Үкімет • 08 Қараша, 2024

Сот жүйесін реформалау – уақыт талабы

59 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында Орталық сайлау комиссиясының жаңа мүшесі тағайындалды. Сондай-ақ депутаттар бастамашы болған сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң қаралды.

Сот жүйесін реформалау –  уақыт талабы

Әділдік пен ашықтыққа қадам

Отырыс барысында депутаттар Сенат тағайындаған Орталық сайлау комис­сиясының мүшесі Анастасия Щегор­цованың өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты оның өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы мәселені қарады. Регламентке сәйкес бұл мәселені Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті алдын ала талқылап, өз қорытындысын әзірлеген еді. Ашық дауыс беру арқылы депутаттар бұл шешімді қолдады.

Сенат спикері аталған лауазымға коммуникация саласында тәжірибесі мол, Ақпарат министрлігінде және «Хабар» агенттігінде жауапты басшылық қызметтер атқарған Ләззат Сүйіндіктің кандидатурасын ұсынды. Сенаторлар ұсынысты қолдап, Ләззат Сүйіндік ОСК мүшесі болып тағайындалды.

Сонымен қатар отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Айта кетейік, биыл маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң дербес кассациялық соттар құруды және олардың сот актілерін қарау жөніндегі өкілеттіктерін қарастырады. Осыған байланысты отырыста қаралған заң арқылы Қылмыстық-процестік кодекске, Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске және басқа да бірқатар заңға тиісті түзетулер енгізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ Жоғарғы соттың заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық сатыда қарағаннан кейін оларды қайта қарау тәртібі енгізіледі. Мәселен, Жоғарғы сотта істерді қайта қарау Жоғарғы сот судьясының ұсынуы немесе Бас проку­рордың наразылығы бойынша айрықша жағдайларда ғана жүзеге асырыла­ды. Ал әкімшілік істер бойынша сот актілері апелляциялық шағым жасалғаннан кейін заңды күшіне енеді.

Бұл жерде заң нормаларына сәйкес азаматтық және қылмыстық істер бо­йынша кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау алынып тасталды. Кассация­лық сотта алты айдан аспайтын мерзім­де қылмыстық және азаматтық істерді қайта қарау, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін рәсімдеуді оңайлату бойынша да бірқатар шара қарастырылған.

Депутаттар атап өткендей, кассация­лық сатыға қолжетімділікті кеңейту үшін 2027 жылғы 1 шілдеден бастап талап қою сомасы 2 000 АЕК-тен кем болған жағдайда жеке тұлғалардың және талап қою сомасы 30 000 АЕК-тен кем болғанда заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты даулар бойынша, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша шектеулер алынып тасталды.

«Мақұлданған заң Мемлекет бас­шысы­ның сот жүйесін реформалау жөнін­дегі тапсырмасын іске асыру мақ­сатында әзірленді. Заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Осы заң аясында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді кассациялық сатыда қарау тәртібіне қатысты өзгерістер топтамасы қарастырылған. Бұл түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жылы құрылатын үш дербес кассациялық соттардың қызметімен байланысты. Атап айтқанда, кассациялық тәртіпте істерді қараудың негіздері, шарттары және мерзімдері қайта қаралды. Судьялардың тәуелсіздігін және олардың жауапкершілігін күшейтуге арналған ережелер де бар. Алдағы уақытта заң сот процестерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Футбол туралы заң керек пе?

Палата отырысында сенаторлар өздері­нің депутаттық сауалдарын жолдады. Мәсе­лен, Дархан Қыдырәлі балалар мен жасөс­пірімдер спортының дамуына кедергі кел­тіретін проблемаларды атап өтіп, фут­болға қатысты жағдайларға ерекше назар аударды. Депутат аталған бағыт­тағы мәселелерге тоқталып, инфрақұры­лым, жаттықтырушыларды даярлау және легионерлерге қатысты лимит белгілеу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Оның айтуынша, клубтарды қаржыландыру мен легио­нерлерге жоғары жалақы төлеу мәселелері айтылмайтын тақырып, бұл қаржының тиімді бөлінуіне бақылауды қиындатады.

«Еуропаның топ құрамаларының бапкерлерінің біразынан көбірек жалақы алатын ұлттық құрама бас бапкерінің айлығы – құпия. Көпшілігі жергілікті бюджетке байлаулы футбол клубтарындағы легионерлердің айлықтары да ашық айтылмайды. Көптеген мемлекетте футболға қатысты арнайы заң қабылданған. Осы саладағы жүйесіздік пен жүгенсіздікті реттеу үшін бәлкім бізге де футбол туралы арнайы заң қабылдаудың уақыты келген шығар», деді сенатор.

Д.Қыдырәлі «Атырау» – «Ақтөбе» және «Атырау» – «Астана» командалары ара­­сын­дағы соңғы матчтар туралы төреші­лері­нің шешімдері қоғамда үлкен дүмпу туғыз­ғанын атап өтті. Алайда бұл жағдайларға қатысты қатаң шаралар қабыл­данбады, бұл ұлттық чемпионаттың әділ­дігіне күмән келтіреді. Оның пікірін­ше, Футбол федерациясы отандық төре­шілер мен жаттықтырушыларды даярлауды белсенді түрде қолдауға тиіс, өйткені қызмет ететін 155 төрешіні оқыту деңгейі жоғары стандарттарға сәйкес келмейді. Бұл еліміз­дің әлі де әлемдік турнирлерге төреші­лер шығара алмай отырғанын және олардың біліктілігін арттыру қажеттігін көрсетеді.

 

Жетімдерді баспанамен қамту жайы

Сенатор Геннадий Шиповских жетім­дер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала­ларды жұмыспен қамту және тұрғын үй­мен қамтамасыз ету мәселе­лерін көтер­ді. Ол қолданыстағы мемле­кет­тік бағдар­ламалардың жеткілікті деңгей­де тиімді емес екенін айтып, мәсе­лені шешуді көздейтін бірқатар шараға тоқталып өтті.

Жетім балаларға баспана алуға жеңіл­дік қарастырылған, алайда статистика көр­­сет­­кендей, кәмелетке толғандардың бәрі­не бірдей баспана беріле бермейді. 2022 жылы кезекте тұр­ған 61 471 жетімнің 852-сі ғана бас­пана алды, ал 2023 жылы 62 290 мұқ­таж адамның 809-ы ғана тұрғын үйге ие болды. Ол білім алуға мүмкіндік беру үшін колледждер мен жоғары оқу орын­­дарын­дағы жетім балаларға арнал­ған грантқа квотаны ұлғайтуды ұсынды.

«Өкініштісі, бүгінде орта мектепті бітірген жетім балалардың жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, биыл мансап орталықтарының квотасы аясында 4 275 адам жұмысқа орналасты, оның 85-сі ғана – жетімдер. Жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам қамтылса, оның небәрі 56-сы ғана – жетім балалар. Өзім де ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінің тәрбиесін көрдім және бұл мәселелерді іштен білемін десем артық болмас. Ондағы жолдастарымызбен осы күнге дейін араласып тұрамыз. Менің атыма жетім азаматтардан көптеген өтініш келіп түседі, олардың басым бөлігі баспана алу мен жұмысқа орналасуға қатысты», деді Г.Шиповских.

Депутат Премьер-министрге кәме­летке толған жетім балаларға тұрғын үйді күту мерзімін қысқартатын арнайы бағдарлама әзірлеуді, сондай-ақ оқуын аяқтағаннан кейін оларды жұмысқа орналастыру үшін дербес бағдарламаны іске қосуды ұсынды.

 

«Қазпоштаның» жауабы көңіл көншітпейді

Сенатор Амангелді Нұғманов Ақтө­бе облысының кейбір ауылдарында пошта бөлімшелерінің жабылуына алаңдау­шылық білдірді. Депутаттың пікірінше, бұл шешім зейнеткерлер мен көрші елді ме­кен­дерге баруға мәжбүр болатын жәр­демақы алушыларға кері әсерін тигізеді.

«Халық саны аз елді мекендердегі бөлімшелерін жабу туралы шешім нара­зылық туғызып жатыр. Олар зейнетақы мен жәрдемақы алатын әдеттегі ыңғайлы жерлерінің орнына қыста, көктемгі жол бұзылған мезгілдерде алыс қашықтықты жүріп өтуге мәжбүр болады», деді А.Нұғманов.

Сенатордың пікірінше, «Қазпошта­ның» халқы аз елді мекендерге қызмет көрсетудің тиімсіздігін сылтау еткен жауабы өңірлердің әлеуметтік және экономикалық келешегінен бейхабар екенін білдіреді. Депутат бұл мекеме негізінде халыққа қызмет көрсету үшін құрылғанын ұмытпау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бөлімшелердің жабылуы тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азамат үшін қызметтерге тең қол жеткізуге бағытталған Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына қайшы келетінін еске салды.

Сондай-ақ отырыс барысында сенатор Андрей Лукин Курчатов қаласы­ның базасында ғылыми қалашық құру мәселесін қарастыру және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасаса, Амангелді Толамисов жоғары оқу орындарының «лигасына» қатысты проблемаларға назар аударып, осы бағыттағы бірқатар рәсімді қайта қарау қажет екенін айтты.