Қоғам • 06 Қараша, 2024

Әйелдер үшін қысқартылған жұмыс уақытын енгізу керек - Қарақат Әбден

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қарақат Әбден Қазақстандағы әйелдердің басшылық қызмет атқару үлесінің аз екенін айтып мәселе көтерді, деп жазады Egemen.kz.

Әйелдер үшін қысқартылған жұмыс уақытын енгізу керек - Қарақат Әбден

Фото: bilim-all.kz

Қарақат Әбден Үкімет басшысы Олжас Бектеновке қарата қойған сауалында елдегі гендерлік теңдік саясаты жиі айтылғанмен, тәуелсіздік алғалы бері саяси қызметтерді атқарған әйелдердің үлесі ешқашан 15 пайыздан аспағанына назар аударды. 

IPU Parline рейтингін алға тартқан депутаттың дерегінше, Қазақстан әйелдердің саясаттағы өкілдігі бойынша 183 елдің ішінде небәрі 124-орынға тұрақтаған. 

2023 жылы мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің үлесі 55,7% болса,  олардың арасында басшылық қызметтегілердің үлесі-  20,3% құраған. 

Қарақат Әбден бұл тұрғыда көршілес Өзбекстандағы заң шығарушы органдарда қызмет атқаратын әйелдердің үлесі 38 пайызды құрағанын атап өтті.

Ол облыстардағы басқармалардың басшылары толықтай ер адамдар екенін тілге тиек етіп, әйелдер негізінен «жұмысшы аттардай» күрделі істерді атқарып жүргеніне ерекше назар аударды. 

Ол сауалын қорытындылай келе еліміздегі әйелдердің жұмыс істеу уақытын қысқартуды ұсынды. 

«Скандинавия елдерінің тәжірибесіне назар аудара отырып, әйелдер үшін қысқартылған жұмыс уақытын енгізуді қарастыру керек. Бұл жұмыс істейтін әйелдердің бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бала күтіміне байланысты ақылы демалысты екі жылға дейін ұзартуды ұсынамын», деді Қарақат Әбден.