Инвестиция • 06 Қараша, 2024

Еуроодақпен байланыс арта ма?

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының экономикасына инвестиция салуға Еуропа елдері де қызығады. Биыл 8 айда мұнайлы өңірдің Еуроодақпен сыртқы тауар айналымы 15,7 млрд долларды құрады. Оның ішінде, экспорт көлемі – 15,4 млрд, импорт – 300 млн доллар.

Еуроодақпен байланыс арта ма?

Сурет: qaz.ulysmedia.kz

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Еуроодақ елдерімен жасалған серіктестік пен ынтымақтастық қанат жайып келеді.

«Өңірімізде Еуроодақ елдерімен көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндігі мол. Себебі Атырау об­лы­сының географиялық орналасуы өзара тиімді кооперацияны кеңейтуге, сауда-экономикалық, мұнай-газ, көлік-логистика саласына қолайлы. Өңірдегі инвестициялық тұрақтылықтың айғағы – еуропалық 259 кәсіпкер ісін дөңгелетіп отыр», деді С.Шәпкенов.

Мұнайлы өңірге алғаш келген Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкичтің айтуынша, Атырау облысымен сауда-эко­но­микалық қарым-қатынасты арттыру мақсатында транспорт саласына назар аудару қажет. Өйткені Еуроодақ елдеріндегі тауар айналымының 90 пайызы мұнай-газ секторымен тығыз байланысты.

«Әсіресе теңіз портымен жүк тасымалының мүмкіндігін білгім келеді. Себебі біздің осыған байланысты арнайы жобамыз бар», дейді Алешка Симкич.

Биыл қаңтар-тамыз айларында негізгі капиталға 1 303,1 млрд теңгенің инвестициясы салынған. Былтыр осы кезеңдегі инвестиция көлемі 1 785,6 млрд теңге болған еді. Демек, биылғы инвестиция 482,5 млрд теңгеге азайған. Мұның себебін облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Полымбет Хасанов бір ғана дерекпен түсіндірді.

«Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз» кен орнында бірнеше жылдан бері келешек кеңею жобасы іске асырылып жатыр. Жоба құрылысын жүргізуге еліміздің әр өңірінің тұрғындары жұмысқа тартылған. Жоба құрылысы аяқталуға таяды. Осыған байланысты жобаға шетелдік инвестормен бірлескен кәсіпорын акционерлерінің келісімімен бөлінген инвестициялық қаржының көлемі азайды», деді П.Хасанов.

 

Атырау облысы