Аймақтар • 08 Қараша, 2024

Ең ірі елді мекенде кітапхана мен кинотеатр ашылады

81 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бейнеуде алғаш рет аудандық кітапхана мен заманауи талаптарға сай жаңа кинотеатр ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ең ірі елді мекенде кітапхана мен кинотеатр ашылады

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Айта кетейік, Маңғыстау облысында орналасқан Бейнеу ауылы - еліміздегі ең ірі елді мекен. 57 мың тұрғын тұратын ауылдың жалпы ауданы 51 мың гектарды құрайды.

Жақын күндері Бейнеуде тұңғыш рет кинотеатр ашылады. Қазіргі таңда соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумағы 400 шаршыметр болатын ғимарат 180 орынға арналған. Билет құны 500 теңгеден басталады. Мұнда Мансап орталығы арқылы жұмыссыздық кезегінде тұрған 10 адам жұмысқа алынады.

Сондай-ақ  Бейнеу ауданында алғашқы заманауи кітапхананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Көлемі 825 шаршы метр болатын 2 қабатты ғимарат бір мезетте 62 адамды қабылдай алады. Ғимаратта оқушы балаларға, ересектерге және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 5 оқу залы, кітап сақтау қоймасы мен интернет желісімен жабдықталған арнайы кабинеттер бар.

«Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады. Қазіргі Бейнеудің ескі кітапханасы 218 123 дана кітап қорын қамтиды. Кітапханада 62 қызметкер жұмыс істейді. Биыл кітапханаға 89 мың адам келіп, олардың 26 765-і тұрақты оқырман ретінде тіркелген», деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.