Егемен Қазақстан • 31 Қазан, 2024

Әріптестеріміз марапатталды

81 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күні кең көлемде аталып өтті. Мемлекеттілігіміздің іргетасын қалаған ұлық күннің құрметіне Президент атынан марапат алған азаматтардың арасында біздің газеттің бұрынғы басшылары мен қызметкерлері де бар. «Қазақ газеттері» серіктестігінде өткен жиында бас директор Дихан Қамзабекұлы олардың есімдерін құрметпен атады.

Әріптестеріміз марапатталды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– «Egemen Qazaqstan» газетінің бұрынғы басшылары Нұрлан Ора­залин – «Отан» орденін, Дархан Қыдыр­әлі «Барыс» орденін иеленді. Газетіміздің ардагері, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Сонымен қатар газеттің кезінде Маңғыстау облысында меншікті тілшісі болған Темірхан Медетбек «Халық жазушысы» атанды. Бұл азаматтардың әрқайсы біздің басылымның дамуына елеулі үлес қосқан.

Ұлттық мереке қарсаңында «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарайтын басылымдардың қызметкерлері де назардан тыс қалмай, бірқатары жоғары марапат иесі атанған еді. Бас директор жиын барысында ұжым алдында оларға марапаттарын тапсырып, төсбелгілерін тағып, арнайы құттықтады. Атап айтқанда, «Egemen Qazaqstan» газетінің Ұлытау облысындағы тілшісі Абдолла Дастан, Маңғыстау облысындағы тілшісі Гүлайым Дәуітбай және Қы­зылорда облысындағы тілшісі Мұ­рат Жетпісбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ал «Казахстанская правда» газе­тінің тілшісі Юлия Полонская «Шапа­ғат» медалін, «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омар мен «Казахстанская правда» газетінің фото­тілшісі Юрий Беккер Президенттің Алғысхатын иеленді.

Сонымен қатар мейрам қар­саңында бір топ әріптесіміз «Ақ­парат саласының үздігі» атанды. Арнайы төсбелгіні кеу­десіне тақ­қандар қатарында «Egemen Qazaq­stan» газетінің аға тілшілері Гүл­нар Жолжан мен Маржан Әбіш, «Ка­захстанская правда» газетінің Ақмола облысындағы тілшісі Раушан Өтеулина және фототілшісі Игорь Бургандинов, kazpravda.kz сайтының тілшісі Гүл­­мира Құнапия бар. Бұған қоса әріп­тестеріміз Айнұр Райымқұлова мен Бекен Қай­ратұлы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Бақытгүл Рахимбаева Алғысхатымен марапатталды.

Жиын барысында Д.Қамзабекұлы серіктестікке қарасты басылымдарға келесі жылға жазылу науқаны бас­талғанын, осыған орай облыстарда жа­зылымды ұйымдастыруға кірісу қажеттігін еске салды. Меншікті тілшілерге облыстық әкімдікпен, ірі кәсіпорындармен, сондай-ақ оқу орындарымен байланыс орнатып, жұмыс жүргізуді тапсырды. Өткен жылдан бастап kaspi.kz қосымшасы арқылы онлайн жазылу жолға қойылғаны белгілі. Серіктестік басшысы аталған қосымша арқылы жазылу жеке тұлғаларға ар­налғанын, бағасы тиімді екенін атап өтті.