Департамент басшысының айтуынша, құзырлы орган сыбайлас жемқорлықтың орын алу қаупі жоғары деген 15 саланы іріктеп алып, арнайы карта әзірлеген. Карта арқылы департамент парақорлыққа қарсы күресті күшейтіп, жемқорлық қылмысын болдырмауға, тәуекел жоғары салаларды бақылауда ұстауға күш салып жатыр. Сыбайлас жемқорлық картасына білім, медицина, жер қатынастары, тұрғын үй, әлеуметтік қамту, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, жол, бизнес, сейсмология, сот, полиция секілді қызмет түрлері еніп отыр. Департамент басшысы аталған картаның көмегімен қылмыстың алдын алу мен жедел тергеу жұмыстарын жүргізу оңай әрі тиімді бола түскенін айтады. Тіпті жаңа тәжірибе көрсеткен алғашқы нәтижелер де жоқ емес.
Талдау көрсеткендей, бес жыл ішінде әкімдік 28 млрд теңгеге 1,5 мыңға жуық жер учаскесін мемлекет иелігіне қайтарған. Осы орайда әкімдік тарапынан 5 717 гектарды құрайтын 4 579 жер учаскесін мемлекеттік қажеттілікке алу туралы шешім шығарылған. Дей тұрғанмен, осы күнге дейін 3 мыңнан астам жер учаскесін алу туралы шешім орындалмаған. Оған меншік иесінің өзгеруі, жер құнының қымбаттауы, шұғыл сатып алулар, тағы басқа мәселелер себеп болған. Бұл ретте департамент жерді бағалауда, алынған мүлікті есепке алуды жүргізуде, меншік иелерін іріктеуде сыбайлас жемқорлықтың орын алу мүмкіндігі барын анықтады. Себебі жерге қатысты құжаттық рәсімдер көбінесе ашық емес үлгіде болады, құжаттарды рәсімдеу шарттарын лауазымды тұлғалар іске асырады. Сондықтан мемлекеттік қажеттілікке жерді алу үдерісінде жемқорлықты болдырмау мақсатында департамент бұл қызметті цифрландыру, арнайы тізім жасақтап оған азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрын жеке меншіктен алынған жерлерде мемлекеттік жобаларды іске асыру мерзімдерін белгілеу жөнінде ұсынымдар берді.
Сала басшысы өз баяндамасында Шымкентте су қорғау белдеулері шегінде 2 300-ден астам нысан барын атап өтті. Нысандардың өзендерге жақын салынып кетуінің себебі ресми түрде белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеулеріне қатысты арнайы заң болмаған, ережені қабылдағанша 6 жыл уақыт өтіп кеткен. Соның салдарынан өзендердің жағалауын заңсыз құрылыс басты. Оның үстіне, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясымен де құрылыс жұмысы ешқандай келісілмеген. Шымкенттің ең басты су арнасы Қошқарата өзені екені белгілі. Оның ұзындығы 15 шақырымға созылып жатыр. Бір қызығы, шаһардың осы жалғыз арнасы жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына енгізілмепті, соған сәйкес тиісті қызыл сызық орнатылмаған. Ендігі ретте бұл мәселе шешімін табуға тиіс екенін айтты департамент басшысы.
Ветеринарлық талаптарға сәйкес сібір жарасы бар көмілген жерлер ерекше қорғалып, есепке алынады. Осындай шұңқырға көмілген мал қорымдары мың метрден, одан да жоғары санитарлық-қорғаныш аймағы бар қауіптіліктің І сыныбына жатады. Мегаполисте сібір жарасының ошағы саналатын сегіз орын бар. Алайда уәкілетті органдар санитарлық-қорғаныш аймағын белгілеу жөнінде тиісті шаралар қолданбаған. Сібір жарасы бар жекелеген жерлеу орындары тұрғын үйлердің, өндірістік нысандардың, сондай-ақ егіс алқаптарының жанында орналасқан. Бұл әлбетте халық денсаулығына үлкен қауіп тудырады. Осы орайда департамент тиісті талдау жүргізіп, соның нәтижесіне сай жергілікті атқарушы органдарға арнайы ұсыныс жіберілді. Мұндағы мақсат ертеңгі күні адамдардың денсаулығына қауіп төнетіндей жағдайды болдырмай, дер кезінде соның алдын алу. Сондықтан қала әкімдігіне ұйымдастырушылық-басқарушылық шешімдер қабылдау керектігі ескертілді. Департамент бүгінде құрылыс саласына да профилактикалық іс-шараларын жүргізуді жалғастырып келеді. Мониторинг кезінде анықталғандай, өңірлердегі құрылыс-монтаждау жұмыстарына кепілдік мерзімдері әртүрлі болып келген. Мәселен, ол 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімді құрауы мүмкін. Айталық, кейінгі 6 жылда қалалық құрылыс басқармасы 154 млрд теңгеге 193 көпқабатты тұрғын үй салған. Мердігерлермен жасалған барлық келісімшартта бес жылдық кепілдік мерзімі белгіленген.
Департаменттің бастамасымен құрылыс, энергетика, жол салаларындағы әкімдіктің бейінді басқармаларының сатып алынатын құрылыс-монтаждау жұмыстарына кепілдік мерзімін ұлғайту туралы бұйрықтар қабылданды. Яғни енді мемлекеттік тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттарда лоттарға қойылатын талаптарға кепілдік мерзімін кемінде 84 ай деп көрсетеді. Былайша айтқанда, кепілдік мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұлғайтылды.
Бүгінде департамент құрылысы аяқталмаған төрт нысанды бақылауға алған. Атап айтқанда, Ақжар қосалқы стансасы, Қонаев даңғылының жалғасы, Тұран шағын ауданындағы №7, №10 көшелердің инженерлік-коммуникациялық жүйелері. Биыл ұзақмерзімді құрылыс нысандарын салудың проблемалық мәселелері қала әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияда бірнеше рет қаралды. Нәтижесінде, оларды мерзімінде тапсыру жөнінде хаттамалық тапсырма берілді.
Бұған дейін Қонаев даңғылының жалғасы саналатын автожол құрылысының бесінші кезеңінің құнын біршама қымбаттатып жібергені анықталған еді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы билікке ақпараттандыру хаты жолданып, соның негізінде әкімдік құрылыс-монтаждау жұмыстарының шығынын азайту мақсатында жобалау сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Нәтижесінде, 3,2 млрд теңгедей қомақты қаражат үнемделді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік сатып алу жоспарларына мониторинг жасап, бағаны негізсіз көтеріп жібермеуді де бақылауда ұстайды. Осындай жұмыстар биыл 6 млрд теңгеден астам қаражаттың үнемделуіне септігін тигізді.
Құзырлы орган басшысы мәлімдегендей, спорт саласында да жемқорлыққа итермелейтін тұстар жетерлік. Соларды жоюға қатысты департамент 34 ұсыныс жолдап, қазір ұсыныстар ішінара орындалып жатыр. Мәселен, уәкілетті орган ауыр атлетика, жекпе-жек, тағы басқа спорт түрлері ұйымдарының 19 жаттықтырушысы мен 13 әдіскерінің жалған құжатпен «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы», «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты әдіскер» атақтарын алғандығын анықтап, олардың күшін жойғызды. Одан бөлек, негізсіз төленген 1,9 млн теңге үстемеақы бюджетке кері қайтарылды. Департамент бюджеттік спорт ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны есептеуде бірнеше кемшіліктің болғанын анықтап, тағы бір заң бұзушылықтың бетін ашты. Құқықтық актідегі олқылықтар мен жаттығуға жұмсалатын қосымша ақыны өз бетінше есептеу негізсіз әрі жоғары үстемеақылардың төленуіне түрткі болған. Жекелеген спорт мекемелерінде жалақыға қосымша ақы 500 пайыздан асқан, сонымен қатар әкімшілік-басқару персоналына үстемеақы қарастырылған. Қосымша ақылар спорт мектебі директорларының жүргізушілеріне, коменданттарға, референттерге, мұрағатшылар мен от жағушыларға тағайындалған. Осы барыста жалпы құны 15,5 млн теңгені құраған 16 дерек анықталып, оның 13,3 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
Қ.Сүлейменовтің айтуынша, мұндай заң бұзушылық жарыстар мен спорттық атақтардың берілуіне қатысты бірыңғай электрондық базаның болмауынан орын алған. Осыған байланысты келесі жылдан бастап салаға жауапты министрлік тиісті ақпараттық жүйені енгізеді.
«Отбасының еңбекке қабілетті мүшелері салықтық есептен шығарылған кәсіпкерлерден жұмыс орны туралы бұйрықтар мен анықтамалар алған 199 жағдайды анықтадық. Мұндай атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 49,6 млн теңге төленген. Сондай-ақ гранттық қаржыландыру ережесімен бизнес-идеяларына грант жеңіп алғандар 3 ай ішінде кәсіпкерлік жұмыстарына кірісуге тиіс. Алайда біз анықтағандай, 2022 жылы грант ұтқан кейбір тұлғалардың жеке кәсіпкер ретінде мүлдем тіркелмегені немесе 3 айдан кейін кәсіп бастамағаны, тіпті көп ұзамай өз фирмаларын жауып тастағаны белгілі болды. Грант алушылар туралы деректерді салық органына беру жөніндегі талаптар да орындалмаған. Сондықтан жұмыспен қамту басқармасы жоғарыда көрсетілген фактілерге қатысты тиісті талап-арыздарды орындау шараларын бастады. Бүгінде 13 грант иегері қаражатты тиімсіз пайдаланғаны үшін 14 миллион теңгеден астам мөлшердегі қаржыны мемлекет қазынасына қайтарды. Қалған қаражатты өндіру сот орындаушыларына жүктелді немесе сот инстанцияларында қаралып жатыр», деді департамент басшысы Қ.Сүлейменов.