Медицина • 06 Қараша, 2024

Қазақстанда мүгедек балалар көбейді - министр

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда мүгедек балалар көбейді - министр

Фото:depositphotos.com

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігінің басшысына «Елімізде мүгедек балалар көбейді, оның себебі неде және біз не істей аламыз?» деп сұрады.

Сұраққа жауап берген министр соңғы үш жылда шынымен де балалар арасында мүгедектіктің артқанын растады. 

«Соңғы үш жылда балалар арасындағы мүгедектік 11 пайызға артты. Туа біткен патологияларды ерте анықтау мақсатында осы жылдың 1 наурызынан бастап 10 өңірде 23 мың әйелге тегін тексеру жүргізілді. Біз бұл жұмысты қалған аймақтарда да атқарамыз», деді Ақмарал Әлназарова.

Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі өз баяндамасында жаңа туған нәрестелер мен алты жасқа дейінгі балалардағы мүгедектік қаупін ерте анықтау үшін скринингтің төрт түрі жүргізілетінін атап өтті:

  • Неонаталдық – бұл жаңа туған нәрестелерге тұқым қуалайтын ауруларды анықтау мен диагностикалау, емдеу үшін жасалады (осы жылдың 9 айында 256 мыңнан астам жаңа туған нәресте (98 пайыз) қамтылды, 17 нәрестеде фенилкетонурия, 3100 жаңа туған нәрестеде туа біткен гипотиреоз анықталды);
  • Аудиологиялық – есту қабілетінің бұзылуын анықтау (жаңа туған нәрестелердің 96,3 пайызы және 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 55 пайызы қамтылған);
  • Офтальмологиялық – шала туылған нәрестелердегі ретинопатияны анықтау (шала туылған нәрестелер 5590 (99,2 пайыз) қамтылды, оның ішінде 388 шала туған нәресте (37,4 пайыз) көрсеткіштері бойынша хирургиялық емдеуден өтті);
  • Психофизикалық – жаңа туылған нәрестелер мен 5 жасқа дейінгі балалардағы психофизикалық даму бұзылыстарын анықтау (объектілердің жалпы санынан балалардың 92 пайызы (1 732 426) қамтылды).