«Қазақ халқына құрмет» ескерткішін орнатты
Кеңес өкіметі кезінде әскерге шақырылған біз Сахалин аралының Анива қаласында борышымызды өтедік. Ұлы мұхитқа сұғынып жатқан аралдағы ең үлкен қалалардың бірі Аниваның негізгі тұрғын жұртын корейлер құрайтын. Ерекшеліктері – машиналарының нөмірі сары түс, яғни біздің елдің азаматы емес. Білетініміз, кеңес әскерлеріне іштері жылымайтындығы, күлсе де мұздай қабақ аңғарылып тұрар еді.
Кейін елге келгенде байқадық қой, Қазақстанға сонау екінші дүниежүзілік соғыс алдында жер аударылып келген корейлердің дені Анивадан екен. Соғыс алдында жапондар фашистік Германиямен одақтас болды, Сталин Сахалиндегі корейлер соларға жақ тартады деп қауіптенген болса керек.
Корейлер – өте еңбекқор халық. Ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевқа қолына кетпен ұстатып, ұстаз болған, күріш егуді үйреткен де сол корейлер. Аға буыны қашанда қазақ халқына деген ыстық ықыласын танытып жүреді.
– Біз қазақ халқына шынында борыштармыз, – дейді Қазақстан корейлері ОҚО филиалының төрағасы Юрий Югай. – Қазақстан репрессияға ұшырап, қазақ даласына жер аударылған барлық ұлыстарға туғанындай жәрдемдесті. Ата-бабаларымыз: «Қазақтарды сыйлаңдар, біздің тірі жүргеніміз, сендердің амандықтарың тікелей бауырмал қазақ халқының арқасы», дейтін. Сол қамқорлықты бүгінгі буын – біз де жақсы сезінеміз. Елбасы: «Біздің бақытымыз – көп ұлттылығымызда», дегенді жиі айтады. Расында, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда қазақ халқы өз жерінде 50 пайызға да жетпейтін. Бірақ, осындағы этностардың ешқайсысы бүйректен сирақ шығарған жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлының, қазақ халқының жанында болды, ертеректе аман алып қалғанын ұмытпады деп ойлаймын. Қазақ ағайынның қамқорлығын көрген барлық ұлт, ұлыс өкілдері де «Қазақстан тәуелсіздік ала алмауы мүмкін», деп болжам жасаған теріс ниеттілердің қарау ойын жоққа шығарды.
– Сіздер бірінші болып Алматы облысы Үштөбе қаласында «Қазақ халқына құрмет» деген белгісі бар ескерткіш орнаттыңыздар. Ықылас-пейілдеріңізге рахмет. Жалпы, Қазақстандағы корей бауырлардың саны қанша, қаншасы Оңтүстікте тұрады?
– Жүз мыңнан асады, оның он мыңнан астамы Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып жатыр. Ескерткіш мәселесіне келсек, жоғарыда себебін айттым.
Қазақстаннан пана тауып, қиын-қыстау шақта аман қалған ата-аналарымыздың дені өмірден озды. Кейінгі ұрпақ сол қиын тағдырды ұмытпасын деп ойладық. Осындай ескерткіш Батыс Қазақстан облысында да орнатылды. Енді Оңтүстік Қазақстан облысында да ескерткіш белгі қоюды ойластырып жатырмыз. Корей халқы жақсылықты ұмытпайтын, ізгілік, бауырмалдық, үлкенді сыйлау сияқты азаматтық қасиеттерден қазақ халқына ұқсастығы көп. Түбі бір Азияның балаларымыз ғой.
– Сіздерде «Коре ильбо» атты корей тілінде шығатын газеттеріңіз бар. Бұрнағы жылы 90 жылдығын тойладыңыздар. Ал, Қазақстанға репрессия салқынымен келгендеріңізге 78 жыл...
– Түсіндім. Біздің корейлер Қиыр Шығыстан жер аударылғанда дүние-мүліктерін алып өте алмады. Көпшілігі бірнеше күндік азық-түлік, киім-кешегін ғана қамдап үлгерді. Ал ұлттың ертеңін ойлаған, түп тамырынан ажырамасын деген есті кісілер қойын-қонышына азық-түлік емес, корей әріптерінің шойыннан құйылған үлгісін алып өтті. Газет ол жақта 1923 жылдан бері шыға бастаған. Содан бері есептегенде, 2013 жылы 90 жасқа толды. Алғашқыда Қызылорда облысында шықты, кейін астана Алматыға ауысқанда редакция да көшіп келді. Бүгінде 10 мың таралыммен жарық көреді. Ал «Коре ильбо» деген атау «корейлер өмірі» деген мағынаны береді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ бауырында отырған этностарға жасаған қамқорлығының тағы бір жағымды жағын айта кетейін. Қос корей мемлекетінен бөлек, Қазақстаннан басқа елдерде бірде-бір корей театры жоқ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде филология бөлімінде корей факультеті бар. 100 мыңнан асатын бір халықтың өкіліне ғана осындай құрмет көрсетіліп отыр. Ал өзге елдерде тұратын, халық саны 1 миллионнан асатын ұлт өкілдерінде газет, мәдени ошақтары жоқ. Екінші сортты ұлт ретінде сезінеді өздерін. Біз болсақ, Қазақстанды туған Отанымыз деп білеміз. Мұның бәрі мемлекеттік саясаттың жолға дұрыс қойылғанында.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерде: * корейлік биші қыздар;
*Юрий Югай.