30 Қаңтар, 2015

Ерекше басылған Құран

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Семейдегі татар қоғамдық орталығының мұражайына жергілікті тұрғындардың бірі өз атасынан мұраға қалған Құран кітабын тапсырды. Оның көлемі сіріңкенің қорабындай ғана екен. Жәдігердің тағы бір басты ерекшелігі ретінде оның келесі бетінде ұлғайтқыш әйнек орналастырылғанын айтуға болады. Осы құрылғы арқылы кітап қиындықсыз оқылады. Ал ұлғайтқыш құралсыз ондағы жазуларды оқу мүмкін емес. Оның сыртқы мұқабасы таза мыстан жасалғандықтан, әріптері өте жақсы сақталған. Бұл кітапты алғаш көргенде таңғалған мұражай жетекшісі Шауқат Файзуллин: «Мен өмірімде бірінші рет осындай кіп-кішкентай Құран кітабын көріп тұрмын. Кітаптың көлемі шағын болғандықтан, пайдаланған адамдар оны қалтаға салып немесе мойынға тұмар ретінде іліп жүрген болар, бәлкім. Ал ұлғайтқыш арқылы ондағы кез келген сүрені қиындықсыз оқи аламыз», – дейді. Қазіргі таңда мұражайға келушілер осы жәдігерге көбірек назар аударады екен. Кітапты табыс еткен қала тұрғыны да күнде келіп, оған көз салып кететін көрінеді. Осылайша, 100 жылға жуық уақыт бір отбасының ғана құнды заты болып келген жәдігер жамағатқа ортақ дүниеге айналды. Ырысбике БҮркітқызы, №57 мектеп мұғалімі. АСТАНА.