын алу мақсатында тепловизорлар, жоғары сапалы бейнекамералары бар 23 мұнара орнатылды. Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі – орман мониторингіне арналған бағдарламалық-аппараттық кешен. Ол шұғыл түрде іс-шараларды қабылдауға, өрт қауіптілігі жоғары маусымда орман өрттерінен болатын залалды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Өртті анықтау тәулік бойы 360 градусқа қарайтын, 30 км-ге дейінгі радиуста жағдайды тіркейтін бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады.

«Бақылау аумағы 10 мың гектарға дейін жетеді. Мұнаралар метеорологиялық мониторинг жүргізетін, найзағайлардың түсуін тіркейтін жүйемен жабдықталған. Аталған жүйе тәулік бойы жұмыс істей­тіндіктен, орман өрттерін ғана емес, орман заңнамасын бұзушыларды да анықтауға мүмкіндік береді. Камералар түсірген бейнежазбалар 30 тәулікке дейін сақталады», дейді мекеме басшысы.

 

Мораторийдің теріс әсері де бар

Бұған дейін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін «Ертіс орманы» табиғи резерватында ағаштарды кесуге тыйым салынғаны мәлім. Алайда ормандағы ағаштар мен бұталардың барлық түрін кесуге тыйы­м салу сау екпелердің кебуіне, зақым­дануына әкеліп соқтыруы мүмкін екен. Резерват мамандарының пікірінше, мораторийді енгізу ормандардың өсуіне, сақталуына теріс әсер етеді. Себебі жыл сайын үлкен аумақтарда ағаш діңдерінің қурауы жүреді. Оларды уақытында тазалап отыр­маса болмайды. Сондықтан комитет алдағы уақытта бұл мәселені ескере отырып, белгілі бір санитарлық өзгерістер қабылдайды деген үміт бар.

Айта кетелік, мекемедегі ғылым, ақ­парат және мониторинг бөлімінің мамандары жыл сайын өсімдіктер әлеміне түгендеу жұмысын жүргізеді. Биылғы зерттеу нәтижесінде бұрын-соңды кездеспеген өсімдіктің 15 түрі анықталды, бірақ олар Қызыл кітапқа енгізілмеген. Негізі жалқарағай ормандарында өсім­діктердің 232 түрі өседі, оның 7 түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Атап айтқанда, көктемгі адонис, ұйқышөп, сары ұйқышөп, бұғы кладониясы, селеу, кәдімгі емен, Павлов итмұрыны. Резерват аумағын бұлан, елік, қасқыр, қоян, түлкі, сілеусін, қарсақ, борсық, тиін, құр, шіл мекендейді. Мұнда еліміздің Қызыл кітабына енген орман сусары, бүркіт, безгелдек, үкі, ителгіні ұшырастыруға болады.

 

Орман қорғау саласында қордаланған мәселе

Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда Павлодар облысындағы орман шаруашылықтарында ағаш ұр­лығына қатысты 216 оқиға тіркеліп, мемлекетке жалпы сомасы 64,6 млн теңгеден астам залал келтірілген. Іс жүзінде табиғи орман қорының 2766,3 текше метрі оталып кеткен. Бұл аз шығын емес.

Павлодар облыстық орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, соңғы жылдардағы қуаңшылық салдарынан егілген тал-теректердің басым бөлігі қурап қалған. Бұған қоса орман алаңдарында малдың бақылаусыз жайылатыны, орман өрттері, облыс әкімдігі қарамағындағы үш орман мекемесінде тұрақты орман тә­лімбақтарының болмауы да бұл мәселені ушықтырып отыр.

– Аймақта үш тәлімбақ бар, олардың екеуі «Ертіс орманында», біреуі Баянауыл ұлттық паркінде. Бұл екі табиғат қорғау мекемесі өз қажеттіліктерін толық өтейді, ал облыс әкімдігіне қарасты үш орман мекемесі ағаш отырғызуға арналған материалды мемлекеттік сатып алу порталы арқылы алуға мәжбүр. Президенттің ормандарды молықтыруды ұлғайту жө­ніндегі бағдарламасына байланыс­ты соңғы 4 жылда көшеттерге деген сұ­раныс артты. Алайда мемлекеттік сатып алулар көбіне созылып, көшеттер орман тұқымдарын аудандастыру қағи­даларына сәйкес қабылданбайды. Тасымалдау кезінде ағаштардың тамыр жүйесі құрғап кетеді, тасымалдау рег­ламенті сақталмайды. Сондықтан көшет­тер өзіміздің тұқымдардан, өзіміздің бүршіктерден алынуы керек. Тек солай ғана тіршілікке бейімділікті арттырып, орман қорын көбейтуге болады. Ал қазір­гі уақытта үш орман шаруашылығы ме­кемесінде көшеттер тапшылығы 722,2 гектар алқапта байқалады, – дейді инспекция басшысы.

Бүгінде Орталық Азиядағы жалғыз халықаралық стандарттарға сәйкес ағаш отырғызуға арналған материалдарды өсіру жөніндегі орман-тұқымдық кешен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының базасында жұмыс істейтінін атап өткен абзал. Бұл жоба еліміздің алты орман аймағында жүзеге асырылып, оған Павлодар облысы да енген. Әкімдік қарамағындағы орман қорғау мекемелерінің базасында жабық тамыр жүйесі бар отырғызу материалдарын өсіретін тәлімбақтар құру жоспарланып отыр. Бұл жобаны қаржыландыру көзі ретінде Өнеркәсіпті дамыту қоры пайдаланылып, қаржыландыру лизинг, несиелеу арқылы жүргізілмек. Жоғары технологиялы орман кешендерін құру көшет материалдарын жылдам, сапалы өсіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, ол орман алқаптарын көбейтуге оң әсер етеді деген сенім зор.

Жалпы, Павлодар облысы аумағындағы 478,7 мың гектар орман қорына небәрі 625 адам жауапты. «Ертіс орманы» мен Баянауыл ұлттық табиғи паркінде өртке қарсы техникамен қамтамасыз ету деңгейі 100%-ды құраса, жергілікті орман мекемелерінде бұл көрсеткіш небәрі 84%-ға тең.

– Техниканы жаңарту жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде орман өрт сөндіру стансаларының модульдері сатып алынып жатыр. Алайда резерват пен ұлттық парктегі техниканың 80%-ға жуығы ескі, яғни қолданыс мерзімі өткен. Сонымен қатар 11 орман шаруашылығында өртке қарсы қызметке қоймалар мен өрт сөндіру құралдарын сақтауға арналған ғимараттар жетіспейді немесе талаптарға сай келмейді. Бұл ғимараттардың барлығы 1960-1970 жылдары салынған. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орман қорғау қызметкерлері мен маусымдық жұмысшылардың жалақысы екі есеге ұлғайтылды. Соған қарамастан, облыстағы орман шаруашылықтарында жоғары білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі шешілмеген. Әсіресе шалғайдағы орман шаруашылығы бөлімшелерінде бұл мәселе өзекті болып отыр. Кадр тап­шылығы тұрғын үй мен әлеуметтік қолдаудың (көтермеақы, жағдай жасау) жеткіліксіздігінен туындайды. Бұл жас мамандардың ауылдық жерлерде жұмыс істеуге келуіне кедергі болып отыр, – деп Р.Төлепбаев қалыптасып отырған мәселелерді таратып айтып берді.

 

Орманшыларды ынталандыру кемшін

Бір кездері «Ертіс орманы» мекемесін басқарған тәжірибелі орманшы, еңбек ардагері, Аққулы аудандық мәслихатының депутаты Төлеген Шакарманов соңғы 20 жылда жоғалтқан орман қорын қайта қалпына келтіруге болады деген пікірде.

– Резерваттағылар алдағы жылдары қарағай көшеттерін егу, орманды күзету жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нығайтыла берсе, көп нәтижеге қол жеткізуге болады. Алайда мекеме басшылығының жиі ауысуы соңғы жылдары белгілі бір келеңсіздіктерді тудырып отыр. Бұған дейінгі басшыларының кейбірі заңсыздыққа жол беріп, сотталып кетті. Орман ұрлығы белең алып, көлдеңен көк аттылар ойларына келгенін жасады. Бұл бейбастақ әрекеттердің соңғы жылдары азайғаны байқалады. Ендігі ретте орман күзетін нығайтып, құқықтық тұрғыдан жауапкершілікті күшейте түсетін арнайы заңдар қабылдануы керек. Орманшылардың мәртебесін көтеріп, еңбекақыларын өсірген абзал. Сонда ынта да, жұмыс көрсеткіштері де арта түседі, – дейді сала ардагері.

Шынында, орманшының еңбегі ауыр, сонысына қарамастан, жалақылары өте аз. Жазғы уақыттағы өрт қауіпті кезеңде орманшының тағдыры бір өртте қиылып кете баруы мүмкін. Алайда сондай алапат мезгілде бастарын бәйгеге тігетін қызметкерлерге ешбір қосымша төлемақы қарастырылмайды. Осыны негізге алатын уақыт жетті. Үкімет табиғат берген мол несібені осы күйінде сақтап қалуда оны қорғаушылардың адал еңбегін де лайықты ескеруі керек. Мамандардың айтуынша, қалпына келтірілген орман жамылғыларын шаруашылыққа пайдалануға кемінде 70-75 жыл уақыт керек. Ал Павлодар облысындағы жалқарағай ормандарының аумағы еліміздегі жалпы орман қорының небәрі 0,04 пайызын құрайды. Онсыз да аз ғана реликті орманға стратегиялық табиғи байлық ретінде қарағанымыз жөн.

 

Павлодар облысы