Аймақтар • 13 Қараша, 2024

Ордабасы – бірлік бастауы

41 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алаш үшін, қазақ үшін «бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқан» (Қазтуған) киелі төр, «қазақ рухының қағбасы» (Әбіш Кекілбайұлы) Ордабасыда ауданның құрылғанына 60 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті.

Ордабасы – бірлік бастауы

Әкімшілік аумақ ретінде Бөген атауымен 1964 жылы құрылған, 1988 жылы Арыс ауданының қарамағына кірген, 1989 жылы енші алып, дербес шыққан ауданға Ордабасы атауы 1993 жылы қайтарылған болатын. Аудан туралы сөз қозғағанда Ордабасыдағы ұлы жиын­дарды айналып өту мүмкін емес. Ордабасыда 1726 жылғы көктемде ел тарихында ерекше маңызы бар басқосу өткені мәлім. Қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған жиын – ел тарихында ал­дағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға.

Осы қасиетті Ордабасы биігінде 1993 жылы мамырда тәуелсіздіктің ұлы тойы өтті. Үш жүздің басын қосқан Ор­дабасыға, елді бірлікке үндеген Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге, жауға тас түйін жұмыла қайрат көрсеткен бабалар рухына тағзым ретінде өткен ұлы жиында Қазақстан, Қырғызстан, Өз­бекстан елдерінің президенттері бас қосып, елді ынтымақ-бірлікке үндеді, жас мемлекеттің өсіп-өркендеуіне ізгі тілектерін білдірді.

1997 жылы Ордабасы тауының биік тұсына 30 метрлік зәулім монумент орнатылды. Ол ескерткіште ұлы хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен ұлы бірліктің мұраттары, ұлтымыздың арман-аңсарлары бейнеленген. Қазақтың басын біріктірген үш биді еске алу, көрші елдердің ынтымағы мен бірлігін, сондай-ақ халқымыздың рухы мен намысын көтеруді мақсат тұтқан жиында «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» қаулы жария етілді. Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы: «Ордабасы – қауым боп күйзелгенде күш беретін, халық болып қамыққанда қайрат бітіретін киелі топырақ. Орда­басы – көсемдерімізге көрегендік, көпшілікке береке-бірлік дарытатын пәтуа-парасат тұғыры» деп тебіренді. «Ордабасы» кешені республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің тізіміне енді.

Осындай тарихы терең ауданның мерейтойына арналған іс-шараға аудан­нан түлеп ұшып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген ғалымдар, өнер адамдары, ауданның өсіп-өр­кендеуіне үлес қосқан түрлі саланың ардагерлері, ауданның құрметті азаматтары, кәсіпкерлер, ауданда жауапты қызмет атқарған азаматтар ша­қырылды. Жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бей­сенбай Тәжібаев, облыстық мәсли­хат­тың төрағасы Нұралы Әбішев ауда­н тұрғындарына ыстық лебіздерін жеткізді.

«Ордабасының тарихы 60 жыл емес, көне замандарға, жүзжылдықтарға жетелейтінін бәріміз білеміз. Тарихтан белгілі, қазақ-жоңғар шайқасы кезінде көш бастаған ерлер мен билер Ордабасы тауында бас қосып, ел бірлігін бекемдеген. Жауға қарсы күш біріктіріп, жеңіске жол ашқан. Қазіргі таңда Ордабасы ауда­ны барлық бағытта дамудың жаңа белесіне көтерілген, облыс экономикасына өзіндік үлесі мол өңір ретінде өркендеп келеді», деді облыс әкімінің орынбасары.

Аудан әкімі Азат Оралбаев елін, жерін қорғауда жанқиярлық танытқан, еңбек майданында тер төгіп, халық қамын жеп өткен қайраткерлер жөнінде айтып өтті. «Екінші дүниежүзілік соғыста жерлестеріміз Берен Исаханов, Бейсен Оңтаев, Сыздық Смайылов, Қарсыбай Сыпатаев Кеңес Одағының батыры атағын иеленсе, еңбек майданында Боранбек Шүкірбеков, Егемберді Омарбеков, Дәмеш Шахабаева, Кирилл Конавалов Социалистік Еңбек ері атанып, ел мерейін асқақтатты. 2022 жылы халқымыздың көрнекті жазу­шысы, драматург Дулат Исабеков Қазақ­станның Еңбек ері атанды. Соны­мен қатар Тәуелсіздік жылдары мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, облы­сымыздың құрметті азаматы атанған жерлестерімізді мақтанышпен айта аламыз», деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан әкімі несібесін еткен еңбегінен күткен ордабасылықтар үшін биылғы жыл жемісті болғанын атап өтті. Биылғы 9 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 54 млрд 819 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 млрд 600 млн теңгеге артып отыр. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 9 млрд 700 млн теңгеге жеткен.

«Биыл 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 327 260 тонна өнім жиналды. Шаруалардың заманауи техналогияларды пайдалана отырып, жаңашылдыққа ұмтылуы ауыл шаруашылығы саласына үлкен серпін береді. Мәселен, ағын суды үнемді пайдаланып, мол өнім алу ба­ғытында биылғы жылы 110 гектар егістік алқапқа жаңбырлатып суару әдісі, ал тамшылатып суару әдісі 1073 гектарға енгізілді. Егістік жерлер­ді тиім­ді пайда­лану мақсатында 1 ал­қап­тан жылына 2-3 рет өнім алу жобасымен 141 шаруа қожалығы 411 гектар жерге өнімдерін егіп, нәтижесінде бірінші дақылдан – 9 854 тонна, екінші өнімнен 7 698 тонна өнім жиналды. Жыл басынан бері 18 гектар жерге жылыжай құрылысы жүргізіліп, аудандағы жалпы жылыжай алаңы 127 гектарға жетті. Мал шаруашылығы саласында 11 667 тонна ет өндірілді. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына енгізілген Бадам, Шұбар, Қараспан ауылдық округтерінен 8 кооператив құрылып, 261 адам 1 млрд 722 млн теңгеге қаржыландырылды», деді А.Оралбаев.

Іс-шара барысында ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бірқатар азамат мерекелік төсбелгілермен марапатталды.

Мерейтойға орай ауданның барлық ауыл округінде «Ауылым – алтын бесігім» өнер фестивалі өтсе, аудан орта­лығында «Ордабасы – Тәуелсіздік тұғыры» атты семинар-конференция, «Ордабасы – ынтымақтың мекені» тақырыбында республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ауданның құрылғаннан бергі қалыптасуы мен дамуына еңбек сіңіріп, басшылық, ұйым­дастырушылық қызметтер атқар­ған, әр саланың еңбек адамдарын қам­тыған «Ордабасы – киелі мекен» атауы­мен кітап жазылып, аудан халқына ұсынылды.

Темірланда өткен «Ордабасы – ынты­мақтың мекені» атты республи­калық ақындар айтысында қара домбыраны серік етіп, жұрт алдында кестелі сөзбен күмбірлеткен айтыскерлер аудан­ның тағылымды тарихын термелеп, бүгінгі даму жолындағы бағыттары мен қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады. Ордабасы ауданының құрметті азаматы, айтыскер ақын Құрманәлі Жылқыбай төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Нұрзат Қару лайықты деп танылса, І орын­ды Кәрима Оралова, ІІ орынды Жан­сая Мусина, ІІІ орынды Нұрлан Есенқұлов пен Нұрбол Жауынбаев иеленді. Айтысқа қатысушыларға арнайы Алғысхаттар, дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетелік, мерекелік іс-шарада тарих тереңінен сыр шерткен сахналық қойылым Ордабасы жерінің бар қасиеті мен киесін көрсетті. Күміс көмей әншілер, күйшілер мен бишілер де аянып қалмады. Эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мерекенің шырайын ашып, Ордабасы жұртшылығына керемет көңіл күй сыйлады.

 

Түркістан облысы