Өндіріс • 07 Қараша, 2024

Вольфрамды қайта өңдейтін алғашқы зауыт іске қосылды

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарашаның басында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Сөгеті ауылдық округі аумағын­да вольфрамды қайта өңдейтін еліміз­дегі алғашқы зауыт іске қосылды. Зауыт­­тың іске қосылуы – тау-кен өндірісінің дамуы жолындағы үлкен қадам әрі еліміздің халықара­лық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арт­тырудағы айрықша бастама. Тарихи оқиға еліміздің әлемдік сирек металдар нарығындағы орнын нығайтумен қатар, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен өңдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Вольфрамды қайта өңдейтін алғашқы зауыт іске қосылды

Жобаны толықтай Гонконгте орна­лас­қан «Jiaxin International Resour­ces Investment Ltd» компаниясы қаржы­лан­дыр­ған. Зауыт жылына 3,3 млн тонна кен өңдейді. Жалпы құны – 300 млн доллар.

«Бәріңізді екі мемлекет арасын­дағы ынтымақтастық нәтижесінде іске асырылып отырған «Вольфрам кен­дерін өндіру және қайта өңдеу зауыты­ның» ашылуымен құттықтаймын. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы – ауданымызда жаңа жұмыс орны ашылып, экономика дамып, әлеуметтік тұрақтылық нығаяды дегенді білдіреді. Мемлекеттің шетел инвесторларын қолдауы нәтиже­сінде ауданымызға 2024 жылдың 9 айында 84 млрд теңге көлемінде (2023 жылы 9 айда 62 млрд теңге тартылған) инвестиция тартылды. Отандық бизнестің шетел инвесторларына сенімді серіктес болуына барлық жағдай жасалып отыр. Кәсіпорын аймағымыздың әлеуе­тін арттырып, тұрғындардың әл-ауқа­тын жақсартуға үлкен үлес қосады деп сене­мін», деді аудан әкімі Талғат Байеділов.

Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында бойынша шағын және орта кәсіпорын саны 26 мың бірлікті құрап, 40 мың­нан аса адамды жұмыспен қам­ты­ды. Оның ішінде 106 бір­лік өнеркәсіп орыны жұмыс жүр­гізіп, өнеркәсіп көлемі биылғы 9 айда 72 млрд тең­гені құрады.

Жаңа зауыт халықаралық экологиялық және өндірістік стандарттарды ескере отырып жұмыс істейді. Қазіргі уақытта зауыттың негізгі нысандары –  шлам сақтау орындары мен тау-кен байыту фабрикасы 60 пайызға, сыртқы су тарту жұмыстары 85 пайызға, сыртқы электрмен жабдықтау 100 пайызға және ішкі электрмен жабдықтау 90 пайызға аяқталған. Бұл көрсеткіштер жобаның техникалық және өндірістік үдерісінің жоғары сапада іске асырылып жатқа­нын дәлелдейді. Тарихи жобаны «Арал Кеген» ЖШС басқара­ды, ал оның акционерлері халықаралық холдинг «Jiaxin International Resources Investment Ltd.» құрамына кіреді, оған «Jiangxi Copper Corporation», «China Railway Construction Company», «China Civil Engineering Construction Company» және «Ever Trillion International Singapore PTE LTD» компаниялары қосылған.

Алдағы уақытта вольфрам мөлшерін 88,5 пайызға дейін жеткізу, жоғары тазалықтағы вольфрам кар­бидін шығару мақсатында терең қайта өңдеу кешенін салу жоспарлан­ған. Бұл кезеңге арналған инвестиция көлемі – 150 млн доллар.

Зауыттың ашылуы еліміздің тау-кен өнеркәсібінде жаңа кезеңді бастайды. Қазір әлемде вольфрамға сұраныс артқан сайын, оның өндірілуі мен өңделуі де ерекше маңызға ие болып тұр. Біздің ел бұл жобамен тек өзінің табиғи ресурс­тарын тиімді пайдалануды көздеп қана қоймай, әлемдік нарықта жетекші орынға шығу­ды да жоспарлайды.

 

Алматы облысы