Оқиға • 01 Қараша, 2024

Қостанайда спорт мектебінің жаттықтырушысы бюджет қаражатын ұрлаған

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында спорт мектебінің жаттықтырушысы өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, жалған аванстық есептер құрастырған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанайда спорт мектебінің жаттықтырушысы бюджет қаражатын ұрлаған

Фото: azattyq-ruhy.kz

Биылғы жылдың 21 қазанында Қостанай облысының прокуратурасымен бюджет қаражатын ұрлау туралы қылмыстық іс бойынша айыптау актісі бекітілген.

«Тергеу барысында Қостанай облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ балалар мен жасөспірімдер командалары арасында шорт-трек бойынша жаттықтырушысы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, 2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың қаңтарына дейін жарыстарға іс жүзінде бармаған адамдарды заңсыз көрсету жолымен шығындардың нақты сомасын ұлғайтып, жалған аванстық есептер құрастырғаны анықталды», делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Анықталғандай, жаттықтырушы түскен ақшаны өзіне игерген. Нәтижесінде ұрланған бюджет қаражатының сомасы 5,9 млн теңгені құраған.

Кейіннен ұрланған ақша қаражатын депозиттік шотқа аудару арқылы заңды айналымға тартып, ол жерден ай сайынғы сыйақыны 9,6% пайыздық мөлшерлемемен алған. Депозит бойынша пайыздық сыйақы түріндегі жария етілген қылмыстық кіріс сомасы 613,1 мың теңгені құраған.

«Оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігінің  1-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ірі мөлшерде ұрлау) 218-бабының 1-бөлігі (ақшаны заңдастыру (жылыстату), яғни конверсия түрінде мәмілелер жасау арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңды айналымға тарту) бойынша сараланады. Санкция баппен алты жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, жеті жылға бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді», делінген хабарламада.

Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жолданды.