ПЕТРОПАВЛ. 29 сәуір. Президентті ұлықтау рәсімі Қызылжар өңірінде кеңінен атап өтілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне жиналған этномәдени бірлестіктер, студент-жастар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері салтанатты рәсімді тікелей эфир арқылы тамашалағаннан кейін флешмоб ұйымдастырды.
Шара барысында Шыңғыс Құрбанов, Мария Чернышова, Александр Плотко және тағы басқа спикерлер сөз алып, қайта сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ант беруі өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық сезімдерін қалыптастырумен қатар ерен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
«Жастар! Сіздер жаңа ғана Мемлекет басшысының сөздерін тебірене тыңдадыңыздар. Мен бәріңізді Елбасымыздай халыққа адал қызмет етіп, ел мен ұлт мүддесін алдыңғы орынға қоюға шақырамын. Бүгінде Қазақстанды әлемдік қауымдастық жақсы таниды, демократиялық ел ретінде мойындайды», – деді спикерлердің бірі, жергілікті күрд қоғамдық ұйымының жетекшісі Рашид Надиров.
«Дослук» татар-башқұрт мәдени қоғамының төрағасы Әмір Баязитовтың сөздері де жарқын шықты. Ол Елбасының ұлықтау рәсімінде белгілеп берген міндеттеріне тоқталып, тарихтың жаңа беті ашылғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ: «Кейінгі ұрпаққа Қазақстанды табыстау баршамызға ортақ парыз, халықтың зор сенімін арқалау ең биік мәртебе, жаңа ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп беріп, өркениетті елдер қатарына қосылу – басты жауапкершілік», – деген Елбасы талаптары жиналғандар тарапынан қызу қолдау тауып, жігерлі ұран сөздермен жауап берілді.
«Тек бейбітшілік, ынтымақ, келісім арқылы ғана қуатты мемлекет болып қалыптасамыз, ол үшін қажымай еңбек ету керек», – деген ой түйілді жиын соңында.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: egemen.kz.