Фотоэтюд
Әзіл - оспақ, сын - сықақ ..деген екен Құрылыс фирмасының директоры қала әкiмiмен сөйлесiп отыр: – Бiздiң фирмада бiр артық “Мерседес” бар. Бiз сол “Мерседестi” сiзге сыйласақ па деп едiк. – О не дегенiңiз?! Менiң ондай қымбат сыйлықты қабылдауға қақым да жоқ және арым да бармайды. – Онда былай жасайық. Бiз сол “Мерседестi” сiзге 100 долларға сатайық. – Онда жарайды, келiстiм. Бiрақ мен дәл сондай бағаға сiзден бiр “Мерседес” емес, екi “Мерседес” сатып алсам деймiн. * * * Шал мен кемпір радио сатып алып, оны токқа қосады. Сәлден соң түтін шыға бастайды. Шал: – Не болды, үндемейді ғой... Кемпір: – Қазір темекі шегіп алсын, сосын бірдеңе айтатын шығар. * * * – Ауылдан апам келіп еді, кеше «Шалға» апардым, сондай риза болып қайтты... – Ол мықтың кім болды сонда? – Кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың «Шалы» ғой... * * * Жалқаудан: – Әлемдегі ең жеңіл мамандық қайсы? – деп сұрағанда ол: – Жазда – мұғалім, қыста – агроном болсаң, шіркін! – деп жауап берген екен. Шымшымалар Руласпыз Шыбын бастық жалап-жұқтап жыбырлап, Дастарқанға ие болды жымыңдап. Шіркей шіркін көзге ілінбей келді де, «Руласпыз» деп қояды сыбырлап. Көк қағаздың күшімен Шаруамды бітірмеді қиқымдап, Сылтау айтты әрнемеге қыңқылдап. Көк қағазды «қыстырып» ем күлімдеп... «Құлым» болып шыға келді тыпыңдап. Алдану Бір жұмысқа кіру үшін «Кредит» алып, пара бердім. Бір айдан соң қысқарып қап, Аузым аңқиып қала бердім. Бір өзінде төрт үй бар Бір өзінде төрт үй, жалдап отыр, Жермен көкті ақшамен жалғап отыр. Жиен, бөле, нағашы... атында, Ал өзі « үйім» жоқ деп зарлап отыр. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ. Маңғыстау облысы. Пара Атақты адвокат Қажы Намық шимайлаған қағаздары ұшып кетпесін деп кеңсенің терезесін жауып, есігін бекітіп сыртқа шығып еді, ала сөмкесін иығына ілген, ақ сәлделі, бойы аласа, толық адамның жақындап келе жатқанын көрді. – Сәлеметсің бе, Әли Қожа, – деді дауыстап. – Қандай шаруамен жүрсің? Жексенбіге әлі екі күн бар емес пе? Солығын әрең басып жеткен ауыл тұрғыны жаутаңдай қарап: – Уағалейкүмсалам, Намық Ефенди! Білесің бе, басым бәлеге қалды! Сот ісіне бола келе жатырмын, – деп, басын шайқап күрсінді. – Олай болса, сөйлесейік. – Сен болмасаң, кімге айтарымды, қайда барарымды да білмеймін, – деп Әли Қожа шылбырын сыртта тұрған тербелме орындықтың шетіне іліп қойды. Ала сөмкесін қасына қойып, сөзін бастады. Қажы Намықтың алдына қойған махоркасын қағазына салып жатып, әңгімесін сот ісі жайынан өрбітті. Бақталасы – ауыл әкімі Құйсызоғлы екен. Сол әкімнің жеріне Әли Қожа үй салған екен. Енді әкім жермен қоса үйдің қожайыны өзі екенін айтып, мүлікті тартып алмақшы болыпты. Алайда үй кімдікі болса, жер де соныкі ғой... Адвокат Қажы Намық ақ сақалын тарамдай сипап, көзілдірігінің үстінен қарап: – Сенікі таза заңсыздық, Әли Қожа! – деді. – Жо-жоқ, заң менің жағымда. Мен үй салып жатқанымда, әкім ләм-мим демеді. Заңсыз болса, неге айтпайды? – Ештеме демесе де, бәрібір заңсыздық. – Мен бұл үйге де, жерге де құқылы екенімді анық білемін, Намық Ефенди. Сондықтан бұл тайталастан баз кешер емеспін. – Жеңілесің! – Жеңілсем жеңілермін, бірақ бұл талас-тартыстан бас тартпаймын. Қажы Намық жеңілетін іске еш уақытта кіріспейтін. Сондықтан Әли Қожаның ұсынысын қабылдағысы келмеді. Алайда “Бозұйық” ауылының тұрғындары бұған отыз жыл бойы келіп-кетіп жүретін. Тайталасқа түссе де, үкіметке, әкімдікке қатысты кез келген мәселе бойынша өзімен ақылдасып, оңды шешім табатын әрі қорғаушыға табыс таптыратын. Ал атақты адвокат ауыл жұртын қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқтырған емес. Қысқы нәпақасын сол ауылдағы адамдар жеткізіп отыратын. Ақыр-аяғы: – Жарайды, сенің ісіңе кірісіп көрейін. Егер жеңілер болсам маған ренішің болмасын! – деп, Қажы Намық келісімін берді. – Ешқандай реніш болмайды, сонда да айтшы, мен неғып жеңілемін? – Өйткені, сот сені құқылы деп танымайды. – Төрешіге семіз қошқар берсем ше? – Не дейсің?.. – Қошқар деймін. Берсем, жеңеміз ғой. – Онда біттік дей бер! Ісіңмен қоса өзің кетесің. – Неге? – Жаңадан келген төреші сенің ойлап жүргеніңдей емес... Әли Қожа адвокаттың сөзін ұқпай отырды. Жаңа төреші жайында ел ауызында жүрген ақиқат пен аңызды ұзағынан тыңдады. Сөйтсе, жаңа төреші шынымен-ақ парақорлықтың, сый-сыяпаттың қас-дұшпаны екен. Құқығы танылған адамның өзі пара беруге ыңғайланса, сол сәттен бастап ісі шешілмей кетеді екен! Терлеп-тепшіп отырған Әли Қожа алақан жайып: – Уа, Алла! Осындай әділ кісілерді жер жүзінде көбейте гөр! – деп дұға-тілек айтты. Қажы Намық: – Әумин! – деп қайырды. Әңгімелері бір сағатқа жалғасты. Өкілдік жөнінде келісімге келіп, қол алысты. Бірақ қорғаушы ә дегеннен күдер үзген. Бұл іске тек ауылдың атына бола кіріспек ниетте. Өйткені, келтіретін нақты фактілері жоқтың қасы... Екі аптадан кейін дәл сол уақытта Әли Қожа кеңсе есігінің алдында көрінді. Қажы Намық өтініш жазып отырған. Көзілдірігінің үстінен қарап, езу тартып: – Аман-есенсің бе! Ал көңіл-күй қалай? Жеңіске жеттік қой, ә?! – деді. Шынтуайтына келгенде, Қажы Намықтың өзі мұндай заңсыз шешімді төрешінің қалай қабылдап жібергенін түсінбеді... Сонда Әли Қожа: – Менің берген қошқарымның арқасында жеттік! – деп жауабын берді. – Не дейсің?! Сен төрешіге қой бергенсің бе? – Иә. – Өзің батыл да батыр екенсің-ау... – Иә, бірақ сен маған «Төреші – парақорлықтың қас-дұшпаны, кім оған сый-сыяпат жасаса отырған жерінен тұра алмайды», – деп айтқан емес пе едің? – Рас, айттым. – Көрдің бе, мен де сенің сөзіңді ескердім. – Қалай? – Қошқарды беріп жібергенімде, өз атымнан емес, басқа біреудің атынан жібердім. – Сонда кімнің? Әй, айтсаңшы... – Әлгі бақталасым әкім Құйсызоғлының атынан жібердім. – Мәссаған... Сол сәтте қария қорғаушы қолынан қаламын жерге түсіріп, орындығына арқа сүйейді. Толық адамның бадырақ көзіне қадалады. Базар алаңындағы ағаштардың сыбдыры соққан желмен бірге есік алдында тұрған Әли Қожаны шыр айналып, аудандық газеттерді кеңсенің есік-терезесіне жабыстырып-жабыстырып жібереді... 1919 жыл. Өмәр СЕЙФЕТТИН, түрік жазушысы. Түрік тілінен тәржімалаған Мәлік ОТАРБАЕВ. Ақыл айтайын ба *Дағдарыс кезіндегі баюдың бір тәсілі – «Дағдарыс кезінде қалай баюға болады» атты кітап шығарып сату. *Бір рет күлген күлкі адам өмірін 5 минутқа ұзартатыны белгілі. Ал бір тал темекі ғұмыр жасты 15 минутқа қысқартатыны дәлелденіп отыр. Сондықтан темекі тартқанда үш рет күліп алсаңыз, өміріңіз сол қалпында жылжып отырады. *Қызметтен жұмыс уақыты бітпей, үйге ерте кету – жақсы ырым емес. Мәселен, бізде біреу сөйтемін деп әйелімен ажырасып тынды... *Арақ ішіп алып көршінің келіншегіне қырындаңыз. Көрші ол үшін сізді тұмсықтан қонжитады. Іле-шала сізді ауруханаға апарып тұмсығыңызды туралайды. Сөйтіп, сіз аяқасты ауруханада болып, айыға алмай жүрген тұмауыңыздан айығып шығасыз. Сұрауы бар сұрақ Көзін тапқан әр істің Тәжірибесін ұстан кәрістің. Бір-біріне болысқан Бірлікті үйрен орыстан. Сөзі майда өзбек Өзінікін жүрер көздеп. Өсек сөзге үймелер, Қазақтан кім, не үйренер?! Төте жол Қырқысты әкім-қаралар, Тек бірін-бірі боқтамады. Бәрі жанын салғанымен, Коррупция тоқтамады. Талансын деп бүргеге, Жемқорларды әкеп қамады. Тоғытса да түрмеге, Коррупция тоқтамады. Түскен дода, топқа талай, Дөкейлер де араласты. Ол да оны тоқтата алмай, Бәріңді қара басты. Тұйықталып дағдарғанда, Кіріскен келіп дін болды. Ұрлық-қарлық, коррупция, Артын қысып, жым болды. Қайта құру Кешегі кезеңде Қуандық Коля болды, Орынкүл Оля болды, Бөрібай Боря болды. Коля, Оля, Борялар Есімдер келген қаңғырып. Бүгінде ля, ля, ля-ларды, Жатырмыз Бөрібайландырып. Түстегі рахат Тендір-мендір былыққа келіспеді, Келіспеді, «бұларың теріс» деді, Себебі, ол – періште еді. Періште жерге түскен бе, Бұл Құдайдың ісі ме екен? Деп жатып оянсам, Көргенім түсім екен. Көп отырдым, Ұйқылы-ояу пішінде. Шүкір дедім, тым болмаса Адалдықты көріп қалдым түсімде. Орынбасар ӘЛЖІК. ҚЫЗЫЛОРДА. Мергенбай айтқан екен... Қисыны бар сұрақ – Оу, Меке, сіз неге ішпейсіз? – дейді Саламат деген ауылдасы. – Сонда сіз ғана ақылдысыз да, басқаларымыздың барлығы ақымақ болғаны ма? – Дегенде, сұрақ қоюыңда бір қисын бар. Өз әрекеттеріңнің ақылды адамның ісі еместігін аңғаратын сияқтысың, – дейді Мергенбай. – Ал менің ішпейтініме келсек, ақымақ болу шынында да міндетті емес қой. Көп тәжірибе дәлелдірек – Еркектерді аяудың керегі жоқ, – деді сөзуар әйел. – Бұрын «әйелді – бастан» десе, енді «еркекті – бастан» деген жөн. Алғашқы күннен солай ұстамасаң, кейін – кеш. Менің алғашқы күйеуім солай болды. Жаспыз – білмедік. Бір кешігіп келді – жарайды дедім, екі кешігіп келді – жарайды дедім. Одан кейін кешігу оның әдетіне айналды. Әдетке айналған нәрседен құтылу қиын. Ажырасып тындық. Кәзіргі күйеуімнің де періште емесін аңғардым. Кешіксең – кірмейсің дедім. Бір-екі рет далада түнеген соң, білді. Енді кешікпейді. – Қанша күйеу қудыңыз? – деді Мергенбай ақырын. – Немене, менің күйеулерімнің саны саған неге керек болды?! – деді әйел жақтырмай. – Тәжірибені көп адамға жүргізген болсаңыз, сөзіңіз дәлелдірек болады да, – деді Мекең. Босқа әуре болма Жүністің әжептәуір оқитыны бар. Мекеңе сонысы ұнайды. Бірақ болмайтын нәрсені сөз қылатыны жақпайды. Сонда шымшып алады. – Бұл өмір деген қызық қой, – деп әңгіме бастады бірде Жүніс. – Кеше газеттен оқыдым: біреу түрмеге түсіпті. Екі жылда керемет кітап жазып шығыпты. Ұры болып түскен, жазушы болып шыққан. Қызық. – Сірә, Жүке, сенің бұған қызықпағаның жөн, – дейді Мергенбай құрдасына. – Түрмеге түсу үшін қылмыс жасауың керек. Ол қолыңнан келгенмен, кітап жазу қолыңнан келмес. Уақытың босқа кетеді ғой. Туысқа туар күн – Осы, Меке, есектер қанша жыл өмір сүреді екен? – деді Жора құрдасы бір мылжыңдау әңгіме бастап. – Неге сұрадың, бір жерің ауыра ма? – депті Мергенбай. – Дегенде, көп жасамаса керек, байқасайшы... Кіріптар болмаған жақсы Арнасайда бір жиналыс болып, оған аудан әкімі қатысады. – Ауылдарыңызда аудан әкімі шақырса да келмейтін бір адам бар екен, – дейді ол. – Сірә, ешкімнен қорықпайтын болса керек... – Сіз мені айтып тұрсаңыз керек, – дейді Мергенбай. – Қорқатындай, мені жұмыстан қуа алмайсыз. Мен жұмыссызбын. – Мүмкін, мен сізге жұмыс тауып берермін. – Ал менің сізге кіріптар болғым келмейді, – депті Мекең. Әркімнің өз деңгейі бар – Шыныңызды айтыңызшы, мен аудан әкімімін, менімен танысқаныңызға қуаныштысыз ба? – деп сөзге тартты әкім. – Жоқ, – деді Мергенбай. – Неге? – Менің өз ортам, өз теңім бар, солармен бірге болған, солармен ой бөліскен маған ыңғайлырақ. – Ал мен сізді өзіммен бірдей санасам ше? – деп әкім астамшылық білдіреді. – Ал менің тым төмендегім жоқ, – депті Мекең де қырсығып. Мамадияр ЖАҚЫП. АЛМАТЫ. Соттағы «солақай» сөз Сотта: – Құттықтаймыз, жәбірленуші мырза! Сіз біздің он мыңыншы қылмыскерімізсіз. Осы орайда бізде арнайы акция өтуде. Ол бойынша баратын түрмеңізді өзіңіз таңдайсыз. Сонымен, қайда барғыңыз келеді? – Әйелдер колониясына! * * * – Айыпталушы, сіз көршіңізді картоппен атқылап ұрғаныңызды мойындайсыз ба? – «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген ғой, атам қазақ... * * * Сот залында: – Сіз неге көршіңіздің әйелін «жүргіш» деп балағаттадыңыз? Осы сөзіңізді немен дәлелдейсіз? – Енді, бірге ұсталып қалдық қой... * * * Сотта ажырасу ісі жүріп жатады. Ер мен әйелге тән үш баланы бөлісуде дау туады. Әйелі екеуін аламын десе, күйеуі маған да екеуі тән деп соттағылардың басын әңкі-тәңкі етеді. Сотта тезірек келісімге келіңдер деп тығырыққа тірелгенде, әйел азамат: – Бүйтіп бөлісе алмайды екенбіз! Онда біз ажырасуға келесі жылы келейік, баламыз да төртеу болады... – деп, жөнін тапқан екен. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫРҚазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32