Аймақтар • 08 Қараша, 2024

Жас ақындар жинағы

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батысқазақстандық жас ақындардың «Ақ­жайықтың аспаны» атты ұжымдық жинағы жарық көрді.

Жас ақындар жинағы

Жинақты Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілдігі мен Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы дайындап, облыстық қоғамдық даму басқармасының қаржылай қолдауымен басылып шыққан. Кітапқа 16-35 жас аралығындағы 32 жас ақынның шығармасы енген.

– Бұл жинаққа Ақжайық атырабында туып-өскен ақындардың өлеңдерін енгіземіз деп ойлап едік. Алайда ақылдаса келе, басқа өңірде өмір есігін ашып, біздің облыста білім алған, осы жақта қызметке орналасып, өмірдегі орнын Ақжайық атырабынан тапқан жастарды да жинаққа енгіздік. Мұндай жинақ біздің облыста соңғы рет 23 жыл бұрын басылған екен. Игі бастамаға қолдау білдірген өңір басшысы Нариман Төреғалиевке, облыстық қоғамдық даму басқармасына ризашылығымызды білдіреміз! Жаңа жинақ жас ақындарға шабыт сыйласын, – дейді Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадырәлиев те сөз алып, жас қаламгерлерге сәттілік тіледі.

– Біз жастарды қолдауға қашанда дайынбыз. Осы жинақ соның дәлелі. Өлең өлкесіне қанат қаққан жас ақындардың шығармашылығын шыңдау бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл игі жоба облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асты. Кітапқа өлеңдері енген ақындардың талай белесті бағындыратынына сенемін, – деді Дархан Қаныбекұлы.

Ал Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмәмбетов жастар шығармашылығын шыңдау үшін алда да біраз шаруа атқарылатынын айтады.

Әсерлі әдеби кеште жинаққа өлең-жыры енген шайырлар кезек-кезек сахнаға шығып, жырдан шашу шашты. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті филология факультетінің студенттері Әмина Едрес, Диас Бейісовтер ән шырқады.

 

Батыс Қазақстан облысы