Бидайға сұраныс қандай?
Облыс аумағындағы 36 элеватор жергілікті шаруашылықтан 1,2 млн тонна бидай қабылдаған. Оның 57%-ы – 3-сұрыпты, 29%-ы – 4-сұрыпты, 10%-ы – 5-сұрыпты бидай. Алайда диірмендердің көбі былтыр жинап алған қорын әлі түгесе алмай отыр. Биылғы өнімді сатып алуға ыждағатсыз. Бидайға сұраныс төмен болғандықтан, бағасы да майлы, бұршақты дақылдардан әлдеқайда арзан. Құрғақшылық пен күзгі жауын-шашын салдарынан бірнеше жыл қатарынан дұрыс өнім ала алмай келіп, биыл маңдай тері өтелгендей болған шаруаларды да осы бидай нарығындағы баға мәселесі алаңдатып отыр.
Кәнігі диқан Бауыржан Барсақбаев Қостанай ауданында 2 мың, Наурызым ауданында 3 мың гектар жерге дән егеді. Біріншісінен гектарына 20 центнерге дейін өнім алған. Наурызым ауданына қарасты Раздольный маңындағы алқабынан алған өнімі келесі жылғы тұқымдыққа да жетпейді.
«Науырзым ауданындағы Буревестник, Раздольный, Өлеңді ауылдарында кеш сепкен егін өспей қалды. Дұрыс өнім бермеді. Тіпті кейбір алқапқа комбайн кірген жоқ. Аурудан ба, әлде жаңбыр шайып кетті ме, масақта бидай жоқ. Баға болмай жатыр. Мысалы, мен арпаны Қостанайдан 300 шақырым қашықта жатқан Раздольныйдан тасимын. Жүк көліктерінің қызметі қымбат, бір «КамАЗ» арпаны Қостанайға жеткізу үшін 60 мың теңге сұрайды. Мұнда бір тонна арпаға 45–46 мың теңге береді. Сондықтан бірден 4 көлік жалдаймын, соның біреуінің ақшасы жүк көліктерінің қызметіне кетеді», дейді Б.Барсақбаев.
Диқандар қашанғы сандалады?
Шаруалардың айтуынша, биыл солтүстік аудандар жақсы өнім алғанымен, бидайдың қамырлылығы төмен – 18, 20, 22% шамасында. Өйткені жазда жаңбыр көп болып, күннің көзі дұрыс түспеген. Мемлекеттік стандарт бойынша 3-сұрыпты бидайдың қамырлылығы 23%-дан басталады. Бірақ 23%-ды диірмендер ешқашан 3-сұрыпты бидай деп санамайды, оған 4-сұрыптың бағасын береді. Диірменге қамырлылығы 25%-дан жоғары өнім керек.
«Осыдан 10–15 жыл бұрын «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» бізден өте үлкен көлемде, миллиондап бидай сатып алатын. Бағасы да жақсы еді. Осылайша, өңірдегі бүкіл элеваторды жергілікті бидаймен толтырып тастайтын. Оны корпорацияның өзі экспорттайтын. Иран, Ауғанстан, Түркия, тіпті, Италияға дейін жіберетін. Қазір «Азық-түлік корпорациясы» нарықтан тыс қалған секілді. Мысалы, қазір өткен жылы күзде, биыл көктемде өздерінен қарызға ақша алған шаруалардың өнімін ғана сатып алып жатыр. Бұл көлем – өте аз, жалпы өнімнің 5%-ына да жетпейді. Канаданың және бірқатар Еуропа елдерінің шаруалары өнімін көлікке тиеп алып, біз секілді сорлап жүрмейді. Олардың басты міндеті – сапалы өнім өсіру. Біз сияқты өнімім өтпей қалады-ау деп бас ауыртпайды. Бидайы кез келген уақытта лайықты бағаға өтетініне сенімді. Біздің бидайдың құны көк тиын. Өзімізден басқа ешкімге керегі жоқ. Қостанайдың өзінде екі тәулік жүріп арпамызды өткізе алмадық. Қаланың ана шетіне бір, мына шетіне бір барамыз, біреуі бағаны түсіреді, екіншісі ақшаңды кейін береміз дейді. Сондықтан жоғарғы жақ осының бәрін нарыққа итере бермей, мәселені реттеу жағын ойластыруы керек. Қанша дегенмен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек қой», дейді шаруалар.
Сапалы бидай да сатылмай тұр
Меңдіқара ауданындағы «Қарқын» агрофирмасы да күзгі науқанды ойдағыдай аяқтады. Серіктестік бір гектардан 20 центнерден өнім алды. Өнімнің 60%-ы – 3-ші, қалғаны 4-сұрыпты. Яғни бидайының басым бөлігі сапалы.
«Бірақ баға түсті. Сұраныс жоқ. Өзбекстан бидайды ғана алып жатыр, ұн өтпейді. Ал ұн экспортқа өтпесе, диірмендер біздің бидайды алмайды. Екіншіден, бидайды экспорттау да қиын болып тұр. Республика бойынша шамамен 26 млн тонна дәнді дақыл, оның ішінде 18 млн тонна бидай алатын шығармыз. Ал елімізде келесі жылға тұқым қалдыруға, тұрақтандыру қорын толтыруға, халықты бір жылдық ұн өнімдерімен, нанмен қамтамасыз етуге 7 млн тонна бидай жетеді. Қалғанын сыртқа сату керек. Біреулер биыл біздің бидайды Қытай алады екен деп жатыр. Олар жылда аламыз дейді. Бірақ Қытайдың көп алғанын көрген жоқпын. Қазір ең сапалы деген 3-сұрыпты бидайдың бағасы 60–65 мың теңге. Сондықтан шаруашылықтардың көбі бидайын сата алмай отыр. Өйткені элеваторлар бидайдың қамырлылығын түсіріп, бағаны арзандатып жіберіп жатыр. 3-сұрыпқа 4-сұрыптың бағасын береді. Өткенде қамырлылығы 23% болатын 2 мың тонна бидай тапсырып едік, элеватор оны 22%-ға түсіріп тастады. Элеваторға барсаң, қамырлылықты 5-6 пунктке дейін түсіріп, ылғалды көбейтеді. Шаруалар осы мәселеге наразы. Элеваторлар жекенің меншігінде болған соң, оған ешкім ештеңе айта алмайды. Неге олай екенін білмеймін. Бұрын астық инспекциясы деген болушы еді, оны құртты. Қазір диірмен, элеваторларды ешкім тексермейді, ол дұрыс емес. Үкімет осы мәселені реттеп берсе игі. Элеватор жекенің меншігінде болса да, осы елде тұрғандықтан, бір тәртіпке бағынуы керек қой», дейді Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов.
Шаруалар несиесін жаба алмай отыр
Шаруалардың айтуынша, нарықтағы бидай бағасы 40, 50, 60 мың теңгеден аспайды. Сондықтан биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткізген шаруашылықтардың өзі астығын лайықты бағамен өткізе алмай жатыр. Былтыр «Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан» форвардты сатып алу бойынша қарыз алған шаруалардың біразы әлі күнге дейін берешегін жаба алмаған. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтің айтуынша, бүгінде берешегі бар диқандардың 50%-ы ғана борышын өтеген.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен күнделікті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар қарызын 1 қарашаға дейін өтеуге тиіс. Мұның сыртында, былтыр 19 шаруашылық тауарлық несие мерзімін ұзартып пролонгация алған. Олардың 13%-ы ғана берешегінен құтылды. Қалған шаруашылықтар желтоқсанның біріне дейін қарызын өтейді деп үміттенеміз. Көбі қарызын бүгін-ертең өтеуді жоспарлап отыр. Шаруашылықтар берешектен биыл құтылуға тиіс. Мұны кәсіпкерлердің бәрі біледі. Егер талап орындалмаса, корпорация берген қарызын келісімшартта көрсетілгендей сот тәртібімен мәжбүрлі түрде өндіріп алады», дейді басқарма басшысы.
Былтыр несие алған, жоғарыда аталған корпорациямен келісімшарт жасасқан шаруашылық өкілдері мәселенің түйінін бидайдың бағасына әкеп тірейді.
«Корпорацияның осыдан бір ай бұрын берген бағасы жаман емес. Өте сапалы бидайға 100 мың теңгеден, орташа 3-сұрыпты бидайға 85 мың теңге, 4-сұрыпқа 75 мың теңге берді. Бірақ қазір бұл бағамен ешкім алып жатқан жоқ. Нарықтағы баға 50–60 мың теңге. Корпорация жазғытұрым шаруаларға 40 млрд теңге көлемінде несие үлестірген. Енді соны жабу бізге қиынға соғып отыр. Өйткені бидай алып жатқан элеватор жоқ, элеваторды бақылап жатқан адам жоқ. Апарған 3-сұрыпты бидайды 4-ші, 4-сұрыпты бидайды 5-сұрып қып жібереді. Таяуда Қостанайда Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің отырысы өтті. Осы жиында да біраз мәселе көтерілді. Тасымалдау мәселесі сөз болды. Бірақ әлі нақты шешім жоқ. Элеваторлар бидай қабылдамайды. Кейбір жекенменшік элеваторлар корпорациямен мүлде жұмыс істегісі келмейді. Биыл майлы дақылдардың да түсімі жоғары болды. Бірақ оны да нарықта сатып алып жатқан адам жоқ. Мысалы, Ресейде күнбағыстың 1 тоннасы 45 рубльге бағаланады. Біздің валютамен 210–215 мың теңге. Бірақ біз күнбағысты не Ресейге, не Қытайға шығара алмаймыз. Себебі отандық күнбағыстың тоннасын 100 еуроға бағалап қойған квота бар. 100 еуроңыз – 52–55 мың теңге. Сонда біздің күнбағыс 150 мың теңгеге арзан болып шығады. Қазір бізде май зауыты күнбағысты 140–150 теңгеден қабылдап жатыр. Оның өзі көп мөлшерде қабылдай алмайды, өйткені мол шикізат сатып алатын қаражаты жоқ», дейді Меңдіқара ауданындағы «Азат» ЖШС басшысы Марат Ахметов.
Мемлекет берешегін қашан өтейді?
Шаруалар Аграрлық мәселелер комитеті өкілдеріне арнайы комиссия шығаруды, ол комиссия элеваторлар босағанша шаруашылық қоймаларында жатқан бидайдың сапасын анықтап, қолхат арқылы қойманы құлыптап қоюды сұраған. Комитет өкілдері бұл ұсынысты қолдаған сыңай танытқанымен, әлі нақты нәтиже жоқ.
«Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Биыл тәубе, егінді бәріміз жинап алдық. Мемлекет берген арзан жанармай жеткілікті болды. Мемлекет кептіргіштерге де субсидия берді. Біз өзіміз 4-5 мың тонна майлы, дәнді дақылымызды осы құрылғылармен кептірдік. Бірақ өнім көп, сапа төмен. Бидайдың 65–70%-ы сапалы дегенді естіп қалып жатырмыз. Бұл дұрыс ақпарат емес. Өйткені өзіміз өндіріп жатырмыз ғой, біздің Меңдіқара өңірінде бидайдың 30%-ы сапалы, қалғаны – 4-ші, 5-сұрып», дейді М.Ахметов.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шаруалар берешек мерзімін желтоқсан айына дейін ұзартуды сұрайды. Мұның сыртында, өңірде 9 түрлі мемлекеттік бағдарламаға қатысқан шаруашылықтар өздеріне тиесілі субсидия қаржысын біраз уақыттан бері ала алмай отыр. Яғни мемлекеттің облыс шаруашылықтарына 45 млрд теңге көлемінде берешегі бар.
«Субсидия мәлесесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен тұрақты байланыс жасап отырмыз. Әйткенмен тиесілі қаржының нақты қашан түсетіні әзірге белгісіз», дейді Ибрагим Бекмұхамедов.
Қостанай облысы