30 Қаңтар, 2015

Ұлытау шайқасы: тарихи тағылым

2551 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
қазақ 005 Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты кезекті Жолдауында 2015 жылы елімізде ресми түрде төрт мерекенің атап өтілетінін айтқан болатын-ды. Сол әр мерекенің ел тарихында алатын орны ерекше. Солардың ішінде – Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толатын атаулы күн айрықша деуге болады. Өйткені, еліміздің – Қазақстан Республикасы деп, жеріміздің – Қазақстан деп, халқымыздың қазақтар деп аталуының басында қазақ хандығының тарих төріне көтерілуі тұр. XV ғасырдың орта тұсында құрылған Қазақ хандығы өзінің алғашқы күнінен бастап ел мүддесіне сай, ру-тайпалардың этностық аумақтарын қалпына келтіру үшін күрес жүргізді. Ол мемле­кет­тің қабырғасын қатайтып, іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктеді. Сондай күрестердің біріне – 1510 жылы қыс айларында Ұлытау маңында Қасым хан мен оның сол кездегі басты қарсыласы – Мұхаммед Шайбани хан арасында өткен ұрыс жатады. Бұл ұрыста кім жеңіске жетсе, сол бүкіл Дешті Қыпшаққа иелік етуші еді. Осыған орай, біз төменде осы шайқас туралы материалдарды көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. Ұлытау шайқасы – 1505-1510 жылдар аралығында Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы шибанилық әулет әскерлерінің арасындағы соғыс барысында болған шайқастардың бірі және соңғысы. Ол 1510 жылы қыс айларында Ұлытауда Қасым хан басқарған қазақ әскері мен Мауереннахрдағы шибанилық әулеттің негізін салушы, Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан әскерінің арасында өтеді. Шайбани хан үшін шайқастың мақсаты Қазақ хандығын толығымен бағындыру болды. Қасым ханның қолданған әскери әдіс-тәсілі арқасында жау әскері тас-талқан болып жеңіледі. Осы шайқастан кейін Қасым хан бүкіл қазақтың билеушісіне айналып, оның он жылға созылған хан­дықты басқару кезеңі басталады. Қазақ хандығы сол ғасырда өзінің ең шырқау шегіне, Қасым ханның билік құрған жылдарына әкеледі. Ал Мұхаммед Шайбани ханның осы жеңілістен кейін жолы болмай, сол жылдың аяғында Мерв қаласы түбінде қаза табады. Енді осы Ұлытау шайқасы туралы тере­ңі­рек тоқталалық. Алдымен Ұлытау шай­қасы қарсаңындағы Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы шибанилық әулет арасындағы саяси қарым-қатынастарға назар аударып көрелік. XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен құрылған Қазақ хандығы сол ғасырдың 70-90-жылдары Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлер үшін Темір әулетімен күрес жүр­гізеді. Мұхаммед Шайбани хан атасы Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан (469 жылы) және әкесінің туған інісі, Әбілқайырдан соң хан тағына отырған ағасы Шайх Хайдар ханның қаза табуынан соң (1470/71 жылы) қашып жүріп, ақыры Мауереннахрдағы Темір әулетін паналайды. Самарқан билеушісі темірлік мырза Сұлтан Ахмет оған көмек беріп, Сыр бойын иелене бастаған Қазақ хандығына қарсы қояды. Сөйтіп, Қазақ хандығының ширек ғасырға созылған Сырдың орта ағысы бойындағы Түркістан қалалары үшін кескілескен шайқастар жүреді. Шайқастар барысына Мұхаммед Шайбани хан белсене араласады. Бұл күрестің 1494-1496 жылдары өткен үшінші кезеңіне Моғолстан мемлекеті де қатысады. Ақыры, шамамен 1497 жылы күресуші үш жақ: Қазақ хандығы, Моғолстан және Мұхаммед Шайбани хан бастаған шибанилық сұлтандар өзара бейбіт келісімдерге келіп, Түркістан аймағын үшке бөліп алады. Қазақ хандығы аймақтың Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлері енетін сол­түс­тік бөлігін, Моғолстан мемлекеті оңтүс­тік бөліктегі Ташкент пен Сайрам өңірлерін, ал шибанилық сұлтандар аймақтың орталық бөлігіндегі Яссы мен Отырар өңірлерін иемденеді. Бейбіт келісімдер туысқандық байланыстармен нығайтылады. Деректерде қазақ ханы Бұрындық өзінің бір қызын Мұхаммед Шайбаниға, екінші бір қызын оның туған інісі Махмуд сұлтанға ұзатқандығы жөнінде айтылады. Сондай-ақ қазақ сұл­тан­дары кешегі қарсыласы – моғол хан­дарымен де туыстасады. Қасым сұлтан­ның туған ағасы, сол кездегі ең беделді қазақ сұлтандарының бірі – Әдік сұлтан моғол билеушісі Сұлтан Махмуд ханның қарындасы, Жүніс ханның ең кіші қызы – Сұлтан Нигар ханымға үйленеді. Сөйтіп, соғысушы жақтар арасында бейбітшілік орнағандай болады. Бірақ бұл бейбіт жылдар ұзаққа созылмайды. Темір әулетінің мырзалары арасын­дағы шиеленіскен саяси дағдарыс пен өзара күрестерді өте шебер пайдалана білген Әбілқайыр ханның немересі 1500 жылы моғол ханының әскери көме­гімен Самарқан тағын басып алады да, көп ұзамай Мауереннахрдың өзге де аймақтарын бағындыра бастайды. 1501-1504 жылдар аралығында бүкіл Мауереннахр аумағында Мұхаммед Шайбани ханның жеке-дара билігі орнығады. 1505 жылы Хорезм аймағы да бағын­дырылады. Бұрынғы темірлік мырза­лар мен оның жақтастарының бар байлығы шибанилық сұлтандар мен олардың жақтастарының қолына өтеді. Осылайша, Орта Азияда 130 жыл бойы билік құрған Темір әулетінің орнына, жаңа әулет – шибанилық әулет билікке келеді. Жаңа билеуші өз билігін тұрақтандыру үшін бірнеше реформаларды, оның ішінде ақша реформасын жүзеге асырады. Жергілікті ірі дін басыларымен жақындасып, әртүрлі діни тақырыптар бойынша пікірсайыстар өткізеді. Бұхара, Самарқан қалаларында өткізілген діни тақырыптарда жаңа әулеттің және Мұхам­мед Шайбани ханның билігі мәсе­­ле­­лері қозғалып, оны діни жағынан негіздеу қарастырылады. Мұхаммед Шайбани хан Мауерен­нахр­дағы билігін әбден орнықтырып болған соң, назарын қайтадан солтүс­тіктегі Қазақ хандығына аударады. Қазақ хандығын өзіне тәуелді ету үшін ол 1506 жылдан бастап қазақтарға қарсы күрестің бірнеше түрін бірден қолданады. Оларға экономикалық, идеологиялық, діни және әскери күрестер жатты. Бірінші күрес, ол – экономикалық күрес болды. Дешті Қыпшақ аумағында туып-өсіп, өмірінің 20 жылын сонда өткізген Мұхаммед Шайбани хан дештілік тұрғындардың қандай тауарларды Мауереннахр қалаларынан сатып алатынын жақсы білетін. Егерде қазақтардың Мауереннахр аумағындағы сауда-саттығына тыйым салынса, онда олардың жағдайы күрт нашарлайды. Бұл Мауереннахр билеушісіне өте тиімді болатын. Оның ойынша қазақтарды бағыныштылықта ұстаудың бір жолы – осы жол болуы тиіс. Сол мақсатпен шибанилық хан Түркістан аймағының тұрғындары үшін қазақтармен сауда-саттық жасамау, қазақтармен араласпау және саудагерлердің ол жаққа бармауы туралы заң шығарады. Тіпті, Хорезм мен Түркістан аймақтарында жүрген қазақ саудагерлерін тонауға бірнеше рет жарлық береді. Ал қазақтар жағы да қарап қалмай, тоналған сауда керуендері үшін кек алу мақсатында бірнеше рет Мауереннахр аумағына жорықтар жасайды. Бұл туралы Мұхаммед Шайбани ханның хатшысы, әрі діни кеңесшісі болған Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани өз еңбегінде айтып өтеді. Екінші күреске – идеологиялық күрес жатты. Бұл күрестің негізгі мақсаты – қазақ хандарының беделін төмендетіп, олардың билігінің заңсыз екендігін көрсету болды. Сол мақсатта арнайы тапсырмамен 1504-1506 жылдары кітаптар жазылып, онда қазақ хандары мен сұлтандарының соғыса алмайтындығы туралы баяндалады. Шыңғыс хан ұрпақ­тарының шежіресі жазылып, онда қазақ хандары Жошының ең кіші ұлы – Тұқай Темірден тарқатылады. Ел арасына шибанилық сұлтандардың Тұқай Темір­лік сұлтандардан артықшылығын, мәртебесі жоғары екендігін көрсететін мынадай аңыз-әңгіме желі тартады. Бұл әңгімені шибанилық әулеттің тарихшысы Өтеміс қажы өз кітабында баяндайды. Оның қысқаша мазмұны төмендегідей: «Жошы хан қайтыс болғаннан кейін оның артында қалған ұлдарының ешқайсысы билікті иеленбей, оны атамыз шешсін деп Шыңғыс ханға келіпті. Шыңғыс хан немерелерінің әңгімелерін тыңдап болған соң, үш киіз үй тіктіріпті де, алтын босағалы Ақ ордаға Батыйды, күміс босағалы Көк ордаға Орда Еженді, болат босағалы Боз ордаға Шибанды кіргізіпті. Ал Тұқай Темірге арба да бермепті. Содан бері шибанилықтар тұқайтемірліктерге «Біз сендерден артықпыз», – деп айтатын болыпты». Осылайша, қазақ хандары мен сұлтандарының арғы атасын Тұқай Темірден тарату арқылы олардың беделін төмендету көзделіп, Дешті Қыпшақтағы олардың билігінің заңсыз екендігі осы күрестің екінші түрінде «дәлелденеді». Күрестің үшінші түріне – діни күрес жатты. Бұл бойынша Мұхаммед Шайбани хан Орта Азиялық ірі дін басыларына қазақтарды кәпірлер деп жариялатқызады. Ал кәпірлерге қарсы соғыс – қасиетті  соғыс, оған әрбір мұсылманның қатысуы міндет­ті деп, шибанилық билеуші өзінің қазақ­тарға қарсы жасайтын жорықтарына жаппай мұсылмандық сипат бергізгенін жазады Рузбихан. Сонымен бірге, автор Шыңғыс хан ұрпақтары арасында исламды алғаш қабылдаған хандар туралы айтады. Иранда – Газан ханның (1295-1304 жж. билік құрған), Шағатай мемлекетінде – Барақ ханның (1266-1271 жж.) алғашқы болып исламды қабылдағанын айта келе, дәл солардың заманында Жошы ұлысында да хандар мұсылман бола бас­тады дейді. Шайбани ханның айтуынша, «Шыңғыс ханнан тарайтын біздің бесінші атамыз исламды қабылдаған, сол күннен бері бүкіл Жошы ұлысы мұсылман болған» деп жазады кітап авторы. Одан әрі Рузбихан былай дейді: «...Өзбек тайпалары да исламды қабылдады, солардың ішінде қазақтар да бар. Қазақ ұлысында исламның тамыры Шыңғыс хан ұлысында исламды алғаш қабылдаған кезден бері берік орныққан. Бірақ олардың арасында шамандықтың қалдықтары, пұтқа табынушылық әлі күнге дейін сақталып қалған. Мұсылман бола тұра шамандыққа, пұтқа табынушылыққа тән іс-әрекеттерге барса, онда оны діннен ауытқушылық деп атап, ондай қасиеттер тек кәпірлерде болады», деп ой түйеді Шайбани ханның хатшысы Рузбихан «Михман наме-Бухара» атты кітабында. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидың бұл мәліметінен біз, Мұхаммед Шайбани ханның Қазақ хандығына қарсы мықтап дайындалғанын байқаймыз. Шибанилық ханның тапсырмасымен қазақтардың діні туралы жоғарыда айтып өткен теріс пікірлер мауереннахрлықтарды қасиетті соғысқа итермелейді. Соған қарамастан автор қазақтардың діні жөнінде басқа адамдардан есті­гендерін де жазады. Онда «... Қазақтар­дың мұсылмандыққа өткеніне 200 жылдан астам уақыт өтті. ... Олар Құран оқиды, намазға жығылады, балаларын мектептерге береді, ораза ұстайды, неке келісімінсіз үйленбейді...», деп нақты атап өтеді. Шайбани ханның Қазақ хандығына қарсы жариялаған діни күресінің түпкі мақсатын «Михман наме-Бухара» кітабынан кездестіруге болады. XV ғасырдың басында Иранда сефевилер әулеті билікке келіп, олар шиизмді ресми дін ретінде жариялайды да, суниттер қуғынға ұшырайды. Көптеген суниттік бағыттағы діни ғұламалар, білімді адамдар Мауереннахрға қашып келеді. Солардың бірі – Рузбихан болатын. Оларды Мұхаммед Шайбани хан өз қызметіне алады. Шибанилық ханның билігі күшейгеннен кейін олар біртіндеп, Шайбани ханды қызылбастар еліне қарсы соғысқа шығуға итермелей бастайды. Оған негіз етіп хадистерден мысалдар келтіреді. 817-898 жылдары өмір сүрген Әбу Дәуід ас-Сиджистани имамның хадис­тер жинағында пайғамбардың мынадай сөздері бар екен: « Мұхаммед пайғамбар өзі қайтыс болғаннан кейін біраз уақыттан кейін Мауереннахрда «мұсылмандар қорғаушысы» пайда болады және оның бес белгісі болады деген екен». Сол бес белгіні талдай келе, олардың бәрі де Шайбани ханда кездеседі деп ой түйеді Рузбихан. Басқаша айтқанда, суниттік бағыттағы дін басылары мен ғұламалар Мұхаммед Шайбани ханды Иран мен Ирактағы сефевилер әулетіне қарсы соғысқа аттануға итермелейді. Мұхаммед Шайбани ханға хадисте жазылғандай, бүкіл «мұсылмандардың қорғаушысы» болу үшін, оңтүстік-батыс­тағы мықты қарсыласы сефевилер әулетін жеңу керек, ал ол үшін алды­мен, солтүстіктегі қарсыласы – Қазақ хандығын талқандау керек болды. Сөй­тіп, қазақтарға қарсы жасалатын соғыс­тың себебі көрінеді. Ал енді күрестің төртінші түріне – әскери күрес, яғни Қазақ хандығына қарсы жасалған жорықтар жатты. 1505-1510 жылдар аралығында Мұхаммед Шайбани хан қазақтарға қарсы төрт рет жойқын жорықтар ұйымдастырады. Оның алғашқы үшеуі біршама табыс­ты өтеді. Осы үш жорық барысында Сыр бойында қыстайтын Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары көп шығынға ұшырайды. Сол жылдардағы қазақ би­леу­шісі Бұрындық хан тарапынан жау­ға қарсы ешқандай қарсылық ұйым­дас­тырылмайды. Бұл жағдай оның ел ішіндегі беделін түсіріп жібереді. Үшін­ші жорыққа қатысқан Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани жорық барысы мен сол кездегі оқиғаларды өз кітабында жақсы баяндайды. Үш жорық барысында бірнеше қазақ ұлыстары талан-таражға түскенімен Мұхаммед Шайбани хан өзінің түпкі мақсаты – Қазақ хандығын бағындыруды жүзеге асыра алмайды. Сөйтіп, ол 1510 жылы қазақтарға қарсы өзінің төртінші, соңғы жорығын ұйымдастырады. 1510 жылғы Ұлытау шайқасы қар­саңын­дағы Қазақ хандығының ішкі сая­си жағдайы жөнінде бір-екі ауыз сөз айтар болсақ, сол кездегі қазақтың ханы – Керей ханның ұлы Бұрындық хан еді. XV ғасырдың 70-90-жылдарындағы Қазақ хандығының Сырдың орта ағы­сы бойындағы қалалар мен өңірлер үшін жүргізілген күрестері барысында ол барлық сыртқы саясатқа жалпы басшылық етсе, бүкіл қазақ әскерлеріне нақты басшылық Жәнібек ханның ұлы Қасым сұлтанның қолында болады. Өзара келісіп, бірігіп жүргізген күрес өз нәтижесін беріп, сол ғасырдың соңына таман Қазақ хандығы Сырдың солтүстік бөлігіне табан тіреген-ді. XV ғасырдың соңғы жылдары жасалған келісімдер мен туысқандық байланыс­тар Керей хан ұлдары мен Жәнібек хан ұлдары арасына сызат түсіреді. Бұрындық ханның Мұхаммед Шайбани ханмен жасаған туыстық байланысына қарсылық ретінде Жәнібек ханның ұлдары Моғолстан ханымен туыстық байланыстар орнатады. XVI ғасырдың басындағы Мұхам­мед Шайбани ханның алғашқы үш жорығында Сыр бойындағы Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары талқандалады. Бұрындық хан тарапынан ортақ жауға қарсы ешқандай әрекеттер жасалмай­ды. Бұл да Қазақ хан­дығының негізін салушылардың ұ­л­дары ара­сын­дағы сызаттың тереңдей түс­кенін көрсетеді. Деректер бұл ту­ралы мынадай мәліметтер береді: «... Қасым хан Бұрындық ханның жанын­да болуды қаламайтын. Өйткені, оның жанында болатын болса, оны құрмет тұтуға тура келеді. Ал іштей жеккөру­шілік оған құрмет білдіруге жол бер­мейтін-ді. Сондықтан Қасым хан одан іргесін аулақ ұстайтын. Бұрындық хан Сарайшыққа қоныс тепті. Қасым хан одан мүмкіндігінше қашық жүрейін деп Моғолстан шекарасына кетіп қалды». 1510 жылғы Ұлытау шайқасы қар­саңындағы Қазақ хандығының билеу­ші топтары арасындағы жағдай осындай болатын. Енді нақты шайқастың өзіне ауыссақ, Шайбани ханның 1510 жылғы қазақтарға қарсы жасаған төртінші жорығы туралы мәліметтер өте қысқа түрде болса да, бір-екі шығармада кездеседі. 1525-1533 жылдары жазылған Абдаллах Балхидың «Зубдат ал-асар» атты шығармасында және 1541-1546 жылдар аралығында жазылған Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде жорық туралы айтылады. Бұған дейінгі жорықтар секілді бұл төртінші жорық та қыс айларында басталады. Өйткені, қазақ ұлыстары шаруашылық жағдайларына байланысты қыс айларында бір-бірінен өте алыс орналасатын және әрбір ұлыс көрші ұлыста не болып жатқанынан бейхабар болатын. Сол кезде Қасым ханда 200 мыңнан аса әскер болған еді. Қыста оның әскерлері әр жерде қыстап шығатын. Осындай заңдылықты жақсы білетін Мұхаммед Шайбани хан қазақтарға жорықтарын тек қыста ұйымдастырып отырды. 1510 жылдың қысында шибанилық би­леуші көп әскерімен Дешті Қыпшақ ау­мағына басып кіреді. Ханның өзі Сыр бойындағы Көк Кесене деген жерде қалып, ұлы Темір сұлтан мен немере інісі Ұбайдаллах сұлтан бастаған бар­лық әс­керді Ұлытау маңындағы Қа­сым хан­ның ордасына аттандырады. Ши­банилық тарихшы одан арғы оқи­ға барысын былайша баян етеді. «...Қа­сым ханның ордасына Темір сұлтан мен Ұбайдаллах сұлтан бастаған әскер кенеттен соққы берді. Қасым ханда оларға қарсы тұрарлықтай күш болмады. Сөйтіп, оның Ұлытаудағы Ордасы мен ел-жұрты сұлтандардың қолына түсті. Тәжірибесі аз жас сұлтандар жеңістерін бірнеше күн бойы Қасым хан ордасында тойлап, қарсыластарынан ешқандай қауіп күтпеді, жау бар екенін естеріне де алмады, күзет те қоймады». Одан арғы оқиғалар барысы Абдаллах Балхи мен Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектерінде былайша жалғасады: «Қасым хан шибанилық сұлтандардың қаннен-қаперсіз екенін білгеннен соң, жағдайдың бәрін анықтау үшін барлауға өзінің сенімді адамдарының бірі – Мойынсыз Хасен деген батырын азғантай адамдармен жібереді. Қасым ханның батыры қарауылы жоқ ордаға өте жақын келіп, Қасым хан келіп қалды деп қауесет таратады да, тікелей ұрысқа түспей алыс­тан қарасын көрсетіп отырады. Қатты қорқып қалған шибанилықтар бір-біріне қарауға мұршалары келмей, бойларын үрей билеп, қаша бастайды. Ешкімнің ойына қарсылық көрсету туралы ой да келмейді. Шайбани ханның әскерлері, сірә Қасым ханның өзі келген екен деп ойлап, алған олжаларының бәрін тас­тап, Шайбани ханға қашып келеді». «Зубдат ал-асар» авторы «Жау тасадан шығып, ұрыс салды, ұрыс майданында көп адам қаза тапты. Сол ұрыста Шайбани ханның аға бегі Қамбар мырза қаза тапты. Әскердің барлық қару-жарағы қазақтардың қолына түсті. Қашқан шибанилық сұлтандар аянышты күйде Шайбани ханға келіп қосылды. Олардың соңынан өкшелей қуған қазақтар тағы да Шайбани ханның көп адамының көзін жойды. Олардың ішінде ханның ең жақын серіктері көп еді». Төменде осы келтірген дерек мә­ліметіндегі оқиғаларға талдау жасасақ біраз деректерге қанық боламыз. Алды­менен, дерек мәліметін хабарлаушы кім, деген сауалға жауап берелік. Дерек беруші Абдаллах Балхи – XVI ғасырдың басында алғашында темірлік мырзалардың, содан кейін Хорасан аймағын шибанилықтар бағындырғаннан соң шибанилық сұлтан­дардың қызметінде болған тарихшы. Автор шығармасын 1525-1533 жылдар аралығында шибанилық Сүйініш қожа ханның ұлы Келдімұхаммед сұлтанның тапсырмасымен жазған. «Жақсысын асырып, жаманын жасырып» дегендей, автор мүмкіндігінше шибанилық әулетке қызмет етіп отырғандықтан әулет өкілдерінің жеңістерін тілі жеткенше мақтайды да, жеңілістеріне келгенде аз айтуға тырысады. Сол себепті ол Ұлытаудағы шибанилықтардың масқара жеңілісі туралы бір бетке жетер-жетпестей, өте қысқа баяндайды. Егерде Абдаллах Балхи қазақ хандарының қызметінде болып, Ұлытаудағы жеңіс туралы баяндауды оған Қасым ханның өзі тапсырса, онда ол бір бет емес, түгелдей бір кітап жазған болар еді. Шибанилық әулет тарихшысы Ұлытау шайқасын шибанилық әулеттің тұрғысынан жазған деп есептей отыра, төменде сол шайқасқа қатысты өз тұжырымдарымызды келтірелік. Біріншіден, қан майданда талай рет бетпе-бет соғысқан Қасым хан Мұхаммед Шайбани ханның соғыс жүргізу тактикасы мен стратегиясын жақсы білетін, соған байланысты ол қарсыласының соңғы жорығы өз ордасы мен ұлысына бағытталатынын алдын-ала біліп, ұлысын Ұлытау маңына көшіреді. Ондағы ойы – ұлысын жау соққысына кенеттен ұшыратпау болатын. Оның бұл стратегиялық тәсілінің өте дұрыс болғандығын кейінгі оқиғалар дәлелдеп береді. Екіншіден, жау әскері қазақ жеріне енгеннен бастап олардың әрбір қимылын хабаршылар арқылы Қасым хан біліп отырады. Бұл оның әскери барлау мен хабар жеткізу ісін жақсы ұйымдастыра білгенін көрсетеді. Үшіншіден, аз санды әскермен көп санды жауды жеңу үшін дұрыс тактиканы қолдануы. Уақытша шегіну арқылы ол өз ұлысын жау қолында қалдырса да, негізгі күшін сақтап қалады. Жау әскерін сырттай бақылауды ұйымдастырып, олардың бейқамдығын туғызады. Дерек мәліметі жау әскерінің бейқам болғандығы сондай, күзет қоюды қаперіне алмағанын баяндайды. Төртіншіден, Қасым хан қарсылас арасында үрей туғызу әдісін қолдану арқылы жау әскерінің соғысқа дайындалуына мүмкіндік бергізбейді және де қазақтар орасан көп әскермен таяп қалды деген жалған ақпарат тарату арқылы мауереннахрлықтар арасында бей-бере­кетсіздік туғызады. Бесінші­ден, Қасым хан өзінің негізгі күшін тосқауылға қойып, қашқан жаудың қақ маңдайынан соққы береді. Мұндай соққыны күтпеген жау әскерінің қарсылық көрсетуге шамасы келмей, аман қалғандарының қашуға ғана дәрмені жетеді. Деректе баяндалғандай, осы ұрыста Шайбани ханның ең сенімді аға бегі қаза табады. Қаншама қару-жарақтың қолға түскені де айтылады. Алтыншыдан, бүкіл соғыс барысындағы шешуші ұрыс Мұхаммед Шайбани хан басқарған топпен өтеді. Алғашқы ұрыстардан соң әбден үрейленіп, берекесі болмаған жау әскерінің қалғандары Шайбани ханға келіп қосылады. Бірақ жалпы үрей басылмай жатып-ақ Қасым ханның өзі басшылық еткен қазақ әскерлері Сыр бойында келесі соққыны береді. Нәтижесінде Абдаллах Балхидың жазғанындай Мұхаммед Шайбани хан ірі жеңіліске ұшырайды. Осылайша, қазақ жерін жаулауға келген қарсылас жақтың әскеріне Қасым хан қолданған шебер әскери стратегия мен тактиканың, керемет қолбасшылық өнердің арқасында тойтарыс беріп қана қоймай, оларды тас-талқан етіп жеңеді. Осылайша, Ұлытау шайқасындағы қазақтардың жеңісі – бір жағынан, қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалса, екінші жағынан, бүкіл «мұсыл­мандардың қорғаушысы» болуға ұмтыл­ған Мұхаммед Шайбани ханның Иран мен Ирак бағытына жасалатын болашақ жорықтарына тосқауыл болып саналды. 1510 жылғы Ұлытау шай­қасындағы жеңістің Қазақ хандығы үшін маңызы қаншалықты жоғары болса, Мауереннахрдағы шибанилық әулеттің билігі үшін соншалықты төмен болады. Осы жеңістен кейін Қасым ханның беделі Қазақ елі ішінде одан әрі өседі, атақ-абыройы одан әрі тасиды. Қасым хан болса қазақ тағын иеленеді де, он жыл бойы хандық құрады. 1511-1521 жылдар аралығында Қазақ хандығы Қасым ханның басқаруымен сол ғасырдағы өзінің ең шырқау шегіне көтеріледі. Ал Мұхаммед Шайбани ханның жағдайы Ұлытау шайқасындағы жеңіліс­тен соң құлдырай бастайды. Абдаллах Балхи шибанилық тарихшы бола тұра, бұл туралы: «Бір сөзбен айтқанда, Шахбахт-хан (Мұхаммед Шайбани ханның есімдерінің бірі. – Б.К.) ірі жеңіліске ұшырады», – деп жазуға мәжбүр болады. Бұдан кейін оның жаз айларында Ауғанстандағы хазар тайпаларына жасаған жорығы да сәтсіздікке ұшырайды. 1510 жылы қараша айының соңғы күндерінің бірінде Мерв қаласы түбінде Иран шахы Исмайылдың қолынан қаза табады. Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін түйіндей келе, мынадай тұжырымға келеміз. Тари­хы­мызда бұрын айтылмай, көпші­лікке беймәлім болып келген немесе орта ғасырлардағы көптеген қатардағы оқиғалардың бірі деп саналып келген 1510 жылғы Ұлытау шайқасындағы жеңісті тарихымыздағы ең жарқын бет­тер­дің бірі деп санаймыз. Берекет КӘРІБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі.