Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің төрағалығымен Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу мәселесіне арналған селекторлық кеңес өтті. Бұл шараға бірқатар министрлік пен ведомстволардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Парламент депутаттары, сондай-ақ, өңірлердегі партия филиалдарының басшылары қатысты.
Жиында сөз алған партия Төрағасының бірінші орынбасары тұтас ел болып қарсы алатын мерекеге тұп-тура 100 күн қалғанын, демек, бұл атаулы күнді жоғары деңгейде атап өтуге күш салу қажеттігін жеткізді. Себебі, жыл емес, күн өткен сайын қатарлары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлері қандай құрметке болсын лайық. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев айтқандай, бірде-бір ардагер мемлекет назарынан тыс қалмауы тиіс. Аға ұрпақтың еңбегі мен ерлігін бағалауды ұдайы назарда ұстайтын Елбасының тапсырмасымен мемлекет әрдайым ардагерлерге қолдау көрсетіп келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккелері баспанамен қамтамасыз етілді. Жыл сайынғы бір реттік материалдық көмектен бөлек, оларға коммуналдық, медициналық қызмет көрсетуде күнделікті жұмыстар, жол жүруде көптеген жеңілдік жасалып отыр. Мерейтойдың тек мамырда ғана емес, тұтас жыл бойы аталып өтетінін ескере келіп, жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасымен соғыс ардагерлерін қолдауға арналған жалпыұлттық акция басталды. Жеңістің 70 жылдығын лайықты өткізуге дайындық мәселесі Мемлекеттік хатшының қатысуымен бірнеше жиында талқыланып, ел Үкіметі мерекені атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті, деді Б.Байбек өз сөзінде.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары, сондай-ақ, «Нұр Отан» бұл бағытта бірқатар игілікті шараны атқарып жатқанын тілге тиек етті. Бұл шаралар «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған партиялық жоба аясында 2014 жылы еліміздегі 5 мыңнан астам ардагердің тұрмыс жағдайы жан-жақты зерттеліп, оларға қатысты 10 мыңнан астам көкейкесті мәселенің 9 мыңға жуығы өз шешімін тапты. 531 Кеңес Одағының Батыры мен 124 «Даңқ» орденінің толық иегерлері туралы мәліметтер қалпына келтірілді. Біз өткен жылдан бастап, аймақтармен бірлесе отырып, осы мәліметтер базасын құрып жатырмыз. 600-ден астам адам кірген, яғни Ұлы Отан соғысының батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлері туралы мәліметтердің толық базасын құру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Онда бұрын-соңды қоғамға белгісіз болған қазақстандықтардың да есімдері бар. Бұл – үлкен жұмыс. Біз бұған қоса, аға ұрпақтың қайталанбас ерлігін ұлықтауға арналған көптеген шара іске асырылып, олар жастарға етене таныс әлеуметтік желілерде, ғаламторда кеңінен насихатталуда. Түптеп келгенде, атқарылар жұмыстың мәні – тағзымды тәлімге ұластырып, Елбасы саясатының, Тәуелсіздіктің арқасында соғыс көрмеген бақытты ұрпақты елдегі бейбіт өмірді, келісім мен бірлікті көздің қарашығындай сақтауға, елінің амандығы мен мемлекетінің тәуелсіздігі үшін сапқа тұруға қашанда даяр болуға тәрбиелеу, деді Бауыржан Қадырғалиұлы.
Осылай дей келе, ол Жеңістің 70 жылдығы аясында атқарылатын іс-шаралар шоғырына тоқталып өтті. Мәселен, қаңтардың 29-ынан бастап, «Астана» телеарнасында майдангерлер туралы «Қазақстандық қаһармандар» атты 100 бейнеролик көрсетіле бастайды екен. Әр ролик күніне 10 мәрте көрсетіліп, майдангерлердің ерлігін паш етеді. Телекөрермендер халыққа белгілі Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды батырлардың ғана емес, жұрт біле бермейтін Кеңес Одағы батырларының өмірі мен ерлігі туралы да қызықты деректермен таныса алады. Екіншіден, қазақстандық Кеңес Одағының батырларына арнап, қазақ және орыс тілдерінде 70 фильм түсіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқан көрінеді. Үшіншіден, Жеңіс күніне орай, «Қазақстандықтар екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында: 100 жаңа дерек» жобасы іске қосылмақ. Төртіншіден, Отан қорғаушы күніне орай, қазақстандық Кеңес Одағының батырлары, «Даңқ» орденінің толық иегерлері мен Халық қаһармандары туралы кітаптың таныстырылымы болады. Мұндай сипаттағы жинақ 1968-1969 жылдары жарық көріпті. Бесіншіден, Жеңіс күні қарсаңында қаһарман қазақстандықтар тақырыбына арналған «KAHARMAN.KZ» сайты іске қосылмақ көрінеді. Бұл сайтта мұрағаттық құжаттардың көшірмелері, қазақстандық батырлар туралы ақпараттар, соғыс жылдарының жылнамасы, фотогалерея, бейнероликтер, ардагерлер туралы мақалалар жарияланбақ екен.
Бүгінгі күні 850 мың азаматты және 5600 бастауыш партия ұйымын біріктіріп отырған «Нұр Отан» партиясының әр ардагерге немесе тыл еңбеккеріне тиісті деңгейде қолдау көрсететіндей әлеуеті бар. Мәселен, 2014 жылы партияның қоғамдық қабылдауларына 505 соғыс ардагерінен өтініш келіп түсіпті. Сол жылы «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының шеңберінде 5 мың 427 ардагердің өмір сүру, тұрмыс жағдайын зерттеу нәтижесінде 10,8 мың өзекті мәселе анықталған. Олардың 24,5 пайызы тұрғын үйге, 56,2 пайызы денсаулыққа, 19,2 пайызы тұрмыстық мәселелерге қатысты болған көрінеді. Бұған қоса, соғыс өртінен аман қалған қарттардың 21,4 пайызы (1 мың 163 адам) тұрғын үйлеріне жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 11,7 пайызы (634 адам) баспаналарын кеңейту, 8,7 пайызы (472) тұрғын үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 4,6 пайызы (248 адам) баспана беру туралы өтініш айтыпты. Ал бүгінде ардагерлердің 1,4 пайызы (77 адам) мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу кезегінде тұрса, олардың 1,2 пайызының (67 адам) пәтерлері қауіпті жағдайда тұрған көрінеді. Бұдан бөлек, партияның қоғамдық қабылдауларына келіп түскен өтініштердің көбісі әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету мәселесіне байланысты екен.
Жиын соңында партия Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге және майдангер қарттарға көмек көрсету мақсатында бөлінген барлық қаражат шашау шықпай, өз мақсатына игерілуі қажеттігін айтты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».