Аймақтар • 06 Қараша, 2024

Ақжайыққа «Hyundai» келеді

101 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Корея компаниясы Батыс Қазақстан облысына 81 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақжайыққа «Hyundai» келеді

Сурет: Петр Ковалев/ТАСС

Астана қаласында жаһандық ин­вестиция бойынша өткен «KGIR-2024» дөңгелек үстел жиынында өңір басшысы Нариман Төреғалиев инвестиция тарту және бизнеске қолайлы жағдай жасау Мем­ле­кет басшысы айқындаған негізгі ба­сым­дық екенін атап өтті. Сонымен бірге, бұл басқосудың әлеуетті ин­вес­­торлармен танысуға, оларға өңір­­дің инвестициялық мүмкіндігін көр­сетуге жағдай жасап отырғанын айтты.

«Батыс Қазақстан облысында инвесторларға барлық қажетті жағдайды – қолайлы климат, да­мыған инфрақұрылым мен қуатты өнеркәсіптік, логистикалық әлеует жасап отырмыз. Өңірде жоғары технологиялық өндірістер ашылып жатыр. Бұл біздегі нақты эко­номикалық әлеует пен тұрақ­ты­лықты көрсетеді», деді Нариман Төреғалиев.

Әкімнің айтуынша, кейінгі үш жылда облыстың негізгі капи­та­лына 1,6 трлн теңге инвестиция құйылған. Соның 645,6 млрд тең­ге­сі 2023 жылдың еншісінде. Бұл алдыңғы көрсеткіштерден 16,4 па­йыз­ға жоғары.

«KGIR-2024» басқосуының маңызды оқиғасы – БҚО әкімдігі мен оңтүстік кореялық «Hyundai Solar KZ 777» компаниясы арасында меморандумға қол қою болды. Компания өңірде төрт жобаны жүзеге асыру мақсатында 81,4 млрд теңге инвестиция әкелуді жоспарлап отыр. Бұл 120 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жоспарланған жобалар қатарында қалдықтарды өңдеу және өртеу кешені, жылыжай кешені, күн панельдерінен электр қуатын өндіретін станса құрылысы бар. Бастамалар 2024-2026 жылдарға жоспарланған.

 

Батыс Қазақстан облысы