Қоғам • 02 Қараша, 2024

Шынайы бәсекелестік шыңдай түседі

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ксерокс» майлы жілік болып тұрған кез. Осындай құрылғысы бар адам күзірлі еді. Оның қызметіне жүгінбейтін жан кемде-кем. Байың да, бағыланың да, кедейің де, кепшігің де «ксерокске» кіріптар. Сұралған құжаттарды кез келген жерде бүгінгідей смартфонмен сканерлеп «ватсап», «телеграм» қосымшалары арқылы жолдау немесе көрсете салу әлі пешенеге жазыла қоймаған.

Шынайы бәсекелестік шыңдай түседі

Мемлекеттік мекемелер мен емханаларға, басқа да органдарға бір шаруаңызбен барсаңыз сұралады-ау деген құжаттарыңыздың көшірмесі қолыңызда болмаса құры босқа әуре болдым дей беріңіз. Бюрократизм машинасы мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған сол бір шақтарда барлық құжаттарды түгел апарып тұрсаңыз да әйтеуір бір ілік табылып, ойыңда жоқ бір қағаздың қажеттілігін туындатып, соның көшірмесін әкелуге мәжбүр етеді. Төрдегінің сені алдына қайта-қайта келтіруден алатын ләззатының жанында ешкім емессің.

Көшелерде «ксерокстер» жалаңдап тұр. Бұған да шүкір. Ол тапшы болса қайтесің, сандалып іздеуге мәжбүрсің. Одан да «ксерокстің» көп болғаны жақсы. Әр параққа 5-10 теңгеден төлейсің. Ақшасы құрысын, әйтеуір тірлігің бітсе болды да. Осындайда кеңестік заманда жұрт «ксерокссіз» қалай күн көрген деп ойлайсың.

Шынайы бәсекелестік қорғалмаған қоғамда күштілер әлсізді «талап» тастайтыны белгілі жайт... «Ксероксті» табыс көзіне айналдырып алғандардың ішіндегі сөзі өтімді, ықпалды, құзырлы органдармен әмпей-жәмпей азаматтар тұрғындар жиі бас сұғатын мекемелердің алдына не ғимараттың ішіне әлгісі құрылғысын орналастырып қояды да қырғын пайда көреді. Әсіресе, «ксерокс» бизнесі халықты әлеуметтік жағынан қорғау, қолдау, қуаттау бағытындағы құзырлы мекемелердің ауласында не ішінде жақсы дамыған-ды.

Әрбір қойылған «ксерокс» бекетінің үстінде бір-бірден «крыша» бар. Мұндай қорғаушысыз кез келген бизнеске көрер күн жоқ.

Менің естігенімдей, әлгіндей мекемелерде жұртқа қызмет көрсету мақсатында қыруар қаржыға «ксерокстер» сатып алынады да олардың басым бөлігі дөкейлердің пәрменімен көшелерге «аттандырылады», біреуі кіреберіске қойылады. Қалғандары мекемедегі лауазымы жоғары қызметкерлер мен басшылықтың кабинеттеріне орналастырылады, одан артылғандары қоймада кезекті «бұйрықты» күтіп «отырады». Ал халықпен бетпе-бет жүздесіп, тиісті құжаттарды қабылдап алатын қатардағы қызметкерлерге «ксерокстер» беріп қоятын ақымақты тапқан екенсің. Егер берілсе бітті, «ксерокс» бизнесі ауыр зардап шегеді, қожайындардың жұтқыншағынан ештеңе өтпей қалады. Ары қарайғысы түсінікті.

Ал сценарий бойынша «ксерокс» қызығын халық көреді, сол үшін жөндеу жұмыстарына, «парошок-сиясына» ақша аямай бөлінеді. Халықты әлеуметтік жағынан қолдап-қуаттауы тиіс мекемелер өзінің қызметіне жүгініп келгендердің ә дегенде «ксерокстер» арқылы қалтасына түседі. Тиын-тебендеп қанай бастайды.

Бірде таныс-бейтаныс, аталған құрылғысымен табыс тауып, күнін көріп жүрген жігіттің жайлы орнынан қимай-қимай көшіп жатқанының үстінен түстім. Жүзі солғын, еңсесі пәс.

– Иә, не болып қалды, жол болсын, қайда көшіп жатырсыз?

– Е, е, қайда деріңіз бар ма, «крышаң» қызметтен кетсе, қаңғып қалады екенсің ғой... Бір дөкей орынды босатсын деп сәлем айтып жіберіпті. Содан амалсыз...

– Түсінікті, енді не істемексің?

– Бір мәнісі болар. Бұл кәсіпті тастамасқа лажым жоқ. Әлгілердің ұсынған орындарында клиент аз, күн көріске жауап бере алмайды...

Рейдерлік, әлсізді ығыстыру, шынайы бәсекелестік тұншықтырылған қоғам. Өмірдің мен баяндаған бұл көріністеріне осыдан жиырма жыл бұрын куә болған едім. Содан бергі аралықта осы іспеттес талай жағдаяттарды көрдік әрі естіп-білдік. Ал қазір ше? Ілгерілеу бар ма? Білмедім. Әділ бәсекелестік даму кілті екенін түсінеміз, бірақ оны қоғамымызда берік орнатуға құлықсыз сияқтымыз. Жо-жоқ, құлықсыз емеспіз, тек араны ашылып, құлқыны кеңіп кеткендер ырық берер емес. Әділетті, шынайы бәсекелестік орнаған қоғам бізге есігін сығырайтып болса да қашан ашады? Бәлкім, біз осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз ба? Мен оны байқамай жүрген болармын. Лайым солай болғай.