Аймақтар • 01 Қараша, 2024

Жұрт күткен күре жол

2196 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атыраудан Астраханға апаратын жол құрылысы тәмамдалуға таяу. Құрылысы ұзаққа созылып, жөндеу баяу жүрген бұл жол көпшілікті әбден сарсаңға салды. Енді бұл жол жөндеуден соң үшінші санаттан екінші санатқа ауыстырылмақ. Сол кезде көлік ағыны да көбейетін көрінеді.

Жұрт күткен күре жол

Бір шақырымның құны қанша?

Облыс аумағында 3 052 шақырым жол бар. 1 926 шақырымына облыс­тық, 1 126 шақырымына респуб­ли­ка­­­лық маңыз берілген. Мұнай­лы ша­­һар­­­дан төрт бағытқа шыға­тын жол­­­­дың бірі Астрахан облысы­ның ше­­ка­ра­сына дейін қатынай­ды. Бұл жол­­дағы көлік қоз­ғалы­сы­ның жыл­дам­­дығы сағатына 110 шақырымға дейін болады.

Өткен аптада көрші елмен көлік қатынасын жалғайтын жолдың 80 шақырымы пайдалануға берілді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, бұл – «Атырау – Ресей шекарасы» бағытындағы автомобиль жолының 753-833-шақырымы. Жол бойында 25 байланыс жүйесі, 13 су өткізгіш құбыр төселді. Мал өтуге арналған 5 өткел жасалды. Түнгі мезгілде жарық беретін 78 тірек жөнделді. Жол жанына 155 мың сызықтық метр торлы қоршау қойылып, 435 жол белгісі бекітілді. Тосқауыл қоршауының 8 мың сызықтық метрі жөнделді. Бір санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Төрт демалыс орны абаттандырылып, 26 ауыспа жол салынды. 

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, жол сапасы ұдайы тексерілген. Көрші елдің шекарасына дейін созылған жол Атырау облысындағы Исатай және Құрманғазы ауданының аумағымен өтеді. Жол бойында 12 елді мекен орналасқан.

Жоба басталған кезде атал­ған жол құрылысына 98 млрд теңге бөлінген. Көлік ми­нистрінің орынбасары Сәт­жан Аблалиевтің дерегіне сүйенсек, 1 шақырым жолды салуға шамамен 600 млн теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Осы кезге дейін жол құрылысына бөлін­ген қаржы көлемі 111,3 млрд теңгеге жеткен.

 

Теміржолмен тасымалдау неге қымбат?

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы­ның директоры Мұрат Мықты­баевтың мәліметінше, жобаға сәйкес жол бойына 6 көпір салу қарастырылған. Көпірдің бірі Исатай ауданындағы Х.Ерғалиев ауылының тұсында орналасқан. Қазір бұл көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Осы кезге дейін жол бойында су өткізетін 60 тұрба, 1 500-ден астам жарық бағаны орнатылыпты.

«Жол құрылысына тартыл­ған жұмысшылардың дені – жергілікті тұрғындар. Жаң­ғыр­тылып жатқан жолға 2 млн тонна инертті материал, 42,05 мың тонна жол битумы, 1,29 млн тонна асфальт бетоны төселді. Бұл жолдың бойына 2 250-ге жуық түрлі жол белгісі орнатылып жатыр. Бұрын бұл жолмен жүруге 5-6 сағат кететін еді. Қазір 2 сағаттан сәл асатын уақытта жүріп өтуге болады», дейді Мұрат Мықтыбаев.

Оның айтуынша, қазір Ресей шекарасына дейінгі жолдың 212 шақырымында жол төсемінің құры­лысы аяқталған. Ұзын жол­дың 621–833 шақырым аралы­ғын­­дағы учаскеде негізгі, ал 146,8 ша­қырымында қиыр­шық тас­ты-мастикалық асфальт­бе­­­­тон­­­ның жоғары қабаты төселген.

«Жобаға сәйкес жол бойына 3 санитарлық-гигиеналық торап орнату көзделді. Тораптың бірі Исатай ауданындағы Зинеден ауылының маңында ашылды. Ал Аққыстау ауылында жол-пайдалану бекеті ашылады», дейді өңірлік филиал директоры.

Бес жылдан бері жол құры­лысына Қазақстан, Италия, Түркия, Әзербайжан компания­лары мердігерлікке тартылған. Отандық компанияның бірі – «АқжолҚұрылыс» ЖШС 2020 жылдан Атырау облысындағы жол құрылысына қатысып келеді. Маңғыстау облысында тір­­келген компанияның бас дире­к­торы Әмірбек Төлегенов­тің ай­туынша, бұған дейін Қызыл­­қоға және Мақат ауданы­ның ау­мағында 119 шақырым жол сал­ған. Енді шекараға дейінгі жолдың 56 шақырымын салып жатыр.

«Біздің  компанияда еліміздің барлық өңірінің тұрғындары жұмыс істейді. Ең төменгі жа­ла­қы 100 мың теңгеден бас­талады. Жол құрылысында кез­де­сіп отырған басты қиындық – инертті материалдардың өзге өңір­­лерден тасымалдануы. Өйт­­ке­ні Атырау облысында жол құ­ры­­­­лысына қажетті қиыр­­­шық­­тас, ПГС, битум секіл­ді инертті мате­риалдар жоқ. Сол себепті, инертті материалдарды Ақтөбе облысынан теміржолмен тасымалдап отырмыз. Бірақ инертті материалдарды теміржолмен тасымалдау бағасы қымбат. Осы жоба басталғанда 1 тонна қиыршық тасты тасымалдауға 6 мың теңгеден төлейтін едік. Қазір бұл баға 11 мың теңге­ден басталады. Қиыршықтас бе­ретін мекемеге 1 млрд теңге тө­ледім. Бірақ 200 млн теңге­нің қиыршық тасын алдым. Неге десеңіз, 800 млн теңге темір­жол­мен тасымалдауға жұмсалды», дейді Әмірбек Төлегенов.

Тағы бір мердігер – «СП Сине Мидас Строй» ЖШС 80 шақырым учаскені пайдалануға тапсырған. Компанияның бас директоры Мехмед Дилшад Буданның мәліметіне сүйенсек, жол құрылысына 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника тартылыпты.

«Учаске құрылысына 250 мың тонна асфальт төселді. Ақтөбе облысынан 22 мың вагон қиыршықтас, Маңғыстау облысынан 25 мың тонна битум жеткіздік. Құрылыс жұмысына 1,2 млн тонна топырақ пайдаланылды. Жол бойында 16 су құбыры, 2 мал өткелі, 78 жарық бағаны, тор және кедергі қоршауы, 435 жол белгісі, жа­рық белгілері бар дауыс зорай­туға арналған құрылғы, 4 демалыс алаңы орнатылды», дейді жоба менеджері Ахмет Мудуроглу.

 

Жобаға енбеген 5 шақырым

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Аты­рау облыстық филиалы­ның директоры Мұрат Мық­тыбаевтың мәліметінше, жыл соңына дейін 212 шақырым жол толығымен пайдалануға беріледі. Ал ­5 ша­­қырым жолды жөндеу бұл жобаға енгізілмеген. Неге?

«Өйткені Атырау қаласының шетінен басталатын жолдың 5 шақырымына облыстық маңыз берілген. Сондықтан жолдың бұл учаскесі қайта жаңғырту жобасына енгізілген жоқ. Енді оны облыс бюджетінен қаржы бөлу арқылы жөндеу көзделіп отыр», деп түсіндірді М.Мықтыбаев.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, мұнайлы шаһарға кіреберістегі 5 шақырым жолды күрделі жөндеу өткізу үшін арнайы жоба әзірленіпті. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. «Жолдың бұл бөлігі 4 жолақты болады. Оның төсемі 14 метр­ге дейін кеңейтіледі. Атырау қаласының солтүстік бөлігіндегі бұл учаске облыстық маңызы бар жол ретінде жоспарға қайта енгізілді», дейді Қ.Нұртаев.

 

Саладағы еңбек өтілі – 42 жыл

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, жол саласында маман жетіспейді. Ұзақ жыл жұмыс істеген мамандар зейнет жасына жеткен. Мәселен, Құрманғазы ауданының тұрғыны Рақымғали Сәрсенбаев 42 жылдан бері осы салада жұмыс істейді.

«Қыста ауыр техникамен жолдағы қарды күреймін. Кейде асфальтқа инертті материалдар төгемін. Жұмыс таңер­теңгі сағат 8-де басталады. Содан кешкі сағат 6-ға дейін мігір таппаймыз. Күн райы бұзы­лып тұрса да күн демей, түн демей жұмысқа шығамыз. Бұрын бұл жол жөнделмегенде, ауыр техникамен жүру қиын еді. Сол қиындықтан арылдық. Енді жолды бүлдірмеу үшін ұда­йы күтім жасау қажет», дейді Р.Сәрсенбаев.

 

Атырау облысы