Режиссер Ақмарал Баталова түсірген және «SEZAR films» продюсерлік орталығы ұсынған «Жақсылық жалғасы» деректі фильмі Үндістанда өткен «NFF – Nawada Film Festival» халықаралық кинофестивалінде жеңімпаз атанды.
Фильм жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына қазақ елінің гуманитарлық көмек көрсетуі туралы баяндайды.
Деректі туынды «Үздік деректі фильм» және «Үздік әлеуметтік фильм» аталымдарында жеңіске жетіп, 84 елден қатысқан 1800-ден астам фильмнің арасынан озып шықты. Сонымен қатар бұл фильм фестивальдың бас жүлдесіне де лайық деп танылды.
Былтыр «әл-Фараби әлемдік мұрасы» және «Асар Уме» қайырымдылық қорларының бастамасымен Қазақстан халқы Сирияға 100 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Қайырымдылық акциясы барысында Латакия жағалауында, Дамаск қаласындағы Әл-Фараби мәдени орталығында, сондай-ақ Хмеймимдегі ресейлік әскери базада киіз үйлер орнатылды. Сол қазақы ақ отауларда зардап шеккен адамдарға қайырымдылық іс-шаралары жасалды.
Аталған фильм Қазақстан халқының жанашырлық пен ынтымақтастық және қайырымдылық қасиеттерінің жақсы үлгісін бүкіл әлемге паш етті.