30 Қаңтар, 2015

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: Бұқар жыраудан бүгінге дейін...

1052 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
серік ақсұңқарұОсы күндері Қаздауысты Қазыбек пен Бұқар жыраудан бастап, бүгінге дейінгі бар асылымызды топтастырған тұғырлы жобаның «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көрген Арқа әдебиетінің 100 томдығының тұсауы кесілмек. Яғни, Арқа әдебиеті інжу-маржанының жүйелі нұсқасы оқырманымен қауышады. «Ақсарбас!» айтып, арқа-жарқа болар салтанатты сәттің табалдырығында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Сарыарқа кітапханасы» сериясын дайындау және шығару жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік.

«МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ – МӘДЕНИ МҰРАМЫЗБЕН»

– Серік аға, «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көріп отырған 100 томдықты баспаға әзірлеу жұмысының басы-қасында болдыңыз. Мақсатымыз межеленді ме? – Әрине, мақсатымыз орындалды. Ең бастысы, біз сонау Қаздауысты Қазыбек би мен Бұқар жыраудан бастап, бүгінге дейінгі асылдарымызды жинап алдық. Басты олжамыз – осы. Енді тарих алдында жүзімізді жарқын еткен 100 томдықтың салтанатты тұсаукесері өтеді. Сөз жоқ, бұл 100 томдықтың жарық көруі – Қарағанды үшін тарихи оқиға. Негізі, бұл жоба қолға алынғалы біршама уақыт өтті. Қаржы мәселесінде тығырыққа тіреле бердік. Сәті биыл түсіп отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлттық қазынамызды елеп-екшеген «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында және облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен жарық көріп отыр. Сондықтан да, біз игі бастаманың жүзеге асуында Елбасы мен ел тізгінін ұстаған азаматтарға орасан олжамен қауышқан ормандай оқырман атынан тек қана алғыс айтуға тиіспіз. Өйткені, біз Мәңгілік Елге аса бай мәдени мұрамызбен беттеп барамыз. Әрине, мехнаты да көп болды. Бұл идеяның авторы Ғалым Жайлыбай екеуміз едік. Рахмет, жергілікті билік бастамамызға қолдау білдірді. Алғашында авторлар тізімін жасау күрделі болғаны да рас. Аруақ аттамайық деген ниетпен Қаздауысты Қазыбек бабамыздан бастағанды жөн көргенбіз. Алайда, қасиетті бабаның мұрасы бір томға жетпеді. Содан Қазыбек пен Бұқар жыраудан бір том жасамақ болдық. Сол сәтте облыстық мәслихаттың хатшысы, қайраткер азамат Нұрлан Дулатбеков ұтқыр ұсыныс айтты. «Рас, Қаздауысты Қазыбек бидің бізге жеткен мұрасы жеке том болмайды. Біздің қолымызда «Қаздауысты Қазыбек би» атты энциклопедия тұр. Содан бастайық» деді. Солай істедік те. Бұқар жырау мұрасы да энциклопедия нұсқасында жарық көрді. Бұл бабаларымыздан кейінгі томды Нарманбет ақынға бердік. Бұдан кейін Арқаның ақын-жырауларының мұрасы топтастырылды. Әсет, Шортанбай, Көтеш, Қобылан, Жанақ, Кемпірбай, Мәди, Шашубай, Қайып, Дия Ахметұлы, Ғабдиман Игенсартов, Ілияс Манкин, Көшен Елеуов... Сондай-ақ, айтыс ақындарының мұрасы бөлек жүйеленді. Салмақты серияның «Жаңа дәуір әдебиеті» айдарын үш арысымыз Әлихан Бөкейханов, Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермеков бастап тұр. Әбжан Омарбаев, Ақжан Машанов, Әлжаппар Әбішев, Әуезхан Көшімов, Камал Смайылов, Ақселеу Сейдімбек, Дәуітәлі Стамбек, Жүрсін Ерман сынды қабырғалы қаламгерлеріне де жеке-жеке том, екі томдықтар берілді. Ал, Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжоловтың әрқайсысы оқырманмен үш томдық болып қауышты. Сонымен қатар, бұл серияның артықшылығы – мұнда тек қана қазақ қаламгерлерінің мұрасы ғана емес, Қарағанды топырағында еңбек еткен өзге ұлт өкілдерінің де шығармалары топтастырылды. Мәселен, қарағандылық Михаил Балыкин мен жезқазғандық Зи­наида Чумакованың шығармалары бір томға тоқайласты. Тіпті, «Карлагта» тұтқында бол­ған қаламгерлердің мұрасын да алып шықтық. Ғажабы сол, біз рухымызды жаңғы­р­тып, асылымызды жинап алдық. Мұ­ның құнын ертеңгі ұрпақ бағалайды. Мәселе – сонда. – Қарағандының рухани өміріне серпіліс әкелген серияны жинақтау барысында авторларды алалау болған жоқ па? Мысалы, автордың беделдісін «жарылқап» дегендей... – Жоқ, олай жасаған жоқпыз. Әлгінде айттым ғой, бұл тарихи оқиға деп. Ал тарихи оқиғаның тарихи жауапкершілігі болады. Сондықтан, біз Қарағандының қалам ұстағандарының барлығын қамтуға тырыстық. – Тұсаукесер рәсіміне кімдер қа­тысады? – Серияға шығармалары енген барлық жерлестеріміз шақырылып отыр. Соны­мен бірге, салтанатты шараның құрметті қонақтары ретінде академик Серік Қира­баев бастаған бірқатар ақын-жазушы шақы­рылды. Белгілі қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, қазақтың қыран ұлы Тоқтар Әубәкіров, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, Парламент Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз жазушы Алдан Смайыл, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп және т.б. ардақты ағаларымыз, белгілі бас­пагерлер қатысады.

 «ӘДЕБИЕТТЕ ӘРКІМНІҢ ӨЗ ОРНЫ БАР»

– Әлгінде осы «Сарыарқа кітап­ха­насы» сериясының жарық көруіне қолдау көрсеткен биліктің атына жылы сөз айтып қалдыңыз. Жырларынан оған деген салқындық лебі есіп тұратын ақынның көзқарасы өзгеріп кеткен бе? – Мен – тумысымда принципшіл адаммын. Өзгеруім қиын. Мүлде өзгермеуім де мүмкін. Дегенмен, біздегі интеллигенцияда бір жаман үрдіс бар. Үнемі билікті нақақ сынаудан жағы талмайды. Бұл – зия­лы қауымның трагедиясы. Үлкен саясатты түсінбейді. Сонысын біле тұра, билікті сынның астына алып, оған көңілі толмай жүретін қаламгерлеріміз бар. Билік өз функциясын қолынан келгенше атқарып жатыр. Мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын мұхиттағы айсбергке теңеп жүрмін ғой. Халық мұзтаудың мұхит бетіндегісін көреді де, судың астындағысын көрмейді. Ал, түпкі саясат – мұхиттың тереңінде – Қазақты Мәңгілік Елге айналдыру! Ұлытаудағы әңгімесінің өзі қандай ғажап! Біздің Президентіміз туған халқының болашағы, ұлттық құндылықтарға, қазақ халқын өрге бастыруға қатысты дүниелерді терең ойлап, кемел шешуде. Менің бұл пікірім – өзгеру немесе «аунап түсудің» нышаны емес. Барды – бар, жоқты – жоқ деп айту ежелгі қағидам еді. Мен Президенттің стипендиясын 1993 жылдан бері алып жүрмін. Арасында бес-алты жыл үзіліс бар. Егер мен Президент стипендиясын алмағанда, баяғыда «қоңыз теріп» кетер едім. Үйімнің коммуналдық қызмет төлемақысы төленбей тұрады. Қарыз – белшеден. Үйімді тартып алуға шақ қалғанда Президент стипендиясы келеді. Солай жан сақтағанмын. Оның сыртында мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегерімін. Еңбегің еленіп, қайраткер атанып отырғанда, өз еліңді жамандауға қалай аузың барады?! – Елбасы саясатының сұңғылалығы­на көзіңізді жеткізген қандай құбылыс? Мысалға жүгінсек... – Орынды сұрақ. Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясын алыңыз. Биыл 20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Биылғы жылды «Ассамблея жылы» атадық. Мен де басында осы саясатты түсінбегенмін. Кейін Ассамблеяның бір-екі жиналысына қатысқан соң, санамда саңылау пайда болып, сәуле түсе бастады. Бүгінгі Украинадағы жағдайдан кейін Ассамблеяға деген көзқарасым мүлдем өзгерді. Міне, Елбасы саясатының көрегендігі! – Сіздің пікіріңізше, біздегі зиялы қауым өзінің функциясын адал атқаруы керек қой... – Дұрыс айтасың. Интеллигенция – билік пен халық арасындағы алтын көпір, дәнекер болуға тиіс! – Әңгімеміз зиялы қауым төңірегіне ойысты. Әдеби ортаның айтары мен жазары бар дара өкілін бүгінгі таңда не мазалап жүр? Қазақ әдебиетінің халтурасы «қауқарлы» болып кеткен жоқ па? – Мені мазалайтыны – бізде коммер­циялық әдебиет белең алып барады! Бір байдың ақшасын алып, соның тапсырысын орындайды да, ол кітабын сатып, пайда көзіне айналдырады. Көркемдігі мен шынайылығында жұмысы жоқ... Қазір дәлдүріштердің дәурені жүріп тұр. Олардың да қалтасында Жазушылар одағының мүшелік билеті бар! Бірақ, олар таланттың таразысы билет емес, шығармасы екенін сезбейді! Бірін-бірі мақтайды... Оларды жең түріп күресіп, жеңе алмайсың.Әлемдік әдебиеттің биігімен өлшенетін көркем дүние жаса – жеңіс деген – сол! Осылай болған. Осылай болмақ. Осылай бола береді! – Әдеби ортадағы әлжуаздықтың көкесі – қызғаныш. Бүгінгі әдебиет осы кеселден арылды ма? – Ашығын айтайық, арыла алған жоқпыз. Қызғаныш – вирус, ұлттық трагедия. Сонау 37-ші жылдары Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан, Міржақып, Ахметтерді де осы вирус жалмады! Әдебиетте әркімнің өз орны бар. Бір адамның орнына екінші адам отыра алмайды. Дәлдүріш атаулы соны түйсіне алмай келеді. Мен неге Мұқағалидың орнына барып отыруым керек? Мен әдебиет әлемінде өзімнің, Ақсұңқарұлының орнына жайғасуға тиіспін. Егер, өз орнымды таба алмасам, әдебиетте қай әкемнің құны бар? «Моцарт пен Сальери» атты поэманың азабын 27 жыл тарттым. Қазақ совет әдебиетінің негізін салушы, сұңқар Сәкеннің рухына арналған. Сәкен хақында қаңқу сөз көп. Алаш ардақтылары ақталғаннан кейін, тіпті, үдеп кетті... Сәкен қазақты сүймеді деп кім айтты?! Поэманы әдеби орта жылы қабылдады. Осындағы қалам ұстағанның бәрі оқыды. Бірақ, бірде-біреуі түсінген жоқ. «Жақсы екен», – деді... Жүрегімен қабылдай алмады! Түсінген жалғыз – Серағам! Академик, қазақтың аса көрнекті сыншысы, сәкентанушы Серік Қирабаев тамаша талдау жасады. «...Біз осы заманның Моцарттары – Сәкен, Мағжан, Ілиястарды жақсы білуші едік. Бірақ, олардың Сальерилері туралы Ақсұңқарұлы алғаш рет айтты», – деп жазды Серағам. Қанаттанып қалдым. Жаңа айттым ғой, 27 жыл жаздым. Аяқтай алмай жүр едім. Соңғы нүктесін былтырғы көктемде қойдым да, Сәкеннің 120 жылдық тойына бағыштадым. Менің бұл туындымды аяқтауыма осындағы дәлдүріш-халтурщиктер «көмектесті!» IMG_1441

 «ТАЛАНТ – ТАҒДЫРҒА ТӘУЕЛДІ»

– Талант кімге, неге тәуелді? – Талант – өзінің тағдыр-таланына тәуелді. Бір ғана Мұқағалиды алып көріңіз. Өмірі – қалың қасірет! Оның ең басты ­трагедиясы – партбилетін жоғалтуы. Мұқағалиды танымақ түгілі, өлеңнің иісі мұрнына бармайтын өлермен милициядан қашамын деп, түсіріп алған... Сталиннің: «Партияға кіру – өмір, партиядан шығу – өлім», деген сөзі бар. Сол кездегі билік үшін азаматтың алтын басынан да, ақынның тас жарар талантынан да партбилет құнды еді. Осы оқиғадан кейін Мұқағалидың қасіретті өмірі басталды. Ал, оған итермелеген де – өз ортасы. Айналасындағы дарынсыздар! Міне, трагедия! – Өзіңізді жолы болған ақындардың қатарына қосасыз ба? – Қайдағы «жолы болғыш»?! Мен көрешекті көріп баққан ақынмын. Цензураның сүзгісіне көп ұшырадым. Өзімнің жолым ауыр болған соң, кітаптарымның да жолы жеңіл болмады. Алғашқы жинағым баспаның тартпасында ұзақ жатып, әзер жарық көрді. «ХХ ғасырдың жиырма сәті» атты поэмам баспа тұрмақ, «Социалистік Қазақстан» газетінің қоржынында 5-6 жыл жатты. Иманды болғыр, Ақселеу ағамның арқасында 1983 жылы «Құрлықтар» деген атаумен газеттің бір бетін тұтас алып шықты. Цензура мен бас редактордың сүзгісінен кейін...

 «ӘДЕБИЕТТІ ОДАҚТЫҢ БАРЛЫҚ МҮШЕСІ ЕМЕС, АТ ТӨБЕЛІНДЕЙ ТАЛАНТТАР ЖАСАЙДЫ»

– Әдебиет – жанды құбылыс деп жатамыз. Дәуірдің үні дейміз. Қазіргі қазақ әдебиеті тоқырап тұрған жоқ па? – Жасырмайық, біздің әдебиетте дағ­да­рыс бар. Нарыққа бейімделе алмай жатыр. Әдебиетті одақтың мүшелік билетін қалтаға басып, төсін ұрған 800 «жазушы» емес, әр дәуірдің ат төбеліндей аз ғана таланттары жасайды! Тобыр тудырмайды әдебиетті, – Тұлға тудырады! Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттің де өз өкілдері бар. Насихатталуы кемшін шығар... Кітабының таралымы аз болар. Талант тағдырына ғана емес, таралымға да тәуелді күйге түсті ғой. Қалай десек те, қазақтың ұлттық әдебиеті – өз тұғырында. – «Әдебиет» порталындағы оқыр­ман­дарыңызбен сырласуыңызда: «Біз Абайды табынатын пұтқа, култьке айналдырып алдық. Оқымаймыз, мүлде! Оқымаған соң – түсінбейміз», – депсіз. Осы пікіріңізді өрбітсек... – Абайды таныту тұрмақ, танымай жүр­міз. «Абай былай деген» деп көсемситініміз тағы бар. Елді аузымызға қаратып, имендіру үшін ғана... Бұл да – ұлттық трагедия! Абайды Әуезов әлемге танытты деп жүрміз. Әуезов «Абай жолы» арқылы қазақ халқын, қазақ әдебиетін әлемге танытты! Абайды түсіне алмаған, Абайға тұшына алмаған ұрпақтың өкіліміз біз!

 «ҚАСЫМТАНУДЫҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАРАҒАНДЫДА ҚАҒЫЛУҒА ТИІС»

– Қасымды қабылдауымыз да Абай­ды түсінуіміз секілді күрделеніп кеткен жоқ па? Сонда қалай, қасымтану қалыптасып үлгерген жоқ па? – Қасымтанудың қазығы Қарағандыда болуы керек! Аллаға шүкір, қазір қасымтануға бетбұрыс жасалды. 100 жылдық мерейтойын өте жоғары деңгейде өткіздік. Облыс орталығынан еңселі ескерткішін орнаттық. Әрине, қасымтану қағидалары мұнымен шектелмейді. Республикалық «Қасым» журналы үш жылдан бері тұрақты шығып тұр. Талантты жастар соның маңайында. Облыстық деңгейде болса да, Қасым оқулары мен ақын атындағы мүшәйра өткізуді дәстүрге айналдырдық. Мұның бәрі – Қасым үшін мүлде аз! Осы жіпке тізген шаралардың барлығы ақынның туған жері – Қарағанды мен Қарқаралыны ғана шиырлап жүр. Қасымға қатысты шаралардың барлығын республикалық деңгейге алып шығатын кез келді. Бізде ұлыларды мерейтойында ғана еске алып, дәріптеу үрдісі қалыптасқан. Осыдан арылуымыз керек. Кешегі 100 жылдық мерейтойында Қасым найзағайдай жарқылдап, тұтас Түркі әлемінің көгіне шығып еді. Жерлесіміз, халықаралық «Түрксой» ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Қасым тойын Түркияда өткізіп, тұтас Қазақ елін бір қанаттандырып тастап еді. Қасымтанудың қарқыны содан кейін су сепкендей басылып қалды. Қасым есімізге түскенде ғана елейтін талант емес, ол – ұлттық деңгейдегі тұлға. Сондықтан, біздің мойнымызда Қасым рухы алдында өтелмеген қарыз бен парыз – шаш-етектен. Мәселен, мектептер мен институт, университеттерде Қасымды оқыту, оны түсініп, пайымдап таразылау, насихаттау – қасымтану мәселесі өз мәнінде жүрмей жатыр. Бір ғана мысал айтайын, Ақынның «Дүниеге келер әлі талай Қасым...» деген өлеңін өмірге тағы бір Қасымдай ақын келеді деп қана түсіндіру белең алып барады... Бұл – көпе-көрінеу қате түсінік, Қасымның жүре­гіне терең бойлай алмаған көкезу пенде­лердің ісі. «Дүниеге келер әлі талай Қасым...» деген сөз – Алаш Ана әлі талай Қасымдайын тегеурінді ұлдарын босанады деген сөз. Әлі қаншама Қасымдар дүниеге келеді, Алаштың көгінде қаншама жасындар жарқырап, төрткүл дүниені дүр сілкіндіреді?! Қасымды тану – қазақтың өзін-өзі тануы үшін керек әуелі. Қасымды танымаған қазақтың қара танымаған қазақтан да қасіретті екенін көзге шұқып көрсететін кезең келе жатыр. Қазақтың ертеңгі күніне Қасым шыққан биіктен қарайтын күн туды! «Ей, тәкаппар Дүние! Маған да бір қарашы: Танисың ба сен мені?! Мен – қазақтың баласы!» – деп жазды Қасым қырқыншы-елуінші жылдары. Таң қаламын, бұл маған бүгін жазылған өлең сынды! Қазақ Қасымның осы өлеңін кеудесіне басып, төрткүл дүниеге қарап тұр – егемен ел болған кезімізде! Еңселі елу елдің қатарына жетіп, ұжымды ұлт, іргелі мемлекет болған шақта қазақты ғалам да танитын болады! Қасымды – Қасымдарымызды танып алып қана мына тәкаппар дүниеге қазақтығымызды танытатын боламыз! «Сайраған жолым жатыр жер бетінде»,– деп еді-ау Қасым. Бұлай деп адамдықтың, азаматтықтың шырқау шыңына шыққан Абайдың Толық Адамы – Кемел Адам ғана айта алады. Алла жаратқан адамзат – homa sapiens-тің маңдайына жазылған сордың сорақысы – атаусыз қалу. Атаусыз қалған пенде іздеусіз қалады. Қасымды қолымызға шырақ алып бүгін біз іздемесек те, ертең жаңғыртып жер сарайын дүниеге келетін ұрпақ іздемей тұра алмайды. Ұлтының ұлы тұлғаларын іздемеген ел ертең Алланың алдында сұраусыз қалады... – Қасымтанудың ең кемшін тұсы деп нені айтар едіңіз? – Қасым мұрасын ғылыми айналымға енгізу мәселесі өз мәнінде емес. Біздің тағы бір ескермей жүрген мәселеміз – Қасым мұрасының түпнұсқасын жаңғырту. Қазіргі жинақтарына енген, біздің аузымызда жүрген өлеңдерінің дені – цензураның сүзгісінен өткен дүниелер, барынша редакцияланған нұсқалар. Ал, түпнұсқасын академик Серік Қирабаев біледі. Ол кісі жазып алыңдар дегелі де біраз уақыт өтіп кетті. Соның сәтін түсіре алмай жүрміз ғой. – Жасыңыз асқаралы алпыстың ­жуан ортасына келді. Ойыңыз то­қы­раған жоқ па? – Шынайы талант тоқырамауы керек. Жамбыл жүзге дейін жырлаған... – Шығармашылық сыйлықтар әдебиетке баға ма? – Жоқ. Лауреаттық шығармашылық тұлғаны қанаттандыру, материалдық жағдайын қанағаттандыру, ынталандыру үшін қажет болуы мүмкін, бірақ, әдебиетке берілген нақты баға емес. Атаққұмар, сыйлыққұмар өлермендер бар ортамызда. Мұқағали Мемлекеттік сыйлықты көзі тірісінде неге алмады? Ол әдебиетке барын берді ғой. Өлеңге адал болды. Қасымда қандай әдеби сыйлық бар? – Әлеуметтік желілерді тұрақты қолданушының бірісіз. «Әдебиет» порталы мен «Фейсбуктен» оқшау пікірлеріңізді көзіміз шалып қалады. Бұл дағды уақытыңызды ұрламай ма? – Уақытты ұрлайды. Бірақ, ой қорыту, пікір алмасу, ақпарат алу тұрғысынан алғанда, пайдалы дүние екен. Мен «Фейсбукке» қалай келдім? Мен туралы, менің шығармашылығым туралы кейбіреулер осы желіде біраз жазба жариялапты. «Сол шал интернеттің не екенін біледі дейсің бе?!» деп мені әжуалайды екен. Оны біреулерден естідім де, дереу техника тілін игеруге әрекет еттім. Қазір әжептәуір қалыптасып қалдым. Интернет-конференцияларға қатысып, қазақ әдебиетін қызғыштай қорып жүрмін.Оқырмандарыммен сырласамын. – Құранды поэзия тілінде қазақша сөйлеткен алғашқы ақынсыз. Мұныңыз көзсіз тәуекел емес пе? – Мен – қожаның жиенімін. Түркістан­нан келіп, Жыланды тауын жайлаған ­Тау­байдың тоғыз ұлы осындағы жұрттың басын сәждеге тигізген екен. Менің анам Халифа – сол Таубайдың Рамазан деген ұлының жалғыз қызы. Ислам идеясы менің жан дүниеме анамның ақ сүтімен құйылған. 1999 жылы менің қолыма Валерия Порохованың «Коран. Переводы смыслов» деген кітабы түсті. Оның алдында И.Крачковский, Э.Кулиев, Г.Саблуков пен Халифа Алтайдың тәржімаларын оқыған болатынмын. Порохованың аудармасы мені еліктіріп әкетті. Сөйтіп, 1999 жылы 31 желтоқсанда Құранның жеті сүресі өзегімнен өлең болып төгіліп, қағазға түсті. Екінші мыңжылдықтың ауысар тұсы екен. Жаңа жылды қарсы алуға анам келген. Оқып бердім. «Құранды – Құдайдың сөзін аударуға бола ма?», – деді аң-таң қалып. Мен тәржіма кітаптарды алдына қойдым. Үнсіз жымиды... «Қарқаралыда қырық қап өсегім бар, алпыс қабын қалдырғам Ақтоғайда» деген өлеңім есіне түсті-ау деймін. Соңынан ерген қаңқу әңгімесі көп ұлының Алланың ақ жолына бет бұрғанына қуанып кетті. Қазір ұлы нағашым Әзірет Сұлтан – Қожа Ахмет Ясауи хақындағы бір ұзақ жырдың толғанысында жүрмін. ...Бірде Қожа Ахмет Ясауиден бір замандасы: «Қожа, сен мұсылмансың ба?», – деп сұраған екен. «Аллаға шүкір, мен – түркі-мұсылманмын», – депті қожа. «Бұл жерде сенің түркілігіңнің қандай қатысы бар? Мен сенен дініңді сұрадым. Ал, сен...», – деген замандасының уәжіне: «Дін – менің жеке таңдауым, ал, түркілік – тағдырым», – деген екен. Менің де дінге қатысты қағида-ұстанымым – осы. – «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көрген таңдамалы жина­ғыңызға публицистикалық шы­ғар­маларыңыздың «Антипоэзия» атты эссеңіз бастаған он алтысы ғана ен­генін естіп отырмыз. Мен оқыр­ма­ны­ңызға айналғалы оқығаным одан он есе көп еді. Талғамыңыз шектеу жасады ма? Әлде, кітап көлемі көтермеді ме? – Қазақ әдебиетінің классигі, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің таңдамалы шығармалар жинағы өмірінің соңына таман үш томдық болып жарық көрді. Сол басылымға байланысты Ғабең осы үш томға енгендерге шығарма қосып, жұрт мені байытпай-ақ қойсын, деген пікір айтқан екен. Шөпті де, шөңгені де тоғыта берсең, оның несі таңдамалы? Осы «Орталық Қазақстанда» жүріп жазғаным жүз баспа табақтай дүние екен. Соның он баспа табағын алдым да, қалғанын архивіме жібердім... – Болашақта мемуар жазу ойыңызда бар ма? – Жазғанда қандай! Кірісіп те кеткенмін. «Антипоэзия» атты ғұмырнамалық роман жазу үстіндемін. Шерімді де, шынымды да, сырымды да сол кітаптан оқитын боласыздар. Алла жазса, алты айда тәмамдайтын шығармын... Әңгімелескен Ерсін МҰСАБЕКОВ, журналист. ҚАРАҒАНДЫ. Суреттерде: Серік АҚСҰҢ­ҚАР­ҰЛЫ; ақынның әр жылдарда жарық көрген жауһарлары.