Сурет: ru.freepik.com
Әлемдік ауқымдағы өзекті мәселені басты тақырып етіп алған іс-шараның мақсаты – БАҚ өкілдерінің киберқауіпсіздік саласындағы білімін және құзыреттілігін арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қадам цифрлық дәуірде отандық медиа кеңістіктің нығаюына ықпал етпек.
Тренинг барысында спикерлер киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер мен трендтерді ашып көрсетуге тырысты. Сондай-ақ бұл кездесуде министрлік өкілдері ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікті дамыту стратегиялары туралы ойымен бөлісті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов киберқауіпсіздікті дамыту мемлекет қана немесе тек Ақпараттық қауіпсіздік комитеті айналысатын мәселе емес, бұл тұтас бір үлкен сала екенін айтып өтті.
– Бүгін біз осы мәселенің маңызын арттыру, оның азаматтарға ұғынықты болуын түсіндіру мақсатында жиналдық. Шын мәнінде бұл тақырып аясында бұған дейін аз айтылып, кем жазылмады. Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты келеңсіздіктердің 90 пайызға жуығы адамның өзімен байланысты болып отыр. Яғни қазіргі таңда ақпараттық технологияларға жол ашқаннан гөрі алдымен адамның өзін «бұзу» оңайырақ болып тұр. Ақпараттық құрылғыларды, бағдарламаларды білімі жетік білікті мамандар бақылап, кибершабуылдан қорғап отырады. Ал жеке адам бұл тұрғыда хакерлер үшін ең әлсіз объект болып отыр. Сол үшін әр адам күнделікті өмірдегі әр қадамын тек өзі ғана сақтандыра алады. Ал ол үшін мемлекет ретінде біз және ақпарат жаршысы ретінде журналистер бірлесе отырып осы нәрсеге халықты, қоғамды үйретіп, дағдыландыруымыз керек, – дейді комитет төрағасы.
«Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры бас директорының орынбасары Әсел Серікбаева да тақырып төңірегінде пікір білдірді.
– Жоғары оқу орындарының да жеке бас деректерімен жұмыс істеу бағытындағы іс-шаралары киберқауіпсіздік саласындағы мамандардың кибершабуылға төтеп бере алуын қамтамасыз етеді. Сол себепті кибергигиена машықтарын меңгерту тек өз мәліметтерін емес, сонымен қатар аудиторияға деген сенімнің кәсіби этикасын нығайта отырып ақпарат көзін де қорғауға көмектеседі, – дейді Ә.Серікбаева.
Сондай-ақ тренингке негізгі спикер ретінде шақырылған «MSSP Global» өкілі Медет Турин ақпараттық қауіпсіздік саласында 12 жылдан бері ізденіп келе жатқанын жеткізді. Спикер ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі міндеттеріне тоқталды. Яғни ұйымның жұмыс өнімділігіне зиян келтірмейтін деректердің құпиялылығын, тұтастығын және қолжетімділігін сақтау мәселелерін атап өтті. Сонымен қатар киберқауіп туралы да кеңірек айтып берді.
– Қазақстан жаһандық кибершабуыл рейтингінде – жетінші, ал ТМД елдері арасында – екінші орында. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, республикада 223 миллионнан аса кибершабуыл әрекеттері тіркелді. 2022 жылы интернет қаскөйлері тұрғындар мен мемлекетке 110,8 млрд, ал 2023 жылы 140 млрд теңге зиян келтірген. Бізде әлі де қауіпсіздікпен «өрт тұтанып», арты дауға айналып кеткен соң ғана айналыса бастайтын әдет бар. Бұл халықтың әлі де интернет қауіпсіздігі төңірегінде ақпараттандырылуының төмендігін көрсетіп отыр, – деді М.Турин.
Іс-шара барысында «MSSP Global» мен Қазақ-Америка университеті арасында осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарды қамтыған меморандумға қол қойылды.