Фото: Turizm jane sport ministrligi
Әуесқой бокс: Черногорияның Будва қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары ел қоржынына 17 жүлде (6 алтын, 1 күміс, 10 қола) салды.
Күрес: Албанияның бас қаласы Тиранада өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында (олимпиадалық емес салмақтарда) құрама балуандары 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Еркін күрес өкілі Нұрқожа Қайпанов (70 кг) топ жарса, грек-рим шебері Ержет Жарылқасын (63 кг), ал әйелдер күресінен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) күміс медаль иеленді.
Таэквондо: Қатар астанасы Дохада ұйымдастырылған халықаралық турнирде еліміздің ересектер құрамасы 8 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль еншілесе, кадеттер командасы 5 алтын, 8 күміс, 6 қола медаль олжалады.
Шайбалы хоккей: Қытайдың Бейжің қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы қола жүлдеге ие болды.
Үстел теннисі: Словакияның Сенец қаласында ұйымдастырылған WTT Youth Contender турнирінде Жания Бекмұхамбетова 11 жасқа дейінгі балалар арасында үздік атанды.