Отырардағы Андрей бекіре өсіріп жатыр
Бақтияр ТАЙЖАН,
Козлов Павел. Лохов Андрей. Екеуі де кәсіпкер. «Фамилиялары онша емес екен» деді қасымдағы кісілердің бірі әзілдеп. Әй, қайдам, «фамилиясы онша емес» осы екі дос әлі-ақ Қазақстанға белгілі кәсіпкерлер болады. Деп ойладық. Отырар ауданында 20-25-тей ұлты орыс отбасы бар. Қазаққа әбден сіңген, қазақша оқыған, қыз берген құдандалы. Павелің қазақша мәтелдетіп сөйлегенде өзіңді жаңылдырады. Талапты ауыл округіне қарасты Сарыкөл ауылында тұрады. Ес біліп, етегін жапқаннан көл жағалап, ұзақты күн балық аулап өскен сары жалақ ұлдың арманы асқақ. Орындалмайтындай емес. Үлкен бизнестің негізін қалап та қойған.
– Мен өзім Академиялық медициналық университетті бітіргенмін, – дейді Павел. – Бірақ, бір орында байыз тауып отыра алмайтын әдетім бар, істің адамымын. Бизнеспен айналысып Қытай, Түркия арасында көп жүрдім. Қалалық бола алмайды екенмін. Ауыл, Сарыкөл тартты да тұрды. Қандай кәсіппен айналасу керек дегенде оңтайын таптым. Сарыкөлдің бергі бөлігінде балық шаруашылығын құруға, бау-бақша егуге және мал бордақылауға мүмкіндік бар екен. Оның үстіне Елбасы ауыл шаруашылығын қолдап, әр жасаған жұмысқа субсидия беріп жатыр. Тай-құлындай тебісіп өскен досым Андрейде техниканың түр-түрі бар. Менде де бизнестен жинаған қаржы жетеді. Айттым. Ол көнді. Екеуміз бірлесіп жайылым болған 212 гектар жерді сатып алдық.
Аудан әкімі Салхан Полатовқа рахмет, Идеямен барғанымызда әр жағын айтқызбай түсініп, барлық көмекті жасаймыз деді.
Әрі қарай Павел мен Андрейдің не істегенін тыңдаңыз. 212 гектар жердің 50 гектарының мақсатын ауыстырып, балық шаруашылығымен айналысу үшін үлкен тоған салып, сумен толтырады. Бер жағындағы 50 гектар жерді бау-бақша егуге дайындап қойған. Өзбекстанда Шредер атындағы ғылыми-зерттеу институтынан төрт түрлі сортты 6 мың түп алма ағашын әкелген. Тамшылатып суарылады.
Павел өз үйіндегі шағын бассейіндерде карп тұқымдас балық шабақтарымен бірге бекіре өсіріп жатыр. Павел мен Алексейдің алға қойған жоспары үлкен. 50 гектар жерге тоған қазып су шығарған. Бер жағындағы 50 гектар жер мәуесі төгілген бау-бақша болады. 212 гектар жерінің бір иіні мыңнан аса ірі қара мал бордақыланатын орталыққа айналмақ. Салынып жатқан инвестиция көлемі 900 млн. теңгеден асады.
Павел айтады. Мылтығын қылтыңдатып қырғауыл тауып бер дейтіндер көп. Көңілін қимаймын. Қалың қорысқа кіре алмайды. Мен 10 гектар жерге қырғауыл өсірмекпін. Қырғауылдан бөлек қоян, жабайы шошқа жіберіледі. Қазір «корольдік» деп аталатын жиырмашақты аң қағатын иттерді өсіріп жатырмын. Осы он гектар аумақта ит баулайтын станса болады. Аңқұмарға аңшы ит қосып береміз. Аң қағатын ит құс пен аңға жақындағанда қалт тоқтап, дайындал деген белгі береді. Бұйырған несібе өзіңдікі.
Осы кезде әңгімеге аудан әкімі Салыхан Полатов араласқан.
– Бұл өзі өркениетті елдердің бәріне тән жағдай. Бізге де жетті. Бір бұғы, маралдың ату бағасы мың долларға дейін. Несі бар, жүз жабайы шошқа өсірсе жылда жиырма-отызын белгілі бір мөлшердегі ақшаға атқызуға беруге болады. Қырғауыл, қоян да солай. Әрі аңшының мылтығы қанданып, көңілі тояттайды. Әрі серіктестіктің бизнесті өркендетуге қаржысы көбейеді.
Павел мен Андрейдің соққан тоғанының жағалауын көрдік. Суға еміндіре балық аулайтындар алаңқайлар қалдырылған.
– Бұл жерге елдің қалтасына қарай демалыс орындарын саламыз, – дейді олар.
– Бірінде суы, әжетханасы ішінде бес-он адам сиятын котедж салынады. Отбасымен демалуға, яки достарымен бірлесіп келгендерге. Енді бір алаңқайларда қара үй тігеміз. Үндістердің вигвамы секілді лашықтар да салу ойда бар. Экзотика. Экотуризм. Кім қалтасына қарай қайсысын таңдайды. Балық ауласын. Өздері пісірем десе жағдай бар, болмаса біздің аспаздар дайындап береді.
– Қарп тұқымдас балықтар үшін алаңдамаса да болады, уылдырығы алтынға бағаланатын бекіренің жайы қалай, жерсіне ме?
– Сонау бір жылдары Сарыкөлде балық шаруашылығы дүрілдеп тұрғанда бекіре өсірілген. Адамдар түк қоймай сүзіп алды ғой. Мен үйдегі бассейндерде карп тұқымдастардың да, бекіренің шабақтарын да өсіріп жатырмын.
Әртүрлі температурада байқап көрдік. Бекіре уылдырық шашқаннан кейін суықта көл түбінде дамылдап жатады. Біз тоғанның бір тұсын тереңдетіп қазып, оған ыстық су жіберіп тұрамыз. Құдайға шүкір, бізде жердің астынан қайнап шығып жатқан термальды ыстық су бар. Онда бекіреден жыл бойына уылдырық аулауға болады. Оның сыртында өзіміздің еккен бидай, жүгеріміз бар. Яғни сырттан жем сатып алмаймыз.
Мақұл, Павел мен Андрей, екеуінің іскерлігіне сенген инвестор осы үлкен шаруаға үлкен қаржы салды. Мемлекеттің жәрдемі қайсы?!
Бұл түйінді аудан әкімінің бірінші орынбасары Әбдіғани Жүніс тарқатып берді.
Біріншіден, елу гектар жерге егілген бау үшін кеткен шығынның 50 пайызын мемлекет өтеп береді. Алма өнім беретін үш жылға дейін бұл жігіттеріңіз мемлекет есебінен бір шығынының орнын жабар екен. Әрі қарай таза өнімінің пайдасы өздерінікі. Міне, мемлекеттік бизнесті ынталандыру.
Балық шаруашылығында да осы. Тоған қазған үшін төленеді, балық тұқымын көбейткені үшін төленеді. Қыл аяғы мың басқа салған сиыр қораның да жарты шығынын мемлекет қалтасы жабады. Енді не істе дейсіз?!
Павел мен Андрей ұлтымыз бөтен, қазақ емеспіз демейді. Елім деп сөйлейді. Әлі отызға да толмаған екі сары жігіт ішінде экотуризмі бар үлкен саланы қолға алды. Облыс, аудан әкімдігі бар көмекті беріп отыр. Бекіренің сорпасын аңсап, уылдырығын асап жегіңіз келсе Отырарға келіңіз.
«Егемен Қазақстан».Оңтүстік Қазақстан облысы.
Екіжақты келісім – дамытады ел ісін
Елбасы биылғы Жолдауында халықаралық қаржы ұйымдарымен, әсіресе, Еуропа қайта құру және даму банкі, Исламдық қаржы жүйесімен тығыз әрі нәтижелі жұмыс жасауды тапсырды. Алда келе жатқан дағдарыста алаңсыз отырмау керектігін ескертті. Сондықтан жан-жақтан инвестиция тартып, экономикаға жаңа серпін әкелу керектігін мәлім қылды. Мұның бәрі бекер айтыла салған сөз емес. Өйткені, әлем тағы бір үлкен дағдарыстың алдында тұр. Қызылорда облысы Елбасының тапсырмасын орындауға едел-жедел кірісіп кетті. Солайша, Ұлыбританияның қақ төрі Лондонда Қызылорда облысының әкімдігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі Сырдың бойындағы сырбаз қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша несиелік келісімдерге қол қойды. Бұл қандай келісімдер? Айтайық. Екіжақты келісімдер бойынша Қызылорда қаласының электр, жылу және су желілерін қайта жаңғырту жобаларын жүзеге асыру көзделеді. Бұған қоса, облыс орталығындағы көшелерді жарықтандыру жүйесін қайта жаңғыртуға байланысты да пәтуаласты. Басқосуда Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти «Біз Қызылорда облысының банк органдарымен серіктестік қарым-қатынас орнатқанымызға қуаныштымыз. Қазақстан Үкіметімен жасалған келісім аясында Қызылорда қаласының өмір сүру сапасын жақсартамыз. Біз былтыр маусым айында өңірге барғанда осы жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылағанбыз. Енді жобаларды нақты жүзеге асыру мақсатында қол қойып отырмыз», деп атап өтті. Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Еуропа қайта құру және даму банкінің президентіне алғысын білдірді. – Елбасы шетелдік қаржы институттарымен жұмыс жасауды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, біз бүгін жобаларымызды жүзеге асыруға қол қойып отырмыз. Бұл Қызылорда облысының экономикалық-әлеуметтік ахуалын көтеретініне сенемін,– деді Қырымбек Елеуұлы. Осы арада айта кетерлік бір жағдаят бар. Қазақстан бойынша Еуропа қайта құру және даму банкімен екі-ақ аймақ келісімге келіп, жұмыс істеп жатыр. Оның біріншісі – Алматы қаласы болса, екіншісі – Қызылорда облысы. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.Істі ширата түсу қажет
Ел дамуының ерен жобаларының бірі Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытуға қатысты жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тікелей бақылауындағы кешенді шаралар жоспары екі кезеңді қамтиды. Осыған байланысты жуырда Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен Щучье қаласында кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Күн тәртібіндегі «ЩБКА-ны дамыту және Көкшетау қаласының маңындағы азық-түлік белдеуін қалыптастыру» мәселесін талқылауға облыстық басқармалар мен қызметтердің басшылары, қалалар мен аудандар әкімдері, агроөнеркәсіп және туризм индустриясының өкілдері қатысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров өз баяндамасында бұл бағыттағы кең ауқымды шаралар әлемдік деңгейдегі туристік орталықты құруға жұмылдырылғанын атап көрсетті. Белгіленген 85 іс-шараның 21 миллиард теңгені құрайтын 48-і облыс еншісіне тиесілі. Өткен жылы осы жұмыстарды атқаруға 3,9 миллиард теңге қаржы бөлінсе, биыл, яғни жоспардың екінші кезеңін іске асыру үшін 2,6 миллиард теңге қаржы жұмсалады деп күтілуде. Жоспар аясында әлеуметтік және тұрғын үй құрылыстары жүргізіліп, қажетті инфрақұрылым нысандары салынып жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен денсаулық сақтау саласының 6 нысаны күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 2 дәрігерлік амбулатория мен 3 мектеп пайдалануға берілді. Бүгін Щучье қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығы ашылса, қоғамдық тәртіпті сақтаудың тағы да үш нысаны қатарға қосылады деп жоспарланып отыр. Елбасының бастамасымен игілікке жаратылған «Қазақстан Лапландиясы» ойын-сауық кешені жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда. Заманалық думанды орда қыстың үш айы аралығында 14 мыңнан астам туриске қызмет ете алады. Жақын күндерде, халықаралық деңгейдегі «Rixos» отелі маңында курортты аймақтағы ең бірінші «Вейк парк» ашылмақ. Ол жыл бойы қызмет көрсетіп, Бурабайдағы туристік кластерді жаңа деңгейге көтеретін болады. Курортты аймақты дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған екінші кезеңіне белгіленген жұмыстарды атқаруға республикалық бюджеттен 47 миллиард теңге бөлу қарастырылса, облыстық қазынадан тағы да 690 миллион теңге бөлінбек. Жалпы, 2014 жылы бекітілген жобаларға қатысты қаржының 95 пайызы игеріліпті. Инфрақұрылымды жетілдіру нәтижесінде туристер ағымы 2000 жылмен салыстырғанда 2014 жылдың тоғыз айында 1,3 есе өскен. Жаңадан 24 экскурсиялық маршрут ашылып отыр. Мемлекет назарындағы жобаларды іске асыру инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды, көлік-логистикасын дамытумен шектелмейді. Мұнда өнеркәсіп секторы мен азық-түлік белдеуін қалыптастыру шешуші маңызға ие. Мәжілісте осыған байланысты Көкшетау аймағында 7,9 миллиард теңгенің 25 жобасы пайдалануға берілгені айтылды. Оның 84 пайызы астықты қайта өңдеу және астық қоймаларының құрылысын қамтиды. Сондай-ақ, тауарлы сүт фермасы салынып, өнім тікелей өндіріс орнында өңделуде. Көкөніс қоймалары мен жылыжайлар қатары толыға түсті. Баяндамашы маңызды істегі көлеңкелі тұстарға да кеңінен тоқталды. Мәселен, облыстық басқармаларға жүктелген, 11 миллиард теңгеге бағаланған шаралардың тек жетеуі ғана жүзеге асырылып, жиырма үші бағдарламаның екінші кезеңіне ауыстырылыпты. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау саласында көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Мәселен, білім саласы бойынша Еңбекшілдер, Бурабай және Зеренді аудандарында жүзеге асыру жоспарланған 6 мектептің үшеуі ғана пайдалануға берілген. Әсіресе, Щучье қаласындағы 900 оқушыға арналған мектептің құрылысы сағыздай созылуда. Бұған әрине, қаржы уақытында аударылмаса түсіністікпен қарауға болар еді. Алайда, бұл келеңсіздік жергілікті әкімдіктегі жауапты адамдардың және мердігерлердің салғырттығы мен жауапсыздығынан орын алып отырған көрінеді. Мұндағы негізгі себеп атқарушылық тәртіптің босаңдығынан, жобалық-сметалық құжаттардың сапасыз дайындалатындығынан, оның жиі өзгеріске түсетіндігінен, инвестициялық жобаларды қорғаудың әлсіздігінен және тендерлік саясаттың тұрақсыздығынан өрбіп жататыны сыналды. Облыс әкімі қорытынды сөзінде жұмысты ширата түсуге бағытталған нақты тапсырмаларды алға тартып, жауапты адамдардың қызмет қайтарымы қатаң бақылауда болатындығын ескертті. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Бурабай ауданы.Ауылдағылардың айтары аз емес
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биыл 11-ші рет өткізіліп жатқан барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулері ашық сұхбат алаңына айналып, еліміздің қоғамдық-саяси өмірін демократияландыру үдерісінің оң тәжірибесін қалыптастырғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Бір айға жуық созылып, таяуда ғана аяқталған облыстағы 209 округ әкімдерінің 700-ге жуық есептеріндегі бағалы ұсыныс-пікірлерді жинақтап, саралайтын болсақ, әртүрлі сипаттағы мәселелердің көптеп көтерілуіне қарағанда жергілікті жерлерде шешімін табатын жайлардың әлі аз еместігін, ішкі мүмкіндіктердің толық жұмылдырылмай отырғанын аңғартады.
Қызылжар ауданы Архангельск ауылдық округіне қарасты екі елді мекенде 2 мыңға тарта адам тұрады. Жұртшылық алдында әкімнің міндетін атқарушы Ирина Рыбакова есеп берді. Ол мал шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру салаларына, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы тұрғындар тарапынан 10 сауал қойылса, қазір көбюіне қарағанда ауылдықтардың айтары аз болмаған тәрізді. Мәселен, қалааралық қоғамдық көлік қатынасының көтеріліп келе жатқанына бір жылдан асса да, күрмеуі қиын күйінде қалып отыр. Сандық телефон стансасының салынатыны қуантқанмен, сапалы ауызсу жайы өткір тұр. Интернет жетістіктерін пайдалану мүмкіндігі қол жетпес арман сықылды. Әсіресе, оқушылар қатты қапалы. Сол сияқты күл-қоқыс төгетін арнайы орын бөлу, көшелерді жарықтандыру, мал жайылымына қатысты да нақты ұсыныстар айтылды. Жиынға қатысқан аудан әкімі Болат Жұмабеков көпшілікті толғантқан шетін мәселелердің шешілетініне сендіргендей болды.
Осы ауданның Лесное ауылдық округінде 1300-дей адам түтін түтетіп отыр. Егіншілікпен 1 серіктестік, 7 шаруа қожалығы, сүт қабылдаумен 4 кәсіпкер айналысады. Хоккей корты, спорт алаңы бой көтерген. Глубокое ауылында мектеп, кітапхана, медициналық қосын жұмыс істейді. Алайда, мұнда да жұртшылықты толғандыратын мәселелер жетіп-артылады. Осында жарты ғасырға жуық тұрып келе жатқан Нұрғиза Шайжанова су мен жарық жайы жолға қойылғанымен, жолдардың уақтылы тазаланбайтынына, тек орталық көшелер ғана қардан аршылатынына ренішін білдірді. Глубокойлықтарды ең қинайтыны – қоғамдық көліктің жүрмейтіні. Осы себепті бар-жоғы 40 шақырым қашықтықта орналасқан облыс орталығына жаяулап қатынауға мәжбүр.
М.Жұмабаев ауданына қарасты Қарақоға ауылдық округінде 3 мыңға жуық тұрғыны бар Қарақоға, Чистое, Ноғайбай елді мекендері қарайды. Он жылдан бері әкімдік қызмет атқарып келе жатқан Анна Жорованың есебін тұрғындар қанағаттанарлық деп тапты. Олай болатын жөні бар. Өйткені, атқарушы билік пен тауар өндірушілер арасында өзара түсіністік қарым-қатынас орныққан. Шаруашылық жетекшілері адамдардың күнделікті мұң-мұқтаждарын өтеумен қатар 3 мектептің, осынша ФАП-тың, 2 шағын орталықтың, дәріхананың, кітапхананың жөндеу жұмыстарына да қаржылық қолдау көрсетіп отырады. 16 шағын және орта бизнес субъектілері қарамағында шаштараз, екі дәмхана, наубайхана, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы, мал сою алаңы секілді нысандар бар.
Мамлют ауданындағы Новомихайловка да ірі округтердің бірі. Оған кіретін бес елді мекеннің тұрғындары әкім Беркімбай Уәлиевтің тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен орындайтын іскерлік қасиетін жоғары бағалап жүр. Оның бұл жолғы есебі де жұртшылық көңілінен шықты. Көшелерге 28 шам орнатылған. Становое тасжолын жөндеуге 150 миллион теңге бөлінген. «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде жаңа су колонкалары қойылған. 3 жас маман жұмысқа алынып, баспана берілген. «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары бойынша несие алып, түрлі кәсіппен шұғылданушылар қатары көбейе түскен. Округ әкімі алдағы уақытта ғаламтор желісі орнатылатынын, «Жедел жәрдем» қосыны құрылатынын, мәдениет нысаны жөнделетінін мәлімдеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Алақай, бізге газ келді!
Красный Кордон ауылы Арақарағай орманына ентелеп кіріп жатыр. Қаңтардағы боран қарды үйіп тастапты, қысқы шілде де енді басталғандай. Арқаның сары шұнақ аязы бетті шымшып тұр. Ауылға газдың келуін салтанатты атап өту үшін аудан әкімін күткен ауылдастар аязды елер емес. Ән де айтылды, ауылдың ардагер анасы Вера Федоровна Улысенко қуаныштан өлең де жазып жіберіпті. Газдың сары түсті құбырлары көшеге өзгеше түр беріп тұрған секілді. Өзге ауылдардай емес, орманның іргесіндегі елді мекенге отын дайындау аса қиынға соқпайтын. Жылына орман шаруашылығынан керекті отынын жаздырып алады. Бірақ өркениет игілігі – көгілдір отынның рахатын қазір кім білмейді дейсіз. Ауылдың гүлденуі газдандыруға байланысты екені анық. Ауылда 270 қожалық және көпқабатты үйлерде тағы 70 пәтер біртіндеп газ құбырына жалғанып жатыр. Бүгінге дейін 74 үйге көгілдір отын кірді.
Осы Красный Кордон ауылында Мусфира Пименованың тұрғанына 25 жылдан асып кетті. Осы жылдар бойы екі пешке от жағып келді. Жылына 15 текше метр отын алады. Таңертең жылы төсектен тұрып, мұздап кеткен үйде дірдектеп жүріп от жағу, бұрқыратып күл алудың қолайсыздығы ауыл әйелін жүдетеді. Бір-екі күннің ішінде-ақ көгілдір отын Мусфираға пеш жағудың қиындығын ұмыттырғандай екен.
Мұндай рахатты тек ғана армандап келдім. Ауылға газ келеді дегеннен қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрдік. Міне, үйдің іші тәулік бойы бірқалыпты температурада тұрады, бір шырпы жақсам шай қайнап тұр. Елбасы саясатының арқасы деп білеміз бұл игілікті. Сосын облыс, аудан басшыларына, газ құбырын тартқан мамандарға шексіз рахметімді айтамын, дейді Мусфира Пименова. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары газ құбырының бүкіл сметалық-жобалау құжаттарының қаржысын төлеген осы жердегі «Кохан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Павел Урбановичке, алты ай бойы орманды, батпақты даладан құбыр өткізген «Стройгазэкспертиза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Еркін Асадов пен оның мамандарына ризашылықтарын айтумен жүр.
Красный Кордонға көгілдір отын келуінің тұсаукесерінде Алтынсарин ауданының әкімі Батырбек Ахметов ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
– Красный Кордон ауылы тұрғындарының тұрмысы бұрынғыдан да жақсаруы үшін бюджеттен 204 миллион теңге бөлінді. Міне, осы қаржыға 18,6 шақырым газ құбыры тартылып, әр үйге көгілдір отын кіріп тұр. Енді алдағы жылы ауызсу құбыры тартылады. Оған да республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша жұмыс жүріп жатыр, – деді әкім.
Соңғы аз ғана жылдың ішінде Алтынсарин ауданында төрт елді мекен газ құбырына қосылды. Өткен жылы Малая Чураковка ауылы көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Биыл Красный Кордон ауылы қуанып жатыр, ал келесі жылы газ құбыры Щербаков ауылына да жетеді. Батырбек Ахметов Красный Кордон ауылдық округінің әкімі Владимир Урбановичтің есеп беруі жиынында биыл осындағы мектеп пен клубтың қазандықтары газбен жылытуға лайықталып ауыстырылатынын да айтты. Сонымен қатар, ауызсу құбыры да біртіндеп, ауылдарды аралап келеді. Обаған, Силантьевка, Малая Чураковка ауылдары ауызсудың рахатын көріп отыр. Енді Щербаков пен Большая Чураковкаға баратын су құбырының құрылысы жүреді. Әкім жаһандық экономикалық дағдарыс қусырғанымен біздің елімізде адамдар үшін әлеуметтік жағдайдың жасалуы алдыңғы орында тұратындығын қуаныш үстіндегі тұрғындардың есіне салды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Алтынсарин ауданы,
Красный Кордон ауылы.