Өндіріс • 13 Қараша, 2024

Диқан тілегі – тегеурінді техника

70 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Kazrost Engineering Ltd.» жеке компаниясы – ауыл шаруашылығы техникаларын дайындайтын кәсіпорын. Кәдеге жарату алымы іске қосылғаннан кейін жер емшегін емген диқандарды қуатты техникамен қамтамасыз ету барысында толымды жұмыс істеп келеді.

Диқан тілегі – тегеурінді техника

Жұмысын 2019 жылдың желтоқ­саны­нан бастаған компания негізі­нен астық жинау комбайндарын шығарады. Бөлшек­­тер­дің көбін «КЗ «Ростсельмаш» пен «Клевер» ком­панияларынан алады. «Vector 410», «Acros 550» астық ком­байн­дарының бірнеше түрін ұсына­ды. Шағын және орта қуатты «YTO-X904», «YTO-X1304» тракторларын да құ­рас­тыра­ды. Дайын техникалар «ҚазАгро­Фи­нанс» және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы астықты алқапта ел ырысын молай­тып жатқан даңғайыр диқандарға жеткізіледі.

– Егіншілік мәдениетін жетілдіріп, технологияны тап-тұйнақтай атқаруың үшін қол­да бар техника үздіксіз жү­ріп тұруы керек, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының агрономы Мағжан Құланұлы, – Әкем шаруа қожалығын құрарда жоқтан бар жасап, күресінде қалған кеңес заманындағы ескі техникасының қаңқасынан жинап, қарекет еткен болатын. Бір күн жүрсе, екі күн тоқтап тұратын ондай техникамен жұмыс істеу қазір мүмкін емес. Соңғы жылдары ауа райы мүлдем өзге­ріп кетті. Ойға алған шаруаны сәтімен сабақтауға қожалықтың машина-трактор паркін заман талабына сай жаңғыртуға ұмтылып жатырмыз. Жаңаның аты жаңа, биылғыдай жауын-шашын көп болған жылы көктемгі егісте де, күзгі орақта да жіті қимылдап үлгердік. Мұн­дай нәтижеге мемлекет тара­пынан көрсетілген қолдау септігін тигізіп отыр.

рп

Диқандар көңілінен шығып отырған заманауи астық комбайндары мен трактор дайындайтын компанияның өндіріс алаңында қажетті металлдарды кесіп, иіп, өңдеп, бояп, кептіретін, дәнекерлейтін заманауи станоктар бар. Осы мүмкіндіктің арқасында кәсіпорын жылына 5 түрлі комбайнның 1 000 данасын, жатканың 760-ын, одан өзге де шаруашылыққа қажетті жүздеген құрылғы шығара алады. Осы жұмысты қолға алғаннан бері 2 012 астық комбайнын, 959 трактор, 1 526 жатка және өзге де ауыл шаруа­шылығына қажетті құрыл­ғыларды шығарыпты. Ауыл шар­уашылығы құрылым­­да­рының сұранысына орай трактордың 9 түрін шығаруды қолға алған. Қазір биік мақсат біршама орындалып, қуаты әрқилы 7 түрлі жаңа трактор үлгісі құрастырылып жатыр.

Кәсіпорын шаруа қожа­лық­тарына өз өнімдерін тіке­лей де сатады. Шағын шаруа­шылықтардың мүмкін­діг­ін ескеріп, техниканың қол­же­тім­ді болуын да қадаға­лайды. Бұл арадағы басты себеп – бәсекелестік. Сұранысты өтеу үшін өндіріс көлемін арттыра түсу керек. 2024 жылы №3 цехтың құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ металл өңдеуге за­манауи станоктар да қа­жет. Ал дайын техниканы облыс орталығының шыға берісі мен Көкшетау-Щучье бағытындағы күре жолдың бойына орналасқан дил­лерлік орталықтарда шар­­уа­­лардың назарына ұсына­ды.

Орталықта жаңа техни­каның бар мүмкіндігі тегіс көр­се­тілмек әрі техниканы күтіп-баптау жайын да білікті маман­дар ұғындырмақ.

– Көктемгі және күзгі дала жұмыстарының уақтылы, тыңғылықты атқарылуы қуатты техникаға байланыс­ты, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов, – Биыл күзгі орақ науқанында өңір диқан­дары 8,9 мың астық комбайнын пайдаланды. 4,8 мыңы – заманауи жоғары өнімді техника. Бір жақсысы, биыл ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 28,5 млрд теңге болатын 246 трактор, 115 комбайн сатып алды. Жеңілдетілген несие арқылы 80 трактор, 140 комбайн, 25 әртүрлі құрылғы алынды.

2020-2021 жылдары жаман тұмау өршіген тұста компания өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының үздіксіз жұмыс істеуіне айтарлықтай қолғабы­сын тигізді. Әлеуметтік жауап­кер­­шілікті жақсы сезін­ген ұжым техникамен қатар, ма­териал­­дық көмек те көрсетті.

Компания еңбекті қорғау мәсе­лесін назардан тыс қал­дыр­майды. Кәсіпорын жұмыс­­шылары әлеуметтік жағы­нан толық қамтамасыз етілген. Алғашқы кезеңде 77 адам, қазір 175 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Әрбір жұмысшымен жеке келісім­шарт жасалады. Онда тегін медициналық қызмет көрсету, денсаулығын қадағалау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көрсетілген. Жұмысшылар тегін тамақтанады, жұмыс орнына компания көлігімен тасымалданады.

Тағы бір жақсылығы – жергілікті кәсіби білім беретін оқу орындарымен байланысын нығайтқан. Жас мамандарды тәжірибеден өткізіп, тұрақты жұмысқа орналасу мәселесін де шешеді.

Бейнеті бес батпан дала жұмыстарының бел ортасында жүрген диқан қауымының  ең басты тілегі – бес қаруының сай болуы. Оның бірі әрі бірегейі – сапалы техника. Қалғаны ортақ іске деген ынта-ықылас. Ырыздық жолындағы қалың қауымды заманауи техникамен қаруландырып отырған кәсіпорынның оң ісі атап айтуға тұрарлық.

 

Көкшетау