Әлем • Бүгін, 09:50

Молдова президенті қайта сайланды

28 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Молдованың қазіргі президенті, Еуропа елдерімен етене жақын араласуды жақтайтын Майя Санду президент сайлауының екінші турында сайлаушылардың 55 пайыз даусымен жеңіске жетті. Дауыстарды санау аяқталмалмай жатып-ақ Сандудың қарсыласы, елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояноглоның оны қуып жете алмайтыны белгілі болған. Шешуші сәтте Санду шетелдегі отандастары берген дауыс нәтижесінде жеңіске жетті.

Молдова президенті қайта сайланды

Сурет: azh.kz

Сайлаудың екінші туры 3 қарашада өтті. Ал дауыс берудің қорындысын шығару кешеге дейін жалғасты. Әрине, аздаған драмалық сәт те бол­ғанын айта кеткен жөн. Себе­бі сайлау қорытындысы то­лық шықпай жатып-ақ жек­сенбі­нің дүйсенбіге ауған түнін­де Кишинев технопаркінің ғимаратындағы штаб-пәтерінде «Әрекет және ынтымақтастық» партиясы ескі де жаңа президент Майя Сандудың жеңісін тойлауды бастап кетті. Ертеңгі жұмысқа қамданып, ел қалың ұйқыға кете бастағанда Мол­дова астанасының қақ ортасы­нан «Жеңіс!» және «Мая Санду – президент!» деген жалынды дауыстар естілді. 150-ге тарта волонтерлер мен парламент депу­тат­тары да қарап қалмай, ұзақ қол шапалақтады. Әрине, бұл қуаныш әдеттегі жақсы жа­ңа­лықтан әжептәуір құнды еді.

Осы сәтке дейін дауыс­ты санау үдерісінде үлкен үзіліс болды. Бюллетеньдерді екі топқа бөліп жатқанда алғашында көшбасшылық таразысы қазіргі президенттің әрі саясаттағы, әрі сайлаудағы қарсыласының жағына ауды. Яғни алдымен ауылдық елді ме­кендерден жи­налған дауыс нәтижелері астанадан ал­шақ жатқан ішкі электорат оппо­зициялық бағыттағы Со­циа­листер партиясының үміт­кері, елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояноглоны қол­дағанын көрсетті. Дегенмен Молдованың Еуропамен байланысын қолдайтын сыртқы диас­пора тағы да дауыс беруде бел­сенділік танытып, бұл жолы 300 мың адамдық рекорд орнатты.

Молдова Орталық сайлау комиссиясы алғашқы нәти­желерді кешкі сағат 22.00-де, яғни сайлау учаскелері жа­былғаннан кейін бір сағаттан кейін жария­лады. Дауыс беруге 1,7 мил­лионға жуық сайлаушы келіп, дауыстардың төрттен үш бөлі­­гін санағаннан кейін (шамамен 80 пайыз) Александр Стояногло 52 пайыз минималды басымдықпен алға шықты. Бірақ уақыт өте оппозициялық кандидат бірте-бірте пайыздық басымдығынан айырыла бас­тады. Ал бір сағаттың ішінде рейтингте тең нәтиже тіркеліп, кейінірек Майя Санду біржола көшбасшылыққа шықты.

Сарапшылар бұл жағ­дайды Молдовада алдымен ауылдардағы, кейін шағын қалалардағы сайлау учаске­леріндегі дауыстардың жылдам саналатынымен, содан кейін барып ғана астана мен сырт елдердегі жәшіктер ашылатынымен түсіндіріп отыр. Яғни Александр Стояноглоның ә дегенде оза шапқанының сыры осында жатыр. Өңірлерде халықтың басым бөлігі шын мәнін­де оппозициялық канди­датқа дауыс берсе, астана мен өзге елдердегі диаспора қазіргі президентті, оның Еуропаға көп иек артатын саяси ұстанымына дауыс берді.

Әрине, екі турға ұласқан бұл саяси науқан еш қобалжу­сыз, тыныш өте шықты деп айтуға болмас. Биліктегі партия жақтаушыларының, сая­саткерлердің пікірінше, социалистер қайткен күнде де жақын маңдағы ықпалды ел­дер­дің қолдауын, қарсыласқа бағыт­талған қысымын пайдаланды деген пікір айта бастады.

Әсіресе сайлаудың екін­ші кезеңінде небір аран­дату­­шылық болған көрінеді. Мәселен, жұма күні кештен бастап журналистер мен қоғам белсенділерінің телефонына өліммен қорқытқан жасырын қоңыраулар түскен. Ал сайлау алдындағы тыныштық күні, яғни сенбіде белгісіз біреулер Молдова парламентінің атынан азаматтарды ақша үшін белгілі бір кандидатқа да­уыс беруге және «патриоттық митингіге» шығуға шақырған электронды хаттар жіберген. Сондай-ақ учаскелерді «миналау» және Орталық сайлау комитетінің интернет-ресурстарына хакерлік шабуыл жасалған.

Бірақ саяси сарапшы Виктор Чиобанудың айтуынша, сайлау нәтижесі көптен бері күтілген сценариймен өткен. «Яғни қандай қадамға барса да бір-екі айдың ішінде саясаткерді президент деңгейіне көтеру мүмкін емес, тіпті бұрынғы бас прокурор Александр Стояногло болса да», дейді сарапшы.

Осылайша Санду Молдова бұл сайлауда жеңіске жеткенін жер-жаһанға ресми жариялап, елдегі және шетелдегі сайлаушыларына, Стояногло мырзаға дауыс берген отандастарына да алғысын біл­діріп, алдағы төрт жылда бүкіл Мол­дованың президенті болуға уәде берді.