Аталған автокөліктер патрульдік және учаскелік инспекторлардың кәдесіне жарап, алдағы уақытта бір учаскелік инспектор ретінде бірнеше елді мекенге қызмет көрсететін, арақашықтығы 70 шақырымды қамтитын жаңа аудандардағы инспекторлар жұмысы ширай түседі. Су жаңа көліктер отандық кәсіпорындарда шығарылғанын атап өткен ләзім.
«Кілті табысталып отырған бұл автокөліктер біздің патрульдік және учаскелік инспекторлардың шақыртуларын тез арада тиімді орындауға жол ашып отыр. Сырт аймақтағы ауылдар мен шалғай орын тепкен елді мекендердегі қауіпсіздікті арттырарына сенім мол. Атқарушы органдардың қолдауы өңір тұрғындарының тыныштығын қорғау мүмкіндігімізді нығайтуға септігін тигізеді», деді Бектөре Жеңісбайұлы.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ көмегімен лизингтік қаржыландыру аясында сатып алынған қызметтік жаңа көліктер облыс бюджетінің есебінен жүзеге асырылды. Өңірдегі полицияның автопаркі соңғы рет 2017 жылы жаңартылған еді. Жеті жылдан бергі олқылықтың орны толып отырғандықтан, жаңа көліктер келешекте халықтың қауіпсіздігін қадағалайтын тәртіп сақшыларының жұмысын жандандырып, жаңа мүмкіндікті пайдалануға септігін тигізерін айта кеткен жөн. Аталған іс-шара полиция қызметкерлерінің жаңа міндеттерін орындауға деген дайындығын айғақтайтын салтанатты шерумен аяқталды.
Семей