Заң • 06 Қараша, 2024

Жастар әскерден неге қашады: Депутаттар жаңа заң жобасын ұсынды

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Парламент мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан төменгі палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz

Жастар әскерден неге қашады: Депутаттар жаңа заң жобасын ұсынды

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Көптеген жас азаматтарымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды» деп айтқан. Сондықтан Ел Президенті осы мәселеге баса назар аударып: «Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деп басып айтқан. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең де мәнді нақылы бар. Сондықтан Отанды сүю, Отанға қызмет етуді бала кезден үйрету керек. Алайда, бүгінгі күні елімізде балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесі, яғни Отанға адал қызмет ету, азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындау заман талаптарына сай келмейді», деді Айгүл Құспан.

Оның айтуынша, жауапты уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы формальды сипатқа тән. Атқарылып отырған жұмыстары азаматтардың бойында патриоттық сананы берік қалыптастырмайды.

«2022 жылы Үкіметке азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тәртібін айқындау құқығы берілген болатын. Сол жылы-ақ тиісті ережелер қабылданды, бірақ бұл іс-әрекет қалыптасқан жағдайды өзгертпеді. Осыларды ескере отырып, біз, Парламенттің бір топ депутаттары еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірледік. Заң жобасы «Әскери қызмет туралы» Заңын «әскери-патриоттық тәрбие», «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» терминдерінің мазмұнын заңнамалық тұрғыдан айқындайтын  жаңа баппен толықтырады», деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айгүл Құспан.

Сонымен қатар, осы норма республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құруды көздейді.

Айгүл Құспанның айтуынша, кеңестердің негізгі міндеттері төмендегідей:

- әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;

- бағдарламалық іс-шараларды ұйымдастыру барысында азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіру;

- жастардың бойында Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шынайы ақпарат беру.

Әскери-патриоттық тәрбие мәселелерінде үйлестірілген және келісілген жұмысты іс жүзінде жүзеге асыру үшін «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» Заңында көзделген орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларына тиісті толықтырулар енгізу ұсынылады.

«Сондай-ақ, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына мәдениет саласындағы уәкілетті органның жастар ұйымдарымен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын жүзеге асыру бөлігінде толықтыру енгізіледі. Заң жобасын қарау барысында депутаттар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар түзетулерді ұсынды.

Осыған байланысты заң жобасы мазмұндық және тұжырымдамалық жағынан біршама жақсарды. Осы үшін әзірлеушілер атынан жұмыс тобының мүшелеріне және қатысты депутаттарға алғыс білдіргім келеді.

Құрметті әріптестер, Мемлекет басшысы 2023 жылы өткен Бүкілармиялық кеңесте жастарымызды отаншылдыққа тәрбиелеудің қажет екенін айтқаны баршамыздың есімізде.

Ұсынылып жатқан заң жобасы өскелең ұрпақты Отанымыздың нағыз жанашырына айналдыруға, олардың әскери-патриоттық рухын арттыруға әсер ететіні сөзсіз. Осыған байланысты оны қолдауларыңызды сұраймын», деп қорытындылады баяндамасын.