Саясат • Бүгін, 10:35

Мәнді кездесулердің тиімді шешімі

36 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар маңызды кездесу өткізді. «GE HealthCare» трансұлттық компаниясының басшысы Костас Делигианниспен кездесу барысында елімізде медициналық жабдықтар өндірісін құру жобасының орындалу барысын талқылады.

Мәнді кездесулердің тиімді шешімі

Фото:gov.kz

Олжас Бектенов Жаһандық инвестиция жөніндегі дөңге­лек үстел аясында «GE HealthCare» компаниясының Таяу Шығыс, Солтүстік-Шығыс пен Оңтүстік Африка, Түркия, Ресей және ТМД елдеріндегі президенті  Костас Делигианниспен кездесті. Тарап­тар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы­мен қол қойылған және денсаулық сақ­тау жүйесін жаңғыртуға, елімізде жергілікті сараптама мен өндіріс­тік мүмкіндіктерді дамытуға бағыт­талған Негіздемелік келісімнің іске асырылу барысын талқылады.

«GE HealthCare» – озық меди­циналық құрылғыларды, диаг­ностикалық фармацевтикалық пре­параттар өндіруде, сондай-ақ ин­теграцияланған цифрлық шешім­дерді, қызметтер мен дерек­терді талдау жүйелерін шығаратын әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Fufeng Group» басшысы Ли Сюэчунмен отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жаңа жобаны іске қосуды талқылады. Қытайлық «Fufeng Group» компаниясы­ның басқарма төраға­сы Ли Сюэчун­мен агроөнеркәсіп­тік кешен және көмір химиясы саласындағы ынты­мақтастық туралы пікірлесті. «Fufeng Group Company Limited» – аминқышқылдар мен өнімін өндіру­ге, сондай-ақ осы саладағы зерттеулер мен әзірлемелерге маманданған био-ферменттеу индустриясындағы әлемдік көшбасшы. Компания әлемдегі ең ірі натрий глутаматы мен ксантан шайырын өндіруші саналады. Бидай мен жүгеріні терең өңдеу крахмал, аминқышқылдары, натрий глутаматы және ксантан шайырының қосылған құны жоғары өнімдерді алуға мүмкіндік береді. Олардың бағасы шикізат құнынан 10–15 есе жоғары. Жоба аясында 1 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Инвестиция көлемі шамамен 300–350 млн долларды құрайды.

Премьер-министр Мемлекет басшысының экономиканың өсуін қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған мақсатына қол жеткізу шең­берінде агроөнеркәсіптік кешенге инвестициялардың маңыздылығын атап өтті.

«Еліміз қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға ұмтылып отыр. Ал астықты терең өңдеу кешендерін салу басым бағыт саналады. Бұл – экономиканы әр­тараптандыруға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік беретін стратегиялық бағыт. Бізде бұл үшін қажеттінің бәрі бар. Инфрақұрылым, шикізат ресурс­тары және мемлекеттік қолдау ша­ра­лары жолға қойылған. Жоба агро­өнеркәсіптік секторда қосымша құн құрудың және озық технологиялар енгізудің жарқын үлгісі болмақ. Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі», деді Олжас Бектенов. Кездесу барысында Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне «Fufeng Group» компаниясымен инвестициялық келісімді жедел түрде дайындауды тапсырды.

Олжас Бектенов америкалық және франциялық «Alstom» және «Wabtec» компанияларының басшыларымен елімізде теміржол машинасын жасауда жергілікті үлесті арттыру жоспарларын талқылады. Премьер-министр жаһандық инвестиция жөніндегі дөңгелек үстел аясында ірі халықаралық компаниялардың басшыларымен – теміржол машинасын жасау саласының әлем­дік көшбасшыларымен кездесті. Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша «Alstom» француз компаниясының президенті Эндрю Делеонимен өндірісті одан әрі локализациялау және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жоспары талқыланды.

«Alstom» – еліміздің теміржол индустриясының негізгі инвесторы. 10 жыл ішінде компания құрылысқа, технологиялар трансферті мен отандық мамандарды оқытуға шамамен 120 млн еуро инвестиция салды. 1 мыңнан аса адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Астанада 7 өндірістік база ашылды, оның ішінде жолаушылар және ауыр жүк электровоздарын өндіретін «Электровоз құрастыру» зауыты бар.

Француз компаниясы 450-ден астам жаңа жұмыс орнын аша отырып, электровозға техникалық қызмет көрсететін төрт орталықтың құрылысын бастады. Жобаның жалпы сомасы 50 млн еуроны құрайды. Шу қаласында алғашқы сервистік орталықтың ашылуы 2025 жылға жоспарланған. Зауыт еліміз бен ТМД нарығын бағындырып, өз орнын сәтімен иеленді. Шығыстан батысқа контейнерлік тасымалдың артуына байланысты шығарылатын өнімге сұраныс артты. Бүгінгі таңда өндіріс көлемі бойынша кәсіпорын отандық теміржол машинасын жасау секторында шамамен 30%-ды алады.

«Alstom» басшысы Эндрю Делео­ни Қазақстанның инвестициялық саясатын қолдайтынын мәлімдеп, елімізде бизнес үшін жасалып жатқан жағдайлар өндірістік қуат­ты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ елімізде индус­трия­лық және көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған ынтымақтастықты кеңейту келе­шегіне назар аударылды, оның ішін­де ҚТЖ-мен әріптестік мәселелері талқыланды.

«Wabtec» америкалық ком­паниясының президенті Рафаэль Сантанамен кездесу барысында теміржол саласына «жасыл» технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Компания Қазақстан­ның ұзақмерзімді инвестициялық серіктесі саналады әрі елімізде локомотив өндірісін локализациялау­ды дамытып жатыр. «Локомотив құрастыру зауыты» – Орталық Азиядағы теміржол көлігі машинасын жасау саласындағы көшбасшы. Компания 2027 жылдан бастап келесі 10 жыл ішінде баламалы отын түрлерін қолдана отырып, жаңа өнімдерді дамытуға шамамен 200 млн доллар инвестиция салуға ниетті.

«Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлар кеңесі отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан­ның негізгі Еуразиялық транзит­тік хаб ретінде елдік позицияларды нығайтуға бағытталғанын атап көрсетті. Елімізде көлік-логистикалық секторды дамытуға, инфрақұрылымды жаңартуға және машина жасауды локализация­лауға ерекше назар аударылады. Біз өндірісті локализациялауға бағытталған бизнес бастамаларын жоғары бағалаймыз және осындай компанияларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстанға локомотивтерді өндіру және жаңғырту хабына айналуға және жеткізушілердің жаһандық тізбегіне енуге мүмкін­дік береді», деп атап өтті Олжас Бектенов.