30 Қаңтар, 2015

Жол басшылары

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
елді мекен атауына неге назар аудармайды? Өткен жылдың 14 мамырында «Егемен Қазақстанда» менің «Қашқантеңіз» қалайша «Көш­кентеңіз» атанды?» деген мате­риалым жарияланған бола­тын. Содан бері айлар өтсе де, «Қазақ­стан темір жолы» – ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы­ның тиісті мекемелері әлі күнге дейін ешқандай қорытынды шығар­ған жоқ. Бекет жөндеуден кейін әлдебіреудің маңдайшаға тап­сырыс беруде бұрынғы тари­­хи атауы «Қашқантеңізді» ұмы­тып, «Көшкентеңіз» деп шатас­тырып алған. Соның салдарынан орын алған келеңсіздікті жою­­­ға теміржолшылардың қолы үш жылдан бері тимей келе­ді. Сол материалда біз теміржол бе­кеті­нің атауы алғашқы күн­нен «Қашқантеңіз» екендігін дәлел­деген болатынбыз. Өкініш­ке қарай, біздің келтірген дәлел­дерімізге де, кейін бұл іске ара­ласқан Жам­был облысы әкім­дігінің Тілдер­ді дамыту басқармасының ұсыныс­тарын да елемей, әлі күнге дейін бекеттің бұрынғы атын қалпына келтірмей отырғандығы қалай?! Жол бойындағы сілтемелер сол өңірді танып-білудің көрнекі құралы. Сондықтан да жердің аты ата-бабалардың бүгінгі ұрпаққа қалдырып кеткен хаты екендігін назарда ұстау аса маңызды. Алай­да, осы қағида кейбір сәттерде сақ­тал­майды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Жамбыл облысын қиып өтетін басым бөлігі пайдалануға берілді. Жолаушы да, халық та риза. Жолдың пай­далануға берілуімен бірге жол бойында жазылып тұратын сілтемелер де жаңартылды. Көп­теген жер, ел атаулары қайта әрі дұрыс жазылды. Бұған қуанамыз. Алайда, осы істе кемшіліктер де жоқ емес. Автодәліздің Жуалы ауданы аумағындағы көктемде бір айдай ғана ағатын шағын өзеннің аты аз уақытта екі рет өзгертілді. Алғашқыда «Бақалы» деп республикалық ономастика комиссиясы бекіткен атау бойынша дұрыс жазылған. Көп уақыт өтпей «Бақатей» болып өзгертілді. Шын мәнінде ол жердің де, судың да аты «Бақата». XIX ғасырда көшіп келгендер «Бақаата» деген сөзді бұрмалап «Бақатей» деп атап жіберген. Шын мәнінде қазақ тілінде «тей» деген сөз тудырушы жұрнақ жоқ. Қазақстан Республикасы Үкі­меті жанындағы ономастика комиссиясы бекіткен «Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік ката­логінің» 7-томының 48-бетінде: «Бақалы – өзен, Билікөл көлінің оңтүстік-шығысқа қарай Үлкен Бақалы мен кішкене Бақалы өзендерінің қосылуынан құра­лады» деп анық жазылған. Яғни, республикалық ономастика ко­мис­сиясы ол өзеннің атын «Бақалы» деп атау туралы ше­шім қабылдаған. Әйтсе де, әлде­біреу­лердің «Бақатей» деген батыр аталарымыз еді» деген сөзді басшылыққа алып, өзен атауы қайта өзгертілген. Ондай батыр болғаны жөнінде жуалылықтар естіген емес. Қоршаған ортамен астасып жатқан атау. Бақасы көп болған соң аталған. Барлық географиялық атауларда ол өзен «Бақалы» деп аталатындығы нақты жазылған. Өткен жылы ғана баспадан шыққан ономаст- ғалым Зиба Құламанованың «Жамбыл облысының топонимикалық анықтамалығында» да өзен атауы «Бақалы» деп нақты көрсетілген. Сондықтан да «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалының бұрынғы басшысына өткен жылдың 19 тамызында су атауын тарихи атауымен атау туралы хат жазған болатынмын. Алайда, бүгінгі күнге дейін республикалық шешімді орындамақ түгіл басшыдан жауап та жоқ. Әлде жауап беруді қажетсінбеді ме екен? Осы екі мысалды алға тарта отырып жол басшылары құзырлы органдардың шешімдеріне пыс­қыр­майды ма деп ойлайсың?! Әрбір жолдың басшысы осылайша тарихи атауларды өзгерте берсе не болғаны?! Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, архивтанушы. ТАРАЗ.  
Соңғы жаңалықтар