Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Таза отын өндірісіне ҚМГ жауапты
Талғат Ластаевтың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» Jet A-1 халықаралық санатындағы SAF экологиялық таза авиациялық отынын өндіруді бастады. Компания халықаралық банктермен бірігіп осы бағытта жұмыстарды қолға алған. Демек дайындық жұмыстары біздің елде де басталып кетті. Қазір әлемде SAF отынына сұраныстың өсуі байқалып отыр.
«Біздің әуе кеңістігі транзиттік ұшулар үшін, оның ішінде картадағы алаңсыз жерлерді айналып өтуге тырысатын әуе компаниялары үшін тартымды. 2021 жылдан бастап транзиттік ұшу саны екі еседен астам өсті. Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік жолдар да біздің әуе кеңістігі арқылы өтеді. Еуропалық одақ бірнеше жыл бойы тасымалдау үшін міндетті шарт ретінде экологиялық таза авиациялық отынды қолдану қажет деп мәлімдеді. 2028 жылдан бастап жолаушыларды тасымалдау кезінде біздің лайнерлерге құйылуға тиіс экологиялық таза авиациялық отынның (SAF) белгілі бір үлесін ұстану қажет. Оның өндірісін дайындаумен қазір «ҚазМұнайГаз-Аэро» айналысады. Біз A1JR1 стандартына көшеміз», дейді Т.Ластаев.
Т.Ластаев тамыз айының соңында Астанадағы брифингте «Самұрық-Қазына» мен «Sovico Group» өкілдері арасындағы келіссөз үдерісі кесте бойынша жүріп жатқанын, оған сәйкес мәмілені қыркүйекте жабу жоспарланғанын мәлімдеген болатын. Ал бұл жолы аталған мәміленің жыл аяғына қалдырылғаны белгілі болды.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) қоршаған орта жөніндегі өңірлік маманы Бландин Фериердің айтуынша, бүкіл әлемдегі компаниялардың экологиялық таза авиаотынды пайдалану үлесін 55%-ға жеткізу үшін шамамен 3,2 млрд доллар керек. Сонымен қатар экологиялық таза авиаотын өндірісін қолдау және персоналды оқыту үшін түрлі тетік пен құралдарды зерделеу де маңызды. Бұдан басқа, ұйым осы салада серіктестер іздеу үшін арнайы онлайн-платформа әзірлеп жатыр. Оны 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Әуежайды жаңарту жұмысына 100 млн доллар бөледі
Семинар жұмысына қатысқан Алматы әуежайының президенті Гокер Косе әуе гаванының ішкі құрылысы, терминалдардың жұмысы туралы айтып берді. Оның сөзінше, күні бүгінге дейінгі айтылған сын өткен күндердің еншісінде қалмақ. Себебі жаңа терминал кесімді мерзімнен 22 ай бұрын пайдалануға берілді. Пандемияға дейін Алматы әуежайында жолаушылар ағыны жылына 6 млн-ды құраған.
«Қазір біз 11,5 млн деңгейіндеміз. Жаңа терминал ашылғанға дейін өткізу қабілеті небәрі 3 млн болатын. Әуежайдың инфрақұрылымы өте ескі. Жақын арада терминалдардың да, әуежайдың да барлық аспектісін жақсартуға мүмкіндік беретін үлкен инвестициялар құйылады. 2025 жылдың соңына қарай ішкі рейстерге арналған ескі терминал толық жөнделеді. Инвестициялар сол жақ ұшу жолағын қайта жөндеуге бағытталады, біз дренаж жүйесін өзгертеміз, қолданыстағы перронды қайта жөндейміз. Ұшу-көтерілу жолағының барлығы қайта жөндеуден өтеді», деп атап өтті Косе.
Гокер Косе айтқандай, алдағы 4 жылда Алматы әуежайы ауқымды жаңғыртудан өтеді. Жаңартуға шамамен 100 млн доллар салу жоспарланып отыр. Бірақ инвестиция мұнымен бітпейді. Себебі заманауи әуежайға инвестиция тұрақты түрде қажет.
«10 жыл бұрын «жасыл әуежайлар» туралы ешкім естімеген еді. Ал қазір біз бұл тақырыпты Алматыда талқылап жатырмыз. Ертең қауіпсіздіктің жаңа стандарттары пайда болуы мүмкін. Сондықтан кез келген өзгеріске дайын болу керек», деді Гокер Косе.
Әуежай директорының айтуынша, терминалдардан тыс кеңістіктерге, тұрақ, қоғамдық тамақтану, ангарларға назар аударылып жатыр. Бірақ Алматыға келіп-кететін жолаушылардың да, ұшақтардың да саны өскен сайын жаңа терминалдарды салу қажеттігі туындайды.
Айтпақшы, инвестор Алматы әуежайында бомбадан қорғанатын пана салу мәселесіне де қатысты пікір білдірді.
«Алматы әуежайындағы аумағы 1 000 шаршы метр болатын бомбадан қорғанатын пана ескі терминалда қалды. Соңғы 30-40 жылда бір тиын да қаржы салынбағандықтан әбден тозған. Оны жаңғырту, қажет болса жаңа терминалда да жаңасын салу жоспарда бар. Ішкі рейстер үшін ғана пайдаланылатын ескі терминалда багажды өңдеу жүйесі, телескопиялық траптар, желдету, өрт сөндіру жүйесі, ақылды инфрақұрылым да жаңартылатыды. Сәулет тұрғысынан эстетиканы қосқымыз келеді. Бұл жұмыс бірнеше айға созылуы мүмкін, бірақ келесі жылдың қыркүйегі мен қазанына қарай тәмамдалады», дейді Гокер Косе.
Косе 2025 жылдың басында Алматы әуежайының шеберлік жоспары дайын болып, алдағы 30 жылға арналған даму стратегиясы анықталатынын айтты.
Семинар барысында әуежай иесі әлем елдері мен Қазақстанның өңірлеріндегі басқа әуежайларды сатып алу мәселесіне де тоқталды.
«Әрине, жаңа әуежайлар сатып алуға мүдделіміз. Бірақ бұл мәселені шешу біздің құзіретімізбен шектелмейді. Мәселе әуежай орналасқан елдердің саясатына байланысты. Мысалы, кей елдерде әуежайлар жекешелендірілмейді. Ал әуежайға қосымша инвестиция тұрақты түрде қажет. Осы мәселеге байланысты келісімшарттар жүргізіп жатқан жоқпыз. Дегенмен мүмкіндік туып жатса, мұндай келіссөзден қашпаймыз. Қазақстанның кейбір әуежайлары бойынша алдын ала келісімдер бар. Бірақ оның қандай облыста екені коммерциялық құпия», деді.
Айта кетейік, порфолиосында Үндістандағы Гоа әуежайы, Грузиядағы Тбилиси мен Батуми әуежайы бар «TAV Airports Holdings» 2020 жылдан бастап Алматы әуе айлағын өз еншісіне алған болатын.
Алым артады
Жыл басынан бері Еуропа әуежайларының халықаралық кеңесі («Aci Europe») елімізде әуе жолдары үшін әуежай алымдарын арттыру идеясын айтып жүр.
«Еуропа әуежайларының халықаралық кеңесі Қазақстан үкіметімен авиаиндустрияны реттеу бойынша жұмыс істеуге басымдық береді. Қолданыстағы реттеу шеңбері әуежайларға өз жаңғыртуын қаржыландыруға мүмкіндік бермейді. Қазақстандағы әуежай төлемдері Орталық Азия республикаларымен, ЕО елдерімен салыстырғанда төмен. Әуежайлардың төмен алымы – қазақстандық авиацияның негізгі проблемаларының бірі. Осыған байланысты әуежайларды жаңғырту, сондай-ақ олардың қаржылық жағдайын жақсарту қиын.«Әуежайды пайдалану құқығы үшін әуе желілері төлейтін алымның төмендігі шығынды жаппайды. Әуежайлар қаржылық тұрғыдан тұрақты болуы үшін алымдарды арттыру маңызды. Бұдан басқа, жоғары алымдар әуежайларға анағұрлым егжей-тегжейлі ұзақмерзімді жоспарлаумен айналысуға жол ашады. Әуежайлар цифрландыру бойынша қосымша жобаларды жүзеге асырып, тұрақты дамуға назар аударуға тиіс», дейді «Aci Europe» бас директоры Оливье Янковец.
Сондай-ақ Янковец әр әуежай өз қажеттілігіне сәйкес алым мөлшерін қарастыруға тиіс екеніне де назар аударды. Мысалы, цифрландыруға инвестиция, көміртегі ізінің төмендеуі және өткізу қабілетінің ұлғаюы тарифтердің ұлғаюына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар ол әуе билетінің бағасы қысқа мерзімде өсуі мүмкін екенін де қаперге салды.
АЛМАТЫ