Экономика • 01 Қараша, 2024

Автоөндірістің ауқымы кеңейді

66 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда автокөліктерге арналған мультимедиялық жүйелер өндірумен айналысатын «Kazakhstan Mobility Engineering» зауытының ресми ашылу рәсімі өтті. Зауыт «Астана Моторс» компаниясының құрылымына кіреді. 2023 жылдың сәуірінде «Астана Моторс» компаниясы «Motrex Co Ltd.» компаниясымен меморандумға қол қойып, Оңтүстік Корея технологиясы негізінде мультимедиялық құрылғыларды елімізде өндіру құқығына ие болған еді.

Автоөндірістің ауқымы кеңейді

Зауыттың техникалық іске қосылуы 2024 жылдың қыр­кү­йек айын­да өтіп, алғаш­қы жаб­дық­тар партиясы «Hyundai Trans Kazakhstan» зауы­тына «Tucson» және «Elantra» модель­деріне орнату үшін жет­кізілді.

«Зауыт Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастыққа маңызды үлес қосады және елдегі автомобиль саласының дамуына әсер етеді. Жоба еліміз­дің өнеркәсіптік өсуі жолында ерекше маңызға ие. Мем­­ле­кет инвестиция салушы, өндіріс салушы компания­лар­ды қолдайды, сондай-ақ кәсіби кадр даярлау мен экономиканы дамытуға үлес қосады. Негізгі мақсат –  отан­дық ресурстар мен құрамдас бөлшектерді барынша пайдаланып, жоғары деңгейде локализациясы бар өндіріс құру», деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

ва

«Motrex» компаниясының бас директоры Ким Джун Сон ынтымақтастық болашағына сенім білдіріп, зауыттың сала үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар осы күні «Астана Моторс» пен «Sanico Electronics» компания­сы меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, біз­дің тарап мультимедиялық жүйелерге арналған платалар мен корпус­тарды SMT және PRESS технологияларын қолдана отырып өндіру құқы­ғы­на ие болады. Келісім автокомпоненттер өн­дірісін одан әрі өрістетуге, отандық ма­ман­дар­дың білікті­лігін арт­тыруға ықпал етпек.

Зауыт өкілдерінің айтуынша, енді елімізде шығарылатын «Hyundai» автомобильдері қазақ тіліндегі интерфейсті ұсына отырып, жергілікті пайда­ланушылардың қажет­ті­ліктеріне жақсырақ өтей бас­тайды. Ал 2025 жылы Ал­­матыда «Kazakhstan Mobility Engineering»-те шығарылған қазақ интерфейсі бар муль­­­тимедиялық жүйе­лерді пайдаланатын мульти­брендтік зауыт іске қосылады. Бұл жү­йе­лер отандық авто­көлік жүр­гізушілеріне технологияларды ана тілінде пай­да­ла­нуға мүмкіндік береді.

«Kazakhstan Mobility Engineering» зауыты Алма­ты­­дағы аумағы 100 мың шаршы метр болатын индустрия­лық ай­мақта орналасқан, автокомпоненттер өндіретін «Astana Motors Engineering» тех­но­паркінің бір бөлігі болып саналады. Өндірістік кешен­нің құрылысына 15,5 млрд теңге инвестиция құ­йыл­­ды. Құрылыс аяқталған соң тех­нопарк аумағында тағы екі кәсіпорын ашылады, олар – автомобиль орын­дық­­тарын өндіретін зауыт және автомобильге, сондай-ақ логис­тикалық хабқа ар­нал­­ған пластика, резеңке бұйым­дар өндіретін зауыт. Автомобиль орындықтарын жасайтын за­уыт­ты іске қосу биыл төр­тін­­ші тоқсанға жос­пар­лан­ған. Технопарктің өнді­ріс­тік қуат­тылығы жылына 100 мың жинақ болады деп күтіледі. Кластер территория­сын­да 90-нан аса маман еңбек ете­ді, ал өндірістік ке­шен­нің қыз­меткерлер штаты 400 адамға есептелген. Іске қо­сыл­­ғаннан кейін технопарк өнімдері «Hyundai Trans Kazakhstan» және еліміздің басқа да автомобиль зауыттарына жет­кі­зі­леді.