30 Қаңтар, 2015

Науқастың диагнозы анықталды

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бұған дейін хабарлағаны­мыз­дай, 26 қаңтарда Атыраудағы «Теңіз» кенішіндегі жобаның мердігері – «Имстальком» серіктес­тігінің екі қызметкері жұқпалы дертке шалдығып, біреуі көз жұмған еді. Бастапқыда облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілген науқасқа менингит, менингококцемия сырқатымен ауырған деп болжам жасалған болатын. Осыған байланысты құрамында инфекционист-дәрігер, эпидемиолог-дәрігер, вирусология және бактериология зертханасының меңгерушілері бар бригада құрылып, «Теңіз» вахталық қалашығына іссапарға жіберілген еді. Ал кеше облыстық тұтыну­шылар құқығын қорғау департа­менті басшысының орынбасары Ерболат Уайысов газет тілшісіне ауруханадағы науқастың диаг­нозы нақтыланғанын, медицина терминімен айтқанда, менингококкты жұқпа, менингококцемия деп аталатынын хабарлады. «Эпидемиологиялық тексеру кезінде қайтыс болған адамда аурудың клиникалық белгілері (бастың ауруы, тамағының ауырсынуы, дене қызуының 37,7 градусқа дейін жоғарылауы) 21 қаңтарда басталғаны анықталды. Науқас медициналық көмекке жүгінбеген, өз бетінше емделіп, парацетомол, тағы басқа дәрілер қабылдаған. Дәрігерлік көмекке жүгінген кезде науқаста жіті жүрек жұмысының әлсіреуі, өкпенің ісінуі белгілері болып, ауыр халде болған. Екінші науқаста ауру белгілері 23 қаң­тарда басталған. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты, қазіргі кезде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда. Аурулармен бірге жұмыс істеген 3 қызметкер «Теңіз­шевройл» серіктестігінің клини­касына оқшауланып, антибиотиктермен профилактикалық ем алуда. Диагноздары клиникалық дәлелденген, лабораториялық зерттеу жұқпалы аурулар ауруханасы зертханасында жалғасуда деп мәлім етті облыстық тұтыну­шылар құқығын қорғау депар­таменті басшысының орынбасары Ерболат Уайысов. Қазір жұқпалы індет тіркелген ошақ орнында эпидемияға қарсы шаралар жасалып, жіті бақылауға алынды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.