Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекеттік әуежайлар желісін дамыту тақырыбында брифинг өтті. Оған «Airport Management Group» компаниясының бас директоры Клод Банан мен оның орынбасары Асқар Мұратбаев және құқықтық департамент директоры Дәурен Шәріпбаев қатысты.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылымында әуежайларды басқарудың арнайы компаниясы ретінде құрылған «Airport Management Group» ЖШС холдингінің қарамағына 11 әуежайды шоғырландыру жоспарланыпты. «Былтыр Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Шымкент, Қызылорда әуежайлары 7 жылдық мерзімге «Airport Management Group» компаниясының сенімді басқаруына берілді. Біздің негізгі міндетіміз – әуежайларда халықаралық талаптарға сай қауіпсіздік жүйелерін енгізу, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыра отырып, әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту бойынша ұзақ мерзімді жоспар құру. Айтқандай, жалпы басқарушы компанияның қарамағына 11 әуежайды шоғырландыру жоспарланған. Жоғарыда айтылған әуежайлар қатарына тағы Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Өскемен және Семей әуежайларының активтерін сенімді басқаруға алу көзделген», деді К.Банан.
Ел әуежайларының бірқатарына ірі көлемде инвестициялар тартылып, салынбақ көрінеді. «Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» Жолдауында әуежайларды дамытуға зор көңіл бөлінген. Осыған байланысты, 2015-2017 жылдар аралығында Астана, Қызылорда, Петропавл, Қостанай әуежайларының инфрақұрылымын дамытып, ұшып-қону алаңдарын, жолаушылар терминалын жаңғырту бойынша ірі жобалар жүзеге асырылады. Астанадағы халықаралық әуежайда жаңа жолаушылар терминалы салынады. Ал ескісі ішкі рейстерге арналатын болады. Сонымен қатар, Шымкент әуежайының да жаңа жобасы басталды. Ал, Петропавл мен Қостанай әуежайларында да осындай жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, жолаушылар терминалы жөндеуден өткізіліп, ұшу-қону жолақтары жаңғыртылады. Осында аталған әуежайлардың инфрақұрылымына салынатын инвестициялардың жалпы құны 99 млрд. теңге болады», деді компанияның бас директоры.
Астана әуежайындағы жолаушыларды тамақтандыру сапасын жақсарту мәселесі де назарға ілікті. Жауапты компания осы саланы әлемдік дәрежедегі мамандарға тапсырып, жоғары дәрежеде қызмет көрсетуді жөн санапты. «Биыл негізгі басымдық қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына өтуге бағытталады. Яғни, қызмет көрсету саласы жоғарылайды деген сөз. Қазір біз Астана әуежайына жолаушыларға жерде де, әуеде де сапалы қызмет көрсете алатын халықаралық көшбасшы компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Нақты айтқанда, бортта тамақтандыру саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың бірін Астана әуежайында қызмет көрсетуге шақырдық. Биыл әуежай маңында борт тағамдарын әзірлейтін цех іске қосылады. Ал әуежай ішіндегі қызмет көрсетуге келер болсақ, бұл ретте де біраз өзгерістер болады. Нақтырақ айтсақ, қызмет көрсету саласы коммерцияландырылып, кез келген экономикалық қызметтің қатысушысына, әсіресе, жолаушыларға қызмет көрсететіндерге әуежайдың қоятын талаптары күшейтіледі. Бұл талаптардың барлығы жолаушылардың көңілін табуға арналатын болады», деді А.Мұратбаев.
Оның айтуынша, Астана әуежайындағы дүкендер мен дәмханалардың бағалары айтарлықтай төмендетіледі. «Біз бұдан былай әуежай аумағындағы барлық қызмет көрсету нарығының қатысушыларына бірдей талаптар қоя аламыз. Сондықтан баға туралы мәселе біздің басты назарымызда. Биылғы жылдың бірінші жартысына дейін Астана әуежайындағы бағалар толық реттеледі. Бұл шаралар жолаушыларға тікелей қызмет көрсететін барлық қатысушыларға жасалады», деді ол.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».