Турнирге еліміздің 13 облысынан келген 80-нен астам құсбегі, 67 бүркіт, 16 қаршыға, 14 ителгі қатысты. Моңғолия, Қытай, Қырғызстаннан келген шетелдік құсбегілер де өз өнерлерін көрсетті. Жалпы, қатысушылар саны жүзден асты, олардың арасында әлемдік, халықаралық деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары мен тәжірибелі құсбегілер де болды.
Турнирдің ашылу салтанатында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов сөз сөйлеп, құсбегілік өнері қазақ халқының мәдениетінің маңызды бөлігі екендігін атап өтті.
«Бұл жарыс – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасқан дәстүрін, ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі болып табылатын құсбегілікті дәріптейтін маңызды шара. Құсбегілік – тек спорт емес, ата-бабаларымыздан қалған ұлы мұра, табиғатпен, аңшылық өнермен байланысымызды көрсететін ерекше өнер», деді аудан әкімі.
Турнирде негізінен бүркітпен, қаршығамен, ителгімен аң аулау аталымдары сарапқа салынды. Әрбір құсбегі өз құсымен аңшылық өнерін көрсетіп, ұлттық спорт түрінің үздік өкілі атануға тырысты.
«Құсбегілік – үлкен өнер, оны сақтап, әрі қарай дамыту бәріміздің ортақ міндетіміз», деген Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы турнир қатысушыларына сәттілік тіледі. Сайыс аяқталғаннан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков жеңімпаздарды марапаттады.
Сонымен Қытай, Моңғолия, Қырғызстан мемлекеттерінен, еліміздің 13 облысынан құсбегілер қатысқан «Сонар-2024» халықаралық турнирдің жарыс нәтижесінде бүркіт баптаған Астана қаласынан қатысушы Ерасыл Серікбекұлы Ақбас бүркітімен, Жетісу облысының құсбегісі Жасұлан Бүркітбай Ақбөрте, Абай облысының намысын қорғаған Ринат Әлімғазин Қарадауыл қыранымен жеңімпаз атанды.
Ителгі ұшырған қарағандылық Танат Оспанқұлов пен Павлодар облысынан қатысқан Ермек Иманғазиев жеңімпаздар тұғырына көтерілсе, «қаршыға» аталымында Алматы облысының құсбегілері Бексұлтан Сейітжан мен Сағыныш Баетбай, Жамбыл облысының қыраны Қанжар иесі Берікболсын Бабажан үздіктер қатарынан көрінді. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль, кубок, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады.
Сонымен қатар еліміздің еңбек сіңірген әртісі, әнші Нұрлан Өнербаев та жеңімпаздарды марапаттап, қазақ халқының құсбегілік дәстүрінің болашақ ұрпаққа жетуінде осындай шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Турнирді ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы облысы әкімдігі, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Құсбегілік» республикалық федерациясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау көрсетті.
Алматы облысы