30 Қаңтар, 2015

Мәслихаттар уақытпен бірге тыныстайды

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздің мемлекеттік билігінде жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттар маңызды орын алады. 1994 жылы наурыз айында еліміздің барлық аймағы секілді Қостанай облысында да мәслихаттардың алғашқы ұйымдастыру сессиялары өтіп, депутаттар іске кіріскен болатын. Содан бері облыстағы мәсли­хаттар жергілікті атқарушы билікпен тізе қосып, өңірдегі күр­делі мәселелерді бірге шешіп келеді. Облыстың экономика­лық-әлеуметтік дамуындағы ин­но­вациялық-инвестиция­лық және әлеуметтік салаларда­­ғы мем­лекеттік бағдарламалар­дың жү­зе­ге асуына мәслихат­тар ықпа­лы үлкен. Жақында Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сай­лаубек Есжанов облыстық баспасөз клубында журналистердің сұ­рақтарына жауап берді. Облыстағы мәслихаттарда 300-ден аса, ал облыстық мәслихатта 36 депутат бар. Олар ғылымдағы, ауыл шаруашылығы мен өндірістегі, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жауапты қызметімен қатар, мәслихат жұмысын қоғамдық негізде атқарады. Облыстық мәслихаттағы алты тұрақты комиссия негізінен бюджет және әлеуметтік саладағы түрлі мәселелерді талдап, бағыттап отырады. Сайлаубек Ерғазыұлы ­журналистермен кездесуінде көбіне тұрғындар арасында пікірталас тудыратын мәселелерге тоқталды. Солардың бірі – оно­мастика мәселесі, әдетте, жұрт­шылықтың назарын көбірек аударады. Облыстық мәслихат хатшысы сұраққа сәйкес жауап бере келіп, көше, елді мекендер атын өз­герту дағдарыс кезінде уақытша кейінгі шегеріле тұратынын айтты. Қазір көпшілікті идеологиялық емес, экономикалық мәселелер көбі­рек ойлантуға тиіс. Өйткені, мұның барлығы да қаржыны талап етеді. – Көшенің, елді мекеннің атын өзгерту, белгілі тұлғаларымыздың есімін қалыпқа келтіру, мәңгі есте қалдыру секілді мәселелер мәслихаттарға түседі. Әрине, мұның барлығы да керек. Алайда, депутаттар бұл мәселені 2-3 жылға кейінге ысыра тұрады. Себебі, дағдарыс – уақытша құ­былыс, ол өтеді. Экономика жақ­сарып, ­бюджет қалпына келген кезде қажет деп табылған атауларды өзгер­ту қашпайды, – деді. Сайлаубек Есжанов. Сонымен қатар, Сайлаубек Ерғазыұлы облыс бюджетінің қысқаратынын еске салды. Етек-жеңімізді жинап, көрпеге қарай көсіліп, бірді екеу етіп үнемдегенде ғана әлемді шарпып отырған дағдарысқа қарсы тұруға болады. Әлеуметтік бағдарламалар бар мүмкіндігінше жүргізілетін болады. Бірақ кейбір жобаларға қаржы шектеледі. Мәслихат хатшысы ауылдық округтер әкімдерінің бюджеті, өңірде туризмді дамыту, облыстық депутаттар жұмыстары, тегін дәрі-дәрмек секілді әлеуметтік қажеттерге бюджеттен бөлінетін қаржы, мәслихаттың бүгінгі тынысы туралы да сұрақтарға жауап берді. – Депутаттар бюджет қар­жысының тиімді әрі орынды жұмсалуына аса мән береді. Тіпті, жергілікті атқарушы билікпен осы жөнінде келіспейтін кездер де кездеседі. Мысалы, қайсыбір жылы «Лесная сказка» демалыс лагерін жөндеуге бюджеттен бөлінетін қаржыны уақытша тоқтатқаны бар. Себебі, кішкентай ғана лагерьді қалпына келтіруге бюджеттен мол қаржы жұмсауды депутаттар қисынсыз деп шешті. Олардың барлығы да маман, іскер жандар ғой, экономикалық мәселелерді жақсы білгеннен кейін әр нәрсенің ретін де орынды қозғайды, – деді облыстық мәслихат хатшысы С.Есжанов. Сондықтан мәслихаттарға халық сенеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.