Аймақтар • 09 Қараша, 2024

Есіктің еңселі білім ордасы

132 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Есік қаласының шетіндегі саяжай бала­лары енді алыстағы мектептерге тасымалданып, әуре-сарсаңға түс­пейді. Күні кеше Ең­бек­шіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрікті аулы­нан жалпы аумағы 2 гектар жерге орналасқан үш қабатты, типтік жо­балық қуаттылығы 1500 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бұл биылғы оқу жылында инвесторлар тарапынан салынған облыстағы үшінші мектеп екенін еске салу артық етпес. Осы күні облыста 447 мектеп жұмыс істеп, онда 340 мыңнан астам оқушы білім алып отыр.

Есіктің еңселі білім ордасы

«Kapital Construction» компаниясы тарапынан са­лынған «Altyn adam» ин­новациялық мектебінің ашылу салтанатына саяжай тұрғын­дары мен ұстаздар, жаңа мектеп табалдырығын аттаған оқушы­лар қуана қатысты.

«Өңірдегі үш ауысымды мектеп проблемасын шешуде жеке инвесторлар азаматтық  танытып, балаларға жаңа білім ордасын салып беріп отыр. «Kapital Construction» компаниясы биыл жыл басында Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақ­жол саяжай аумағынан дәл осындай зәулім де жайлы 1500 орындық мектеп салып, жерлестерімізді қуанышқа бөлеген еді. Сол арқылы үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген. Енді, міне, жаңа мектепке үш ауысымда оқытатын №1 Рахат орта мектебінің балалары ауысып, аталған білім ордасындағы жүктемені азайтатын болады», деген Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандықызы жаңа мектеп жаңа мүмкіндіктер­ге жол ашып, балалардың білім көкжиегі кеңеюіне тілек­тестігін білдірді.

Жиында «Kapital Construc­tion» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, мектеп құрылтайшысы Ри­нат Төренияз мектеп құрылы­сына атсалысқан еңбек ұжы­мына алғысын білдіре келіп, жаңа мектепте оқитын оқу­шыларға сәттілік тіледі. Сон­дай-ақ «Altyn adam» ин­но­вациялық мектебінің директоры Ботакөз Бөрібай­қызына мектеп кілтін табыс етті.

«Мектебіміз – құнды­лық­тарға негізделген инно­вация­лық тәжірибе енгі­зу арқылы, әлемдік бәсеке­ге қабілетті тұл­ға қалыптас­тыратын бі­лім беру ортасын құруды көз­дейді. Мектепте білім алу тегін. Сабақтан тыс уақытта шах­мат, тоғызқұмалақ, бокс, қа­з­ақша күрес сынды спорт түр­лерімен қоса, қыш, мү­сін өнерін меңгерту үйірме­лері тегін жүргізілетін болады. Мектеп толығымен мате­риалдық базамен жабдық­талып, білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Мектепте роботтехника, стем лабораториялар, олимпиадаға дайындық топтары, «IELTS», «SAT» дайындық курстары, проб­лемаға бағытталған оқу жүйесі қарастырылған. Соны­мен қатар бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін тамақтанатын болады», деді мектеп директоры Б.Шәрібек.

Еңселі мектепте II тоқсанды 800-ден астам оқушы бастап кетті. Бір ауысымда 1500 бала оқуға мүмкіндігі бар инно­вациялық мектепке әлі де бала қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр.

 

Алматы облысы