Мұның өзі жекелеген адамдар үшін баю, бизнес көзі саналғанымен, мемлекеттік тұрғыдан ойлайтын болсақ, көлеңкелі жақтары басым, дейді облыс тұрғындары.
Қаржылық қиындыққа душар болған елдердің бірі – Ресей. Алпауыт мемлекетте қалыптасқан күрмеуі қиын ахуал шаңырағымызды шайқалтып, экономикамызды тұралатып кетпей ме деген күпті көңілде жүрген жандар аз емес. Өйткені, жылқы жылы девальвацияға ұшыраған рубльдің әлі «ес жияр» түрі көрінбейді.
Міне, қой жылының алғашқы айы да түгесілді. Алайда, қазақстандықтардың арзан заттар мен тауарлар үшін толассыз шекара асуына қарағанда, «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» көршілеріміздің ұлттық валютасы бағамының орнығуы ұзаққа созылатын сыңайлы.
Алып Ресейдің қаржылық жағдайын шекараның шетін, желдің өтін мекендеген теріскей аймақ қалай қабылдап отыр деген сауалға жауап алу мақсатымен түрлі мамандық иелерін әңгімеге тартқан едік.
Айгүл БЕЙСЕНОВА, мұғалім:
– Мұнай бағасының құлауы аздай Еуроодақ елдері мен АҚШ тарапынан қолданылған санкциялар Ресейдің қаржы жүйесіндегі қиындықтың басты себебі болды. Жан-жақтан «шабуылдаған» экономикалық қыспақтар рубль бағамын күрт түсіріп жіберді. Бұдан ешкімнің ешнәрсе ұтпасы анық. Оның тауқыметін қарапайым отбасылардың сезініп отырғаны рас.
Менің жұбайым көп жылдан бері Түмен облысында жұмыс істейді. Рубльдің құнсыздануы салдарынан жалақысы екі еседей кеміп қалды. Отбасылық табыстың азаюы көңіл-күйімізге қатты әсер етті. Есесіне ол жақтан арзан көлік пен тауарлар әкеліп, қуантып тастады. Жұртпен жағаласып, 300 шақырым Омбыға бірнеше мәрте барып келдік. Кеден бекеттерінен өту бір мұң болды. Қазір де кезек көп көрінеді. Біреулер аз жалақысын үнемдеп, бала-шағаны киіндіру қамымен барса, енді біреулердің қымбатқа сату тірлігімен айналысып жүргені анық.
Қазіргідей жаһандану заманында елдердің бір-бірімен байланыссыз, томаға-тұйық өмір кешуі мүмкін емес. Біздің ерекше үміт артатынымыз – Еуразиялық экономикалық одақ. Оған мүшелікке енуге мүдделілік танытушы елдер қатарының көбейгені қуантады. «Көрші ақысы ауыр», «Үй салсаң, алдымен көршіңді таңда», дейді қазақ. Ресейдің үш облысымен шектесетін Қызылжар өңірінің тұрғындары рубль бағамының орнығуына тілектес.
Дмитрий ЕФИМЦЕВ,
жеке кәсіпкер:
– Жаңа жыл қарсаңында қарақұртша қаптап кеткен шоп-турларды айтпаңыз! Халықтың шекара бекеттерінде иін тірескені соншалық, күні бойы кезекте тұруға тура келді. Ресейден бұрынырақ әкелінген тауарларды арзанға бұлдауға мәжбүр болдым. Негізгі кәсібім үзіліп қала ма деп қатты қобалжыдым. Кей жергілікті кәсіпорындар өнімдерін өткізетін нарық көзін таппай әбден әуре-сарсаңға түсті. Өйткені, азық-түліктен бастап құрылыс материалдарына дейін дүкен сөрелері лық толды. Оны айтамыз-ау, айырбас пункттерінде рубль таусылып қалғандықтан Астанаға, жеңіл көлік іздеп, Татарстан, Башқұртстан, Мәскеу, Санкт-Петербург жаққа жол шеккен таныстарым болды.
Мен ресейлік кәсіпкерлермен жиі байланысып тұрамын. Олар да рубльдің құлдырауынан қатты зардап шекті. Меніңше, басқа елдердің өтпелі, уақытша қиындықтарына еш қуануға болмайды. Бәлкім, жекелеген адамдардың әл-ауқаты жақсарып кетер. Ал, тұтас мемлекет үшін зардаптары ауыр болуы ықтимал. Шүкіршілік, Қазақстан оның салдарын сезіне қойған жоқ. Өйткені, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді әлеуметтік бағдарламаларымыз бар.
Бүгінде жеңіл көлік саудасы қызып тұр. Жаңа жылға дейін петропавлдықтар 600 автокөлік сатып алса, биыл 200-ге жуық «темір тұлпар» әкелген. Халыққа қызмет көрсету орталығында 800-дей көлік ресімделген. Бұлардан 72 миллион теңге салық түскен.
Арзан заттар, тауарлар, бұйымдар әкелу мақсатымен Ресейге қарай сапар шеккен жолаушылардың қатары әлі қалың. «Жаңажол» бекетінен тәулігіне бір мыңдай көлік өтетін көрінеді.
Пікірлерді жинастырған
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.